Ғалымның жаққан шырағы

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1640
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адам үлкендердің батасымен өсіп-өніп, өз орнын тауып, абыройлы болатыны – өмір заңдылығы. Әсіресе, атасы мен әжесінің ақ көңілі, пейіл-шуағына шомылған баланы Тәңірдің өзі қолдап жатады. «Екі қарияның қасында өскен бала дана болады, екі баланың қасындағы қария бала болады» деген сөз де осыны дәлелдейтіндей.  І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру офисінің директоры, психология ғылымдарының докторы, профессор Хапиза Наубаева да атасының ықыласына бөленіп өскен жан. 

Атасының қызы

Бауырына басқан үлкен немересінің есімін Хапиза деп те Байболат атаның өзі қойған. Әжесінің есімі Қазиза болған еді. Бірақ 37 мүшел жасында өмірден ерте кетіпті. Көп адамдар Қазиза әжеге көз тиген деседі. Ол кісі табиғатынан жаны да, келбеті де үйлесім тапқан ажарлы болыпты. Әжесінің есімін қоя тұрып, жасамаған жасын жасасын, әдемі, ақылды болсын деп ырымдаған екен. Ақ тілектің әсері ме, Хапиза бала күнінен білімге құштар болып өсті. Оның әрбір қадамына қуана қарап отыратын Байболат атасы бетінен қақпай, еркелетіп өсірді. Барлық талап-тілегін орындады. Атасы туралы еске алғанда Хапиза Тәңірбергенқызы:
– Баланың ең үлкені болғандықтан атамның қызы болып өстім. Балалық еркелігімді жақтаушы менің тірегім  – Байболат атам болатын. Өмірде әкемді «көке», анамды «тәте» деп атайтынмын. Анамның айтқан тілін алмаған кездерімде атамның артына тығылып, жазасынан оңай құтылып кетуші едім. Байболат атам жалғанда жаратқаннан жалбарынып сұраған жалғыз ұлының балаларын қызғыш құстай қорып, әрбір қадамына баладай қуанып отыратын. Атамыз балажан, еңбекқор, әңгімешіл, ұқыпты адам еді. Атамның артынан қалмай, қайда барса да ілесе жүріп, туыс-жекжаттарды аралап, үлкендердің үлгі-өнегесін, ғибратты әңгімелерін көкейіме түйіп өстім, – деп тебірене әңгімесін сабақтайды.
Есті қыз атамның еркесімін деп шолжаңдап кеткен жоқ. Керісінше, өсе келе анасына қолғанат болды. Артынан ерген іні-сіңлілерін жетелеп, ойнатып, үсті-бастарын тазалап, тамақтарын беріп, мейлінше қамқор, бауырмал болып өсті.  Туған әкесі Тәңірберген Мәмековтен алған үлгі-өнегесі де мол.  Ол кісі өмірде көрген, тіршілікте көкейге түйгенін қағаз бетіне түсіріп, ұрпағына аманат етіп қалдыруды ұлы мақсаты санаған жан еді. Өмірінің әрбір сәтінен хабардар етіп, балалары мен немерелеріне өсиет ретінде жазып кеткен әкенің әрбір сөзі бүгінде ұрпағы үшін ең құнды дүние. Қалдырған осынау мұрасын балалары әспеттеп, ардақ тұтып, жинақ етіп шығарды. Әкенің тек балалары ғана емес, жасөспірімдер мен жас келіндер біле жүрсін деп айтқан ғибратты сөздері баға жетпес байлық іспетті. Тіпті, қағаз бетіне қалдырған қолжазбалары жауқазындай жайқалып, өсіп келе жатқан жас толқынның күнделікті қолданатын оқу құралы тәріздес деп айтсақ артық болмайды. Әр сөздің астарынан асқан данышпандық, көсем көрегендік, шешен білгірлік байқалады. Қалам ұстап, ұстаздық етпесе де бала тәрбиесіне аса зор мән берген әкенің осындай асыл сөздер жазып қалдырғанынан жан дүниесінің байлығын, тереңдігін танимыз. Өзінің даналық сөздерін ұқыптылықпен жазып, сақтап қойғанына қарағанда, өз өмірінің сәулелі шақтарынан сыр шерткен күнделік беттерін ұрпақтары ашып оқыса, өміріне сәл де болса  ғибрат алса деген тілегі болғаны даусыз. 
Тәңірберген Байболатұлы өз күнделігінде: «Күнделікті жазудағы мақсатым – өз болмысымды мақтан етіп, елдің аузында қалу емес, көрген-білгенімді еш боямасыз жазып, ұрпақтарыма естелік қалдырғым келеді», – деп жазған екен. Абзал әкенің ізгі тілегі бүгінде орындалды да. 
«Ұлды әкесіне, қызды шешесіне қарап таны» демекші, Хапиза Тәңірбергенқызының тәлім-тәрбиесінде анасының сіңірген еңбегі зор. Анасы Нұрғалипа Бейсенбіқызы көп сөйлемейтін, бірақ көп іс тындыратын еңбекқор, сабырлы, салиқалы жан еді. Шиеттей бала-шағаның күнделікті тамағы, жуылатын киім-кешегі, үйдің ішкі-сыртқы тазалығы, күтімді керек ететін қарт атасы, оның сыртында мал-жаны бар-тұғын. Таң азанмен тұрып, үйдегі «орыс» пешіне он екі бөлке нан жабатын. Көктем, жаз, күз айларында тоған тазалығы, қант қызылшасын баптап күту сияқты ауылшаруашылығының жұмыстарынан да қалған жан емес. Күнделікті күйбең тіршілікте Байболат атаның уақытында тамағын беріп, жарының да қас-қабағына қарап, сөзін екі етпеген анасының әр ісінен балалары өнеге алып, жақсы қасиеттерін бойларына сіңіріп өсті.  Асыл ананың осы бір қасиеті бүгінгі жастарға үлгі-өнеге. Өйткені, бұрынғының сарқыты аналарымыздай қайын атасына, енесіне өз қамқорлығын көрсетіп, өмірден өткенше күтіп-бағатын келіндер бүгінде некен-саяқ. 

Психология профессоры

Көксу ауданы, Алғабас ауылдық округына қарасты Қызылтоған ауылының киелі топырағында туып, ата-ананың ақ пейіліне шомылып өскен Хапиза Тәңірбергенқызы 1975 жылы Талдықорған қаласындағы №1 қазақ орта мектеп-интернатын үздік аяқтап, Талдықорған педагогикалық институтының физика-математика, филология факультеттерін және психология мамандығы негізінде аспирантурасын тамамдады. 1995 жылы Талдықорған педагогикалық институтының  «Педагогика және психология» кафедрасына оқытушы қызметіне жұмысқа қабылданып, «Жалпы педагогика, педагогика тарихы» мамандығы негізінде аспирантурада білім алды.
Терең ізденіс пен еңбекті өмірлік мақсатына айналдырған Хапиза Тәңірбергенқызы 1999 жылы Тараз қаласында «Мектеп жасына дейінгі балалардың өзара бірлесіп атқаратын іс-әрекеттерін гумандық негізде жүзеге асыру» атты тақырыпта жалпы педагогикадан ғылыми диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Білімін жетілдіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде докторантурада оқиды. Одан кейінгі жылдары педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады.  
2004 жылы педагогика мамандығы бойынша  доцент  ғылыми атағы беріледі. Педагогикамен қатар ел өміріне жаңадан еніп жатқан психология саласын зерттеуді де қолға алған ғалым-ұстаз 2008 жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің педагогика және психология факультетінің деканы қызметіне тағайындалады. 
Жаңашылдыққа жаны құштар, ізденуден талмайтын Хапиза Тәңірбергенқызы университет ректоры тағайындаған  «Инновация – 2010» ғылыми жоба грантының иегері  атанады. Ғалым үшін жемісті болған осы 2010 жылы «Оқушылардың танымдық іс-әрекетін дамытуға этникалық қарым-қатынастың психологиялық әсері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғайды.  Білім және ғылым министрлігінің Жоғары аттестациялық  комиссиясының  шешімімен «Психология ғылымдарының докторы» ғылыми дәрежесі беріледі.
2012 жылы Германияның, Дюссельдорф қаласында «Білімді жетілдіру және ғылыми ақпараттық халықаралық  орталығында» өткізілген «Әлеуметтану ғылымдарындағы өлшеуді басқарудың өзекті мәселелері»  атты халықаралық семинарға қатысып, сертификат алады. Психология ғылымдарының докторы  Х. Наубаева Бельгия университетінің колледж кеңесінің шешімі негізінде профессор, доктор Фолькер Браунстың төрағалық етуімен белгіленген шарттарға сәйкес «психология профессоры» атағы беріледі. Соған сай оқу және зерттеу жұмыстарын өткізу құқықтары мен міндеттеріне ие болады.
Франция мемлекетінде, Париж қаласында «Дүниежүзілік ғылым, инженерия және технология академиясы» аралығында психология проблемалары бойынша ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, «Этникалық ерекшеліктерді зерттеу» атты тақырыпта баяндама жасап, ғылыми мақала «SKOPUS» бағдарламасына енгізіледі.
Ғалым-ұстаз 125-тен астам ғылыми мақаланың, сонымен қатар, 1 монография, 1 оқулық, 4 оқу құралы, 3 электрондық оқулық, 6 оқу-әдістемелік құралдардың және 1 естелік кітаптың авторы. Thomson Reuters  (ISI web of Knowledge Thomson Reuters)  ақпараттық базасында импакт-факторы бар халықаралық  ғылыми  журналда мақалалары жарияланған.
Ғылымда осындай жетістіктерімен танылған Хапиза Тәңірбергенқызы 2015 жылдың қаңтар айынан Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру және мамандарды қайта даярлау институты директоры қызметіне тағайындалды. 2018 жылы  аталған институт Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімі болып қайта ұйымдастырылды. Бүгінгі күні осы бөлімнің басшысы қызметін атқаруда. 
Адал адамның еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалмайтыны сөзсіз. Бұл орайда Х. Наубаеваның 2015 жылы  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №2 шешімімен «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталғанын, 2016 жылы «Қазақтың Ұлы тұлғасы Мұхамеджан Тынышпаевтың тарихи мұрасын зерттеуге үлес қосқаны үшін «Мұхамеджан Тынышпаевтың туғанына – 135 жыл»» медалінің иегері атанғанын мақтанышпен айтуға болады. Сондай-ақ, әр жылдарда жоғары білікті мамандар даярлау, жастарға білім және тәрбие беру ісіне сіңірген ұзақ жылғы қызметі үшін Алматы облысы  әкімінің Құрмет грамотасын, Білім және ғылым министрінің «Ғылым және білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін» «Қазақстан Республикасының  ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін иеленіп, Көксу ауданының мәдени іс-шараларына, қоғамдық істеріне белсене қатысқаны үшін Көксу ауданының Құрметті азаматы атанды. 

Берекелі шаңырақ

Хапиза Тәңірбергенқызының осынау жетістіктерге жетуінде өмірлік жолдасы Әбдіқадыр Наубаевтың да игі ықпалы мол.  Жолдасы Әбдіқадыр екеуі 1978 жылы отбасын құрды. Жас жұбайлар шаңырақ көтергенде Әбідақадырдың ата-анасы болмады. Ол отбасының кенже ұлы болатын. Ата-анасы өмірден ерте дүние салды. Сондықтан Хапизаның ата-анасы Әбдіқадырдың да әке-шешесіне айналды. Олар күйеубалаларын  туған балаларындай көрді. Әке барлық мәселені Әбдіқадырмен ақылдасып шешсе, енесі күйеу-баласына дәмділеп шайын беріп, бар сақтаған дәмді тағамдарын алдына тосты. 
– Әке-шешемнің шаңырағы Әбдіқадыр екеуімізді шаршағанда тыныштандыратын, береке-бірлікке шақыратын, көңіліміз жай табатын ең жылы ұямыз болды. Балалар кішкентай болғанда жазғы демалысында ауылға әке-шешемізге апарып тастайтынбыз. Қаладан келген немерелеріне бақша шөптететін, алма жинатқызып, оларды еңбекке баулитын. Балаларымыз бүгінгі күні: «Бізді жазда ауылға апарып тастаушы едіңіздер, енді өздеріңіздің немерелеріңізді демалыс уақыттарында қараңыздар», – деп тапсырма беріп жатады. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді»  деген қазақтың дана сөзінің өмірлік тәжірибемізде орындалып жатқанын айтқым келеді. Әбдіқадыр Мұханұлының қолдауы мен сенімі болмағанда мен қазіргі жетістіктерімнің тең жартысына ғана жетер ме едім немесе бұл жетістіктер болмас та ма еді?! «Әрбір мықты азаматтың артында оған сенетін бір әйел болады» дейді ғой, сол айтпақшы, әр жетістікке жеткен әйелдің де артында арқа сүйер азаматы тұрады. Себебі, сен сене алатын, саған сенетін екінші жартың болмаса, сенің өмірде тез құлап немесе құлдырап кетуің ықтимал. Ал еңбекқорлық, жауапкершілік ол әр адамға керек қасиеттердің бірі. Ол болмаса, әрине, ешқандай тірлік өнбейді, жемісін бермейді, – дейді Хапиза Тәңірбергенқызы жан сырымен бөлісіп.
Хапиза Наубаева өмірлік жолдасы Әбдіқадыр Наубаевпен бірге  Әсел, Айым және Олжас есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы да жоғары білімді, әртүрлі салада қызмет атқарып, еліміздің дамуына үлес қосуда. Хапиза Тәңірбергенқызы мен Әбдіқадыр Мұханұлы олардан тараған тәп-тәтті немерелерінің  бал қылығын тамашалауда.
Отбасында аяулы ана, асыл жар, сүйікті әже, қызметте бағындырған өзіндік шыңы, биігі бар ғалым ұстаз Хапиза Наубаева бүгінде 60 деген асқаралы жасқа қадам басып отыр. Өмірінің осынау шуақты сәтінде еңбегіне сай марапат пен ілтипатқа бөленіп, абыройы арта берсін дейміз.

Алма ЕСЕНБАЕВА