КӨҢІЛ ТЕРБЕТКЕН КЕШ

Уақыты: 25.05.2018
Оқылды: 1407
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

    Аристотель өзінің бір еңбегінде: «Музыканың шын мәнінде біздің жан дүниемізді толқытып, көңілімізді көтеруге құдіреті әбден жетеді», – деп тәпсірлейді. Айтқандай-ақ, қазақтың ескі әндеріне құлақ түрсеңіз бойыңызға күш бітіп, көңіліңіз бір шалқып қалатындай. Ғылыми түрде дәлелденген дүниеге облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншісі Әсем Айнақұлованың «Әсем әнім» атты шығармашылық кешінде тағы бір көзіміз жетті.

 

    Ән кеші талай дүлдүлдердің бағын ашқан І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Анасы Ұлжан Айнақұлованың жолын жалғаған Әсем қыз көрермендерді жаңа әндерімен тәнті қылды. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» туындысымен кеш шымылдығын ашқан өнерпаз бірден көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Халық әндерін нақышына келтіріп орындап, өнер айдынында өз жолы бар екендігін көпке көрсетті.
   Шараны елге танымал әртіс Алмат Сақатов жүргізді. Ол кешті әзілмен әрлеп, тыңдармандарға ерекше көңіл-күй сыйлады.  Кеш қонақтары “ВИА” ансамблі жанды дауыста ән шырқаса, «Алтынай» мемлекеттік халық-би ансамблі биден тарту тартты. Өнердегі әріптестері Айдын мен Келбет дуэті де қолдау көрсетіп, жеке репертуарларындағы жаңа  әндерінің тұсауын кесті.
   Алматыдан ат терлетіп келген «Керемет» театрының көрінісі жиылған қауымның жүздеріне күлкі ұялатты. Сондай-ақ, Ұлжан, Әсем Айнақұловалар бірлесіп «Жан ана» әнің орындағанда залда отырған көрермендер тік тұрып қол соқты.
   Ән мен әзілге толы керемет кештің соңында Әсем Айнақұловаға облыстық Сүйінбай атындағы  филармонияның директоры Данияр Құрамысов облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиевтің Алғыс хатын тапсырды.

Мұхтар КҮМІСБЕК.