НҰРМОЛДАНЫҢ БАСТАМАСЫ

Уақыты: 25.06.2018
Оқылды: 1130
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
   Босағасына қарлығаш ұя салғанда самырсынның тамырындай білеуленген салалы саусағын көкке жайып ұлтын ұлықтайтын перзент тілеген. Сол ақ тілеулі пейілінің арқасында Нұрмолдадай арда азамат бесігінде түледі. Ол аңыз ғұмыр иесі болуымен қатар, ел үшін ерен еңбек етті. Екі мәрте Еңбек Ері атанды. Алаштың алыбына айналған сол текті тақыр жерге гүл өсіріп, көк майсаға айналдырғандай күрежолдың бойына Мұқыры атты ауыл салды. Жаңадан бой көтерген жас мекенге не керек еді? Әрине, өнер өрісін кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын рухани ошақтың іргесін көтеру қажет болды. Сол тұста елін ерекше сүйген арда азамат  Мұқыры театрының қабырғасын қалап, кейіннен оның «Халық театры» атағын алуға да ел алдындағы беделін салып, іскерлігін көрсеткен-ді. 
 

   ...Арада аттай тулап жылдар өтіп, Нұрмола Алдабергеновтің батасымен көктеген Мұқыры халық театры биыл 50 жасты еншіледі. Құрылғанына жарты ғасыр болған өнер ошағының мерейтойы киелі Көксу ауданының Мәдениет үйінде сәрсенбінің сәтті күні тойланды. 
   Талай тектіні түлеткен киелі мекенде өткен игі шараның шымылдығы Мұқыры халық театры жайлы арнайы түсірілген бейнефильм көрсетілімімен ашылды. Кеш тізгінін қолына алған ҚР Мәдениет қайраткері, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнердің» асқақ екенін ақық жырмен айшықтап, жарты ғасырдағы жеткен жетістігіне аз-кем тоқталып өтсе, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Әлімжанқызы: «Бүгінде киелі Жетісу жерінде бірнеше театр бар. Солардың арасындағы шоқтығы биігі – Мұқыры халық театры», – деп аталмыш өнер ошағының ел алдындағы абыройын айрықша атады.
   Өз кезегінде Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ ақжарма тілегін ақтарды. Жиналған жұрт алдында сөз алған ол, кезінде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған белгілі қоғам қайраткері Нұрмолда Алдабергеновтің өз қолымен құрған Мұқыры театрының өткені мен бүгініне кеңінен тоқталып, ондағы өнер саңлақтарының ұлт мәдениетінің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін ерекше атап өтіп, оларға алғыс жаудырды. Жылы лебіз білдіргеннен кейін театрда ұзақ жыл еңбек еткен ардагерлердің иығына шапан жауып, бүгінгі өнер саңлақтарын арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Жартығасырлық тойға шашу ретінде аудан әкімдігі атынан 200 000 теңгенің сертификатын табыстады. 
   Жергілікті халықтың ғана емес, кезі келгенде жетісулық жұртшылықты да өз өнерімен тәнті етіп жүрген театр саңлақтарына құрмет көрсетілгеннен кейін қазақ кино өнерінің майталманы, арда жұртына «Тақиялы періште» есімімен танылған Әлімғазы Райымбеков сөз алып, ақ батасын жаудырды. Сонымен қатар,   театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, танымал композитор Нури  Сүлейменов: 
– Театр  –  рухани қазына. Халық барда салт-дәстүр, ән мен күй, ұлттық өнердің ешқашан өзегі қуармайды. Сонау 1967 жылы құрылған  Мұқыры  театры қилы кезеңдерді бастан өткерді. Тіпті, кешегі тоқырау жылдарында мүлде тоқтап қалған еді. Кейін жергілікті өнерсүйер қауымның ұсынысымен аудан атқамінерлерінің жан-жақты қолдауында 2009 жылы қайта жанданды. Өткен жылғы шілде айында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оның құрамы кілең жастармен толығып, олар тағылымды  тың қойылымдарды жұрт назарына ұсына бастады. Мұндағы жас өнерпаздар өрелі өнерімен көпті сүйіндіріп келеді. Енді, міне, «Елу жылда ел жаңа» демекші, жартығасырлық мерейді атап өтер күнге жеттік. Жалпы бұл театр көптің көңілінен шығып, күткен үмітті ақтайды деп сенемін», – деп тебіренді..
   Көксулықтардың ғана емес, күллі көрермен қауымның, жетісулықтардың тойына ұласқан, нар тұлғалы Нұрмолданың ақ тілеуімен абыройы асқақтаған театрдың мерекелік кешінде Мұқыры халық театрының  режиссері Ұлан Ахметовтың сахналауымен драматург-жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтың  «Бес бойдаққа бір той» атты қойылым көрермен назарына ұсынылды. Комедия жанрында жазылғанымен астарында ащы шындық жасырынған ғажайып қойылымнан кейін зерделі қауым көңіл көкжиегі кеңейгендей өнер мен рух, театр тойынан қуанышпен тарқасты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.