Тегін дүкен ашты

Уақыты: 29.01.2018
Оқылды: 2352
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жазиралы Жаркенттен алғаш болып тұрмысы төмен, көп балалы, аз қамтылған отбасылар үшін тегін киім дүкенін ашқан жігіттердің жасап жатқан жақсылықтары ешкімді бей-жай қалдырмасы хақ.

Көп түкірсе көл болмай ма?! Әлеуметтік желіде @jarkent_help деген аккаунт арқылы көмек қолын ұсынамын дегендерге мүмкіндік жасай отырып, мұқтаж отбасылардың кейбіріне 1-2 тоннадан көмір түсіріп, енді біріне қаржылай, енді біреулерді киім-кешекпен қамтамасыз ету арқылы игі істерді атқарып жатқан олар әрбір істеріне, әрбір жұмсалған қаржыға есеп беріп отырады.
Жақсылықты шын жүрекпен жасай алатын, осындай игі істің ұйымдастырушылардың бірі Дильшат Адхамовпен сөйлесудің сәті түсті. Ең бірінші, әрине, Жаркент қаласындағы «Ковчег» тегін киім-кешек дүкенінің ашылу тарихы мен үшін қызық болды. Жас кәсіпкер өзінің достарымен бірлесе отырып осындай байламға келгенін айтты. «Біз достарымызбен жиі кездесіп тұрамыз. Әрбір кездескен сайын ақшамыз да ішіп-жеммен кетіп жатыр. «Одан да ай сайын сол ақшаны жинап, мұқтаж жандарға көмектесіп отырсақ қайтеді?» – деген ойға келдік бір күні. Оның үстіне ұлтына, дініне, тіліне қарамастан елге жақсылық жасап, қол ұшын беру әрбіріміздің арманымыз болатын. Бастапқыда мың теңгеден жинап, өз жақындарымыздың арасындағы жағдайы төмендеу туыстарымызға апарып бердік. Кейіннен он мыңнан. Осылай, осылай жалғаса берді. Бір күні «Whats Up» желісі арқылы Өжет елді мекенінен мұқтаж жандарға арналған тегін киім-кешек дүкені ашылғаны жайлы бір бейнежазба келіп түсті. Осы жазбаның өзі біздерге ой салып, арамыздағы Рустам есімді досымыз өзіне тиесілі «АРС» дүкенінің жертөлесіне шағын жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қолдануымызды ұсынды. Осылайша, көпшіліктің көмегінің арқасында «Ковчег» дүкені ашылды» – дейді Дильшат.
Бұл істе, әрине, Дильшат жалғыз емес.  Өзінің достары және көптеген қайырымды жандар бар. Дәл осы тұста, қайырымдылық жасауда зор үлесін қосып келе жатқан жаны жайсаң, абзал жан Жақангер Мұратованы айтпай кеткеніміз жарамас. Жақсылық жасауға тырысып жүрген жігіттердің әрекетіне жайбарақат қарап отыра алмаған Жақангер Ахатқызы хабарласып, үлкен қаптармен азық-түлік алып берген. Ж. Ахатқызы бұдан бөлек көпшілікке жар салмай көптеген жақсылықтар жасап жүрген азаматша.
Иә, жаркенттік қайырымды жандар қолдарынан келгенше аянбай, мүмкіндігінше молынан көмектесе беретіндіктерін айтты. Сөз соңында жас та болса бас болуға жарап жүрген сондай ширақ та үлгілі азаматтар жастардың еңбекқор болғанын қалайтынын, сондай-ақ, ел-жұртымыз аман, заманымыз тыныш болуын тілейтінін жеткізді. Ләйім, солай болғай.

Тоғжан НҰРҒАЛИҚЫЗЫ
Жаркент қаласы