Бүгін Бейсен Құранбектің туған күні

Уақыты: 09.12.2023
Оқылды: 2412
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Осыған орай бүгін Талдықорғанда бұқаралық ақпарат құралдары арасында шағын футболдан белгілі журналист Бейсен Құранбекті еске алуға арналған турнир өттіОсы орайда Жұматай Оспанұлының "Бөлек болмыс" атты мақаласын назарларыңызға ұсынамыз. 

«ЖҰМАДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ» һәм «ТАҚИЯЛЫ ПЕРІШТЕ»

Ол кезде Талдықорған бүгінгісінен әлдеқайда кішкентай болатын. 6, 7, 8, 9 шағынаудандар әлі бой көтермеген. Жастар спорт сарайы, Оқушылар сарайы, «Жетісу Медиа» орталығы, Жастарға қызмет көрсету орталығы, 16 қабатты «Көктем-гранд» қонақүйі, театрдың жаңа ғимараты, Салтанат сарайы атымен жоқ кез. Алматыға шыға берістен күре жолдың оң жағы Өтенай ауылы болатын да, ары қарай «Жастар-1», «Жастар-2», «Ынтымақ» шағынаудандары мен коттеджді қалашықтың қазығы да қағылмаған кең жатқан алқап болатын. Осы айтылғандардың ешқайсысы жоқ кішкентай қалада «үлкен Жұматай» болып жүрген кезім. Бір күні: «Жетісу» телеарнасына жаңа басшы келіпті. Президент баспасөзінде істеген өзіміздің жерлесіміз Бейсен Құранбек деген жігіт екен. Облыс әкімі арнайы шақыртыпты» деген әңгімеден Бейсағамның біраз жер шалып, ел таныған жан екенін болжау қиын емес еді. Құттықтап, танысып шығам дегенше аудандарға іссапарға шығып кетіп, аптадай уақыт аунап өте шықты. Сол аралықта телеарнада қызмет етіп жүрген Жұмахмет ағам: «Бейсекеңмен таныстырайын, өзі де елдің алдында жүрген азаматтар жайлы сұрап жатыр», – деп хабарласты. Бірден бардым. Кабинетіне кіріп,  танысып, жөн сұрасып, біраз әңгімелестік. Осы сәт менің көңіл төріме Бейсен Құранбек деген есімді бірден шығарды. Арада көп уақыт өтпей Бейсағаң өзі шақырды. Амандасудан кейін созбақтатпай: «Әй, батыр, сен жайлы айналаңдағы ағаларыңнан біраз жағымды әңгімелер естідім. Ақындығың, асабалығың, газеттегі шығармашылығың туралы айтылған жақсы сөздерді қорыта келе, мен де саған бір ұсыныс айтайын. Телеарна бұл журналистиканың ғаламат саласының бірі ғой. Басқасын айтпағанның өзінде елге тез танылуыңа үлкен мүмкіндік. Былай істейік, өзің де танылып қалған журналист, ақын, асабасың. Мен мұның ауқымын кеңейтейін. Жұма күні туғаныңды атың айтып тұр. «Жұмадағы жүздесу» деген хабар ашып берейін. Атына қарап ойлап қалма, тек қана дін тақырыбы емес, жан-жақты қамтылған хабар болуы керек. Бағдарламаға келетін кейіпкерің әр саладан болсын. Сонда өзіңді жан-жақты жетілдіріп отырасың», – деп бағыт-бағдарын берді де сол аптадағы жұма күні алғашқы хабарым шығатынын ескертті. Сөйтіп, жаныма жақын өнер  адамдарынан бастап, сан түрлі саладағы әрқилы кейіпкерлермен жұма сайын жүздесіп отырдым. Бір күні Бейсағам: «Әй, батыр, біраз төселіп қалдың. Енді мен сенің жүгіңді ауырлатайын. Айналамызда жүрген жақсы адамдарды да ұмытпайық. Ол кісілерді де елмен дидарластырып тұрайық. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегізбей, ортамызда жүрген ақсақалымыз Әлімғазы атаны пайдаланамыз», – деп енді өнегелі отбасыларға арналған «Тақиялы періште» хабарын тапсырды. Ол хабар «Тақиялы періште» фильмінің бас кейіпкері Әлімғазы атамыздың қатысуымен өтетін болды. Тың идея, әдемі ұсыныспен екінші хабардың жүргізушісі болып шыға келдім. Әлімғазы атаммен бірге бірнеше хабар түсірдім. Міне, осылайша Бейсағамның қолдауымен қолымнан келгенше телеарнада екі бағдарлама жүргіздім. Бейсағам айтқандай танымалдық аумағым кеңіді. Газет жұмысымен аудандарға іссапарға барсам, кейбір оқырман: «Сіз телеарнада да істейсіз ғой. Хабарыңызды көріп тұрамыз», – деп мені телеарна қызметкері ретінде танып жатты.

Қазір сол күндердің бәрі естелік болып қана қалды, Бейсаға. Менің көңіл төрімде сол ең алғаш Жұмахмет ағам кабинетіңізге ертіп барғанда: «Кел, батыр» деп аңқылдай қарсы алған  бейнеңізбен қалдыңыз. Ескі күндерді еске алып, бүгінгі туған күніңізде сіз жайлы жып-жылы естелігімді жазғым келді.

ӨТКІЗЕТІН ТОЙЫМЫЗ КӨП ЕДІ ҒОЙ, БЕЙСАҒА!

Әй, батыр, жүр кабинетке. Екеуміз ақылдасып, бір той өткізіп жіберейік. Ағамды Мәскеуден алып келдім. Тағы бір емін алды. Қазір өзін жақсы сезініп жүр. Осы көңілді сәтін пайдаланып, бір той жасап беру керек. Ертең алай-бұлай болып кетсе: «Көзінің тірісінде бір тойын жасап бере алмағанымызға  өкініп жүрмейік, – деп «Жетісу-Медиа» ғимаратының алдынан мені ертіп, кабинетіне қарай келе жатып, екеуміз өткізетін тойдың жайын айтып үлгерді. Кеудесін тік ұстап, алшаң басқан жүрісімен әне-міне дегенше кабинетіне де кірдік.

Кел, батыр, отыр. Біздің әулетті жақсы білесің. Біраз қуанышымыздың тізгінін өзің ұстадың ғой, осы жолы да саған қолқа салайын деп тұрмын. Той көкемдікі болғанымен «Анаға құрметті» көрсетуіміз керек. Көкем мен тәтем қонақтардың арасында жүре береді ғой. Төрде шешем үлкендермен отырады. (Өзі шал-кемпірге табиғы болғандықтан  шешем деп отырғаны әжесі еді). Сенің тарапыңнан негізгі ықыластың бәрі шешеме болсын. Жетпіс жылдық жайлы қонақтар айта берер. Бұйырса, түскі бірде бастаймыз, бес жарым, алтыларда аяқтаймыз. Өзің де шаршамайсың, өзгелерді  де шаршатпаймыз», – деп тойдың жобасын түсіндіре келіп: «Азғантай ақпарат бергенім ғой. Әйтпесе, саған той басқаруды үйретейін деген ойымда жоқ»  деп сөзін аяқтап, Абай ағамыз жайлы біраз әңгіме өрбітті. Бірер мәрте Мәскеуге апарып келгенін, алған емінің нәтижесі жақсы болғанын айтып, өзі де ерекше көңіл күйде отырды.

Мерзімді күн келіп, тойымыз уақытында басталды. Әжемізді таққа отырғызып, немерелері көтеріп кірді той залына. Абай ағам мен Ямалиға тәтем соңынан еріп отырып, төрдегі дастарқанға әжемізді жайғастырып, өздері Бейсағам айтқандай қонақтардың арасында жүрді. Шыны керек, сол той менің де ерекше шабыттанған күнім болды. Бейсекең айтса, сыйластықтың көрінісін көрсетіп, Алматыдағы танымал әншілер де жапырыла көшіп келер еді. Талдықорған төріндегі әнші-бишілер де бірауыз сөзін жерге тастамай тайлы-таяғы қалмайтыны да ақиқат. Бірақ, Бейсағам өйтпеді. «Олай етсем, мен өзімді жарнамалағандай болам. Оданда осындағы үш-төрт іні-қарындасыма айтайын, сол да жетеді. Ар жағын өзің қатырасың, батыр», – деген сөзінде тұрды. Бейбіт  Мұсаев бастаған, Дамир, Әліби інілері мен Гүлнұр қарындасы тойды дәстүрлі ән мен күйдің ауанында тербетіп отырды. Поззия да оқылды, би де биленді. Әсерлі әңгіме мен әдемі әзіл үйлесім тапқан той болды.

Ал қазір сол бір әсері бөлек әдемі күн жалғанның парағымен жабылып, сағынышқа айналды. «Көкемнің көзінің тірісінде бір той жасап бермей, өтіп кетсе өкініп жүрмейін» деген Бейсағамның өзі әкесі мен анасынан бұрын кетіп қалды. Жалған-ай десеңізші?! Кәрі кете ме, жас өте ме? Бәрі Лаухулмаһфуздағы тағдыр тақтасына әу баста жазылып қойған ғой. Өтпелі уақыт, өлшеулі өмір. Аунаған бұлттай кімнің басынан қай күні ауа көшетінін пенде баласы қайдан білсін. Әйтпесе, Бейсағам мәңгі өмірге осы жаста өте қоятын жан ба еді? Бергенінен берері, көргенінен көрері көп емес пе еді?! Жалған дүние-ай! Екеуміздің өткізетін тойымыз көп еді ғой, Бейсаға. Әжеміздің ғасыр тойында тік тұрып қызмет етеміз деп уәделесіп едік қой! Сіз ұйымдастырушысы, мен тізгіншісі боламыз деп едік қой сол тойда да. Ойда жоқта сыр берген сырқаттың бірден өршіп, өмір-керуеніңізді ерте тоқтатады деген кімнің ойында болды десеңізші?! Қырқыңызды берейін деп жатқанда қазақтың маңдайына өзіңіздей ай маңдай ұлды сыйлаған аяулы ана жүрегі мәңгілікке дамылдады. Сізді қимай-қимай қара жердің қойнына табыстағаннан кейін төрт ай өткенде асқар тау әкеңіз де қасыңызға барып, кішкентай ғана төмпешікке айналды. Біріңіздің артыңыздан біріңіз ілесіп кете қалғандарыңыз-ай! Жылағанды жұбатып, құлағанды сүйеймін деп жүріп, өзіңізге қарамапсыз. Бір кем дүние... «Орнында бар оңалар» деген елдің ұрпағымыз ғой. Артыңызда қалған асылдарыңызға Алланың берер жақсылығы таусылмай, көрер қызығы көп болсын! Шаңырағыңызды шайқап кеткен қайғының бұлтын сейілтетін тойдың дүбірі қайта жаңғырсыншы. Ұясынан ұшайын деп тұрған қарлығаштарыңызға Алла ұзақ ғұмыр берсе екен. Жағаңызды кірлетпеген, өзіңізді соңғы сәтке дейін «СІЗ» деп құрметтеген Гүлмира жеңешеме Алла ұзақ өмір нәсіп етсе екен. Ойда жоқта үзілген әннің жалғасын сол кісі айтса екен.

ЖҮЗ ЖЫЛ СОҚҚАН ЖҮРЕК

Ана құрсағындағы тоғыз айы мен жарық дүниенің жамалындағы тоқсан тоғыз жылын есептегенде ғасыр-ғұмыр кешкен сүйегі асыл ана мәңгілік мекеніне аттанды. Қазақ ұлтының маңдайына берген Бейсендей алтын айдар ұлды төрт айынан құшағын ашып, бауырына басып тәрбиелеген, Құранбек қарияның келіні болып, ақ босағасын аттаған сәттен өмірінің соңына дейін құдай қосқан қосағы Жанысбек ақсақалдың шаңырағын шайқалтпай, отбасының жылуы болған Шәкәрман апа шынымен де сүйегі асыл, тегі мықты, төзімі берік жан еді. Бейсағаң ең алғаш Талдықорғанға келіп, «Жетісу» телеарнасында еңбек ете бастаған жылдардан аяулы апамның талай мәрте батасын алып, мазмұнды да ғибратты әңгімесіне қанып, қараңғы кеудемізге иманның шамын жағып қайтатынбыз. Бейсағаңның арғы атасының аты бекер Құранбек қойылмаса керек. Құранбек ақсақалдың әулетіне келген кезінен бастап Құран жаттап, имандылықтың бастауынан нәр алған апамның өмірінің жетпіс жылға жуығында бес уақыт намазын қаза қылмағанын әсерлі әңгімесінен сан рет естігенбіз. Алла алдындағы парызына адалдық танытқан аяулы ананың алдынан жарылқасын.

«Тіршілігің алдыңа шықса – құлшылығың қаза болады. Құлшылығың алдыңа шықса – тіршілігің таза болады!». Бұл – Шәкарман апамның өмірлік қағидасы. Олай дейтінім, тоқсаннан асқан шағында тайып кетіп, бір жамбасын сындырып алады. Төсек тартып жатқан кісінің мазасын алмай, Бейсағаңнан апамның көңілін сұрағанда: «Апаң Құдайына берілген жан ғой. Намазын жатып-ақ оқып жатыр. «Алдымен жазылып алсаңшы, апоу», – десек, «Құдайдан ұят емес пе?» деп қоймайды», – деген еді. Осыны естігенде апамның шынымен тақуалығына көз жеткіздім. Қасиетті Құранда: «Солар Алланы түрегеп тұрып, отырған күйі және жамбастап жатып еске алады, әрі аспандардың және жердің жаратылуы жайында ойланып: «Раббымыз! Сен бұны босқа жаратпадың! Сен барлық кемшіліктен пәксің!», – деген аят бар (Әл-Имран, 191-аят). Ғалымдар осы аяттың тәпсірінде:  «Тұрып оқи алмасаң, отырып оқы. Оған шамаң келмесе жатып оқы. Тіпті, ол қиындық туғызса көзіңмен ишара жасап оқы», – деп қандай жағдайда да құлшылықты ауырлатпаудың және қаза қылмаудың жолын қарастырған. Шәкәрман апам осы аятқа амал жасаған иманы қуатты, дидары шуақты жан еді. Әңгімесі әсерлі, әзілі әдемі еді жарықтықтың. Бейсағаң ауызашарға шақырып, біраз адам дастарқанда әртүрлі әңгіме айтып отырғанбыз. Сөзден сөз шығып, менің жиен қарындасым Жалайырдың Мырзасына келін болғаны айтылды. Әңгімемнің аяғын апама әзілдеген болып: «Апа, сіз маған құдағи боласыз», – деп ауыз жиып болғанша, сәл ғана жымиған апам: «Қателескен жоқсың ба, бәлкім құдаша болармын», – дегенде апамнан мұндай әзіл күтпеген мен де, отырған ел де қыран- топан күлкіге қарық болдық. Сол күннен бастап ол кісі маған «құдаша-апа» болды.

Осыдан сегіз жыл бұрын анам өмірден өтті. Қырық күндік асына қамданып жатырмыз. Бір күн қалғанда Бейсағам хабарласып: «Әй, батыр, аға-жеңге, әпке-жезделерің бәрі келді ме? Бүгін кешке үйге келіңдер, жеңешең ас-суын қамдап жатыр, жұбатар шайға келіп, апамның батасын алып қайтыңдар» деп, менің: «бәріміз барғанымыз ыңғайсыз ғой» деген сөзімді керек те қылған жоқ. Кешке күтетінін айтты да телефонын қоя салды. Өзім жиі барып, дәм татып жүрген үй болған соң аса білінген жоқ. Аға, әпкелерім кәдімгіндей толқып қалды. Сол кездегі «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізушісі, танымал тұлға қарапайым отбасындағы (көбі ауылдан келген), өмірінде көрмеген жандарды шақырып жатқаны қатты әсер етті. «Топырлап барғанымыз ұят емес пе? Үш-төртеуіміз ғана барайық. Әй, бәрімізді түгел шақырған соң  бармасақ ұят болар». Әп-сәтте үйде осындай әңгіме айтылып, абыр-сабыр болдық та қалдық. Сөйтіп, кеңесе келе жетеуімізден (жұбымызбен есептегендегі он төрт адамнан) ағамды, әпке-жезделерімді ертіп, онымыз бардық».  Апамыз төрде отырып, батасын берді. Әдемі әңгімесін айтты. Анамызға деген сағыныш жүрегімізді толқытып, апамыздың әңгімесі шалқытып, Гүлмира жеңешемнен «қуыс үйден құры шықпа» деп дайындаған сый-сияпатымызды алып, құдды жұбату шайдан емес, құдалықтан шыққандай қайттық. Біздің әулетімізбен бас қоса қалғанда осы көріністі жиі еске аламыз.

Бірде апама «Сіз жүз жасаңызшы, апа!» деген өлең жазып, әдемілеп ою-өрнекті қазағазға шығарып апардым да, оқып бердім. Апам мәз. Маңдайымнан иіскеп, батасын берді. Біздің үйдегі келіні Лаура басына жаулығын салып, жылы жүріңіз деп тоқыма жемпірін кигізді. «Неге әуіре болдыңдар, шырақтарым», – дейді. «Батаның жолы ғой, апа», – деймін өзімше сөз тапқан болып. Енді, міне, сол күннің бәрі естен кетпес естелікке айналып қала берді. Арада бірер жыл өткенде апаммен әңгімелесіп отырмын. Бір уақытта Бейсағам әлгі өлеңді алып, апама оқып берді де: «Әй, батыр, апамның денсаулығына қараймын да, сенің өлеңіңе қарап, уайымдап қаламын. Осы денсаулығымен апам жүзден асса, мына өлеңді қайтеміз», – дейді қалжыңдап. «Апамның 100 жылдық тойына қам-қарекет жасап жатқанда ұрлап кетемін де, «Сіз жүзден асыңызшы, апа!» деп түзетіп әкелемін», – деп бір күліп алғанбыз. Жалған дүние-ай десеңізші?! Бейсағам да жоқ! Апам да кетті өмірден! Бір кем дүние!..

Әжімінің өзі әдемі, сүйегі асыл ана бір жылда қос перзентінен, аяулы келінінен айырылды. Бейсағаңның сырқаты сыр беріп, Алматыға кеткенде Қызылжардағы қара шаңырағына барған. Жанары тұманданып, бойынан әл кете бастаған соң Бейсенінің қазасын естіртпепті. «Бейсенім қайда? Неге келмей кетті», – деп ана көңіл алаңдап іздеген екен. Бір ғана жауап: «Іссапарға кетті, Астанаға кетті, Алматыға кетті!». Жүз жыл соққан жүрекке ауыр болмасын деп Абай аға мен Ямалиға анамыздың да қазасы айтылмапты. Апамыз қайтқан күні көңіл айтуға ауылға бардық. Немерелерімен әңгімелесіп тұрмыз. Тақырып апамыз жайлы болғандықтан балаларының қазасын естіді ме екен деген сұрағымызды қойдық. Ана жүрегі сезбей қойсын ба?! Бәлкім түсінде көрді ме екен? «Анық түс аян» деп жатады ғой. Бір күні апам: «Абай мен Ямалиғаны қайда қойдыңдар», – деп балаларынан сұрапты. Алла өзінің назары ауған анаға сездірді ме екен, кім білсін?! Көңіл толқыды. Апам нашарлағаннан кейін бала-шағалары бәрі жиналып, қазақтың ғана ұғымына сиятын «Апа, қидым, апа қидым» дегенді айтыпты. Қатты қиналғандай болғанда Бейсенін күтіп жатыр ма екен деген үлкендері естіртейік деп шешіпті. Содан көзінің ағы мен қарасындай болған аяулы перзентінің өмірден өтіп кеткенін кесіп айта салмай: «Бейсеніңіз шақырып жатса, барыңыз. Біз қидық», – депті. Сол сәтте Бейсенінен де айырылғанына көзі жеткен ананың жанарынан төмен қарай сырғанаған жаспен бірге демі де үзіліпті.

Аяулы ана! Ес білгеннен Алласын есінен шағырмай, тіпті, намаз оқи алмай қалған сәтте бетін сипай бергенінің өзі жасап жатқан құлшылығы емес пе?! Жүрегі иманға толы асыл жанды мейірімді Жаратушымыз панасына алса екен. Мәңгі өмірге өзінен бұрын кеткен жан жары Жанысбек атамызбен, ардақты ұлы Абаймен, алдынан қия өтпеген келіні  Ямалиғамен, ұлтының перзентіне айналған Бейсенімен, болмысы Абай әкесінен аумай қалған, кеудесін керіп тастап, жымиып қана жүретін, ойда жоқта жарық дүниенің жамалынан көшкен немересі Үсенмен жұмақтың бақшасында жүздесуді нәсіп етсін, мейірімді Алла!

Бүгін Бейсағамның өмірден өткеніне екі жыл. Кеше жұманың таңында ертерек жұмысқа келіп, Ришад досым екеуміз Бейсағаң жатқан рухтар мекенін бетке алдық. Зираттар қоршалған темір қоршаудың есігін ашып, аруақтар ауылына кіріп, қорымның шетінде қатар-қатар қойылған белгітасқа жақын келдік. Көңіл толқыды, көзге жас үйірілді. Абай әкеміз бен Ямалиға анамыз, Бейсағам мен өкшебасар інісі Үсен бауырымыз қаз-қатар жатыр. Ришад екеуіміз тас белгілерге қарап біраз отырып, марқұмдарды еске алдық. Бірдеңе айтқымыз келгенмен сөзіміз келте қайырыла берді. Сөйтсек қабірстан үнсіз ғана ғибрат алатын мекен екен ғой. Төбемізбен көк тірегендей алшаң басып жүргенімізбен күніміз жеткенде біз де осындай төбенің етегінде төмпешік болып қала беретінімізді ұғындық. Бір уыс топырақтан алып, жеңіл болсын деп, шетіне қарай себезгілете тастадық та, тірілердің тірлігімен рухтарына Құран кәрімнің аяттарын оқып, дұғамызды жасадық. Алла мәңгілік мекендеріңізде мейірім-шапағатына бөлесін, ардақты әке, аяулы ана, қимас аға, ақкөңіл бауыр!