САЗ ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҒЫ

Уақыты: 19.06.2018
Оқылды: 1331
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

    Ән – адам жанымен егіз. Көңілің жабырқаған сәттерде жанға медет беріп, жүрек қылын шертеді. Кейде мағынасы мазмұнды, әуені қиялыңды алысқа жетелейтін әндерді тыңдай отырып, еріксіз ойға берілесің. Сондай туындыларды өмірге әкеліп, халқының құрмет-қошеметіне бөленіп жүрген композиторлардың бірі – Жетісу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Әли Алпысбаев. 

 

   Жақында Балпық би ауылы, Қадырғали Жалайыри атындағы қазақ орта мектеп-гимназияның акт залында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Әли Демегенұлының шығармашылығына арналған «Саз өнерінің саңлағы» атты әдеби-сазды кездесу кеші өтті. 
   Салтанатты жиынға белгілі дирижер Әли Алпысбаев бастаған облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, Көксу ауданының Құрметті азаматы Сайлаубай Бәзілұлы, аудан әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков, білім бөлімінің басшысы Тілеумұрат Сейтниязов және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. 
    Шара барысында мектеп оқушылары қазақтың ұлттық музыка әлемінде жаңа бір дәуірдің парағын ашқан Әли Демегенұлының өмірі мен шығармашылығы, өзіндік қайталанбас ерекшелігі жайлы баяндап, әндерін орындады. Сонымен қатар, кеште сазгердің өмірі мен қызмет жолы, музыкалық туындылары туралы мағлұмат беріліп, бейнефильм көрсетілді. Екі жарым сағатқа созылған кеште қонақтар мен мектеп оқушылары назарына композитордың достары, дарынды тұлғалар Әміре Әрін мен Сайлаубай Бәзілұлының өлеңдері оқылды. 
   Белгілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қызыққан мектеп оқушылары кештің басты қонақтарына көкейде жүрген сұрақтарын қойып, көңілге қонымды жауап ала білді. Сондай-ақ, облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның жезтаңдай әншілері Асылбек Тойлыбаев, Мәншүк Тұрсынғазықызы салтанатты жиынның сәнін келтіріп, көрерменге әдемі көңіл-күй сыйлады. Олар Әли Демегенұлының шығармалар жиынтығынан бірқатар ән орындады. 
   Жиын соңында кеш иесі Әміре Әріннің сөзіне жазылған өзінің әнін досымен бірлесіп шырқады.

Әлия ИМАНЖАНОВА