Төлеген аға тағылымы

Уақыты: 19.08.2018
Оқылды: 1828
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Белгілі жазушы Төлен Қаупынбайұлының есімі елімізге жақсы таныс. Қазақ әдебиетінде өз қолтаңбасымен танылған қаламгер бар ғұмырын журналистикаға арнап, республикалық, облыстық басылымдарда тындырымды еңбек етті. Еңбек ете жүріп, көлемді көркем шығарма жазумен айналысты. Оның қаламынан бірқатар тарихи туынды дүниеге келді. Атақты ғалым Шоқан Уәлиханов, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев және басқа мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өмірі жайлы роман, повестер жазып, оны 5 томдық шығармалар жинағы етіп шығарды. Осылайша қазақ әдебиетінің ілгерілеуіне қал-қадірінше үлес қосқан қаламгер Төлен Қаупынбайұлы көркем шығармалары үшін Жамбыл атындағы халықаралық, Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықты алып, «Құрмет» орденімен марапатталған. Алматы облысының және Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанған. Амал не, жазушы өмірден озып кете барды. Биыл Төлен Қаупынбайұлы тірі болса 80-ге келіп, ел-жұрты мерейтойын атап та өтер еді. Жазушы өмірден өткенімен артында жас ұрпаққа рухани азық болар мол әдеби мұрасын қалдырып кетті. Ол шығармалардан оқырман өзіне керекті дүниелерін алары сөзсіз. Біз Төлен аға ауырып жүргенде қалын сұрап, талай рет барған едік. Оған дейін де таныстығымыз болды. Сол бір кездесу мен әңгімелесу сәті ойымызда жүрген. Соны оқырманмен бөлісуді жөн көрдік. 

Төлен ағамен талай рет сапарлас болғаным бар. Нарынқол, Кеген, Қарасазға да бірге барғанбыз. Ағамыз әңгімені жақсы айтатын. Ел мен жердің тарихын арыдан қозғайтын. Жасы үлкен болса да мені іздеуші еді. Телефонмен де жиі хабарласып, сөйлесетінбіз. Бір жылдары Нарынқолға бірге бардық. Сол сапарда ағамыз: «Менің туған жерім – Қаратоған, балалық шағым сонда өткенімен, әкемді көрмей жетім өстім. Соғыс басталып, елде ауыр жағдай болғанда шешем мені Сарыбастаудағы нағашыма жаяу апарып табыстады. Кішкентай болсам да қой бақтым. Оқуды алтыншы сыныпқа дейін жөнді оқи алмадым. Тек жетінші сыныпта Нарынқолдағы орыс-қазақ орта мектебінің қазақ сыныбына қабылданып, 1957 жылы орта мектепті бітірдім. Нарынқол да мен үшін ыстық, осында 9-сынып оқып жүргенімде оқушылардың облыстық фестивалі өтті. Сонда бағымды сынап, «Отан», «Туған жер» деген өлең жазып, қатысқанмын. Өлеңдерім ұстаздарыма ұнаған болуы керек, оны сол кезде аудандық «Советтік шекара» газетінде қызмет істейтін жас ақындар Мұқағали Мақатаев пен Еркін Ібітановқа апарып беріпті. Оны оқыған ақындар мына өлеңді газетке жариялауға болады екен деп, басылым бетіне шығарды. Бұл мен үшін қуаныш болып, ауылда бала ақын атандым. Осыдан кейін әдебиет әлеміне бет бұрдым», – деп өткен өмірін еске алған болатын. 
Төлен аға өмірдің ауыртпалығын бір кісідей көрген жан. Соғыс жылдарындағы балалармен оның тағдыры ұқсас. Өзіне қамқор болған ағаларын да ұмытпайтын. Сондай жанның бірі – Кеңес Одағының Батыры, ғалым Мәлік Ғабдуллин. Ол турасында: «Мектеп бітірген соң, Алматыдағы Абай атындағы педогогикалық институттың шет тілдер факультетінің ағылшын тіліне түскенде оқу орнының ректоры Мәлік Ғабдуллин жағдайымды түсініп, шәкіртақы бергізіп, жатақханаға орналастырды. Бұл мен сияқты ауыл баласына деген қамқорлығы ғой. Бірақ оқуды жалғастыра алмай, ауырып ауылға қайттым. Екі-үш жылым ауылда өтті. Мұғалім болдым, жазда жылқы бақтым. Сонда да алға қойған мақсатыма жетуге ұмтылумен болдым, ойым – оқу. 1960 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түстім. Ол кезде журналистика факультеті жоқ, біз оқыған филфактың бір бөлімі ғана еді», – деп өзінің журналистік қадамының осылай басталғанын әңгіме еткен болатын.
«Оқуға түскенде бірінші курста-ақ әркім өзінің қаражаяу емес екендігін көрсетті. Мен де әңгіме жазып, жолдас-жораларыма оқып беріп жүрдім. Көбіне ұнады. «Жазуың жақсы екен, жазғаныңды «Балдырған» журналына апар», – деп ақыл-кеңестерін де берді. Алғашында жүрексіндім, ақыры тәуекел деп журналдың редакциясына барғанымда: «Қайдансың?» – деді бір кісі. Мен: «Университеттенмін», – деп едім, екі-үш кісі отырған кабинетке жіберді. Ол жерде менің жазғанымды бір кісі оқып шығып, алдағы нөмірге басамыз деп алып қалды. Сөйтсем ол кісі Бердібек Соқпақбаев екен. Осылай атақты балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевпен таныстым. Менің тұңғыш әңгімемді Бердібек Соқпақбаев журналға шығарса, ақиық ақын Мұқағалидың шығармашылығыма тікелей ықпалы тиген еді», – деп мақтанышпен айтқан еді. 
Кейін араға біраз жыл салып ағамен қайта кездестік. Ол кезде ауырып, ауруханаға түсіпті. Осыдан кейін біздер хабарласып тұрдық. Бірде үйіне шақырды. Барып едім, мені сағынып қалыпты. Құшағын ашып, бауырына басты. Әңгімесін айтып, ауруханада емделгенін сөз етті. Жазу үстелінде газет-журналдың үйіліп қалғанын көрдім. Жан дүниесі жазу үшін жаралған жан болғандықтан әңгімеміз газет-журнал туралы өрбіді. Одан соң журналистикаға қалай келгендігін айтып, ол жылдарды сағынышпен еске алды. «Менің еңбек жолым «Лениншіл жастан» (қазіргі «Жас Алаш» газеті) басталды. Университетті бітіріп жатқанымызда әрқайсымызға жолдама беріп жатты. Мені ғылыми жұмыспен айналыс деп, университеттің философия кафедрасының меңгерушісі, профессор Жандар Төленов алып қалмақ болды. Бірақ «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істейтін жазушы Әнес Сараев: «Сені редактор Шерхан Мұртаза шақырып жатыр», – деп редакцияға ертіп әкелді. Шер-аға: «Бірден «бізде жұмыс істегің келе ме?» – деді. «Келеді», – дедім. «Онда арызыңды жазып, жауапты хатшы Қалдарбек Найманбаевқа бер», – деді. Содан бастап, журналист болдым. Ол кезде Шерағаның қарамағында сайдың тасындай журналистер жұмыс істейтін. Бірінен-бірі өтетін. Мен солардың ортасына түстім. Олардың арасында ойы жүйрік, қаламы ұшқырлар баршылық еді. Соларды көріп мен де талаптандым.  «Лениншіл жас» газеті ізденіс пен шеберлікке үйретті. Шераға да бізден осыны талап етті. Сол кезде еңбек еткен Тельман Жанұзақов, Оралхан Бөкеев, Қалдарбек Найманбаев, Кәдірбек Сегізбаев, Ахат Жақсыбаев, Әнес Сараев, Баймолда Мусин, Қуанышбай Құрманғали, Ақселеу Сейдімбеков, Серік Әбдірайымов, Оразбек Сәрсенбаев, Кәрібай Ахметбеков, Әбіқұл Ибрагимов және басқа таланттар Шерағаның тәрбиесінен тәлім алып, шекпенінен шыққандар. Мен де олармен қызметтес болғанымды мақтан етемін. Бір сөзбен айтқанда, Шераға қазақ журналистикасының жақсы қалыптасуына даңғыл жол салды, газеттің таралымы да рекордтық көрсеткішке жетті», – деп өзінің алғашқы еңбек жолын осылай айтып, сыр шерткені бар. 
Ағаның үйіне тағы бір барғанымда Сейдахмет Бердіқұлов туралы сұрадым. «Шер-ағадан кейін Сейдахмет Бердіқұловтың редакторлық ұстанымы да ұжымды өз деңгейіне көтерді. Газеттің беделін арттыру үшін Сейдахмет ағамыз аптаның чемпион мақаласын жазуымызды ұйымдастырды. Ең үздік мақала үшін 20 сом көлемінде сыйақы беріліп, қызықты да тартымды мақалалардың дүниеге келуіне көбіміз атсалыстық. Бұл біздің шығармашылық шеберлігімізге және жемісті еңбек етуімізге көп әсер етті. Күні бүгін елге танымал болған менің замандастарым Шер-ағаңның шекпенінен, Бердіқұловтың мектебінен өткен жазушы-қаламгерлер атануы – сол жылдардың жемісі», – деген еді.
Бірде редакцияға бір жігіт келіп: «Аға, мынаны Төлен аға сізге беріп жіберді», – деп жазылған мақаланы берді. Шағын ғана екен, оқып шықтым. Онда аға өзіне қамқор болған ағаларын жазыпты. «Мен «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») және «Жұлдыз» журналдарында, «Дала дидарында» (кейінгі аты – «Ауыл») газетінде, «Жазушы» және «Қазақстан» баспасында бөлім басқардым. «Жазушы» баспасында жүргенімде бізге үлгі-өнеге көрсеткен әдебиетші, аудармашы, жазушы Әбілмәжін Жұмабаевтың өзі бір мектеп болды. Өзім сияқты журналистер ол кісіден тәлім алды. Осы баспаның директоры болған Сайын Мұратбековтен әңгіме жазудың шеберлігін үйреніп, көп әңгімемді сол кісіге еліктеп жаздым. Көсемсөз жазуда Зейнолла Қабдоловтай ұстаз жоқ. Олар оны оқып, көп үлгі-өнегесін көрсетті маған. Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев, Оспанхан Әубәкіров, Әнуарбек Дүйсенбиев және Жақан Смақовтардың да қамқорлығын сезіндім», – деп Сайын Мұратбековтің шығармашылығына тоқталған екен. Мен осыдан кейін Төлен ағаның үйіне барып, Сайын туралы көлемді материал жазып берсеңіз деп едім, ол кісі қуанып кетті. «Жарайды, Құдай денсаулыққа қуат берсе...», – деді. Бұл барғанымда ағадан біраз нәрсені сұрайын деген ой болған. Себебі, қаламгердің шығармашылығы мен ізденісі, тарихи тақырыпқа қалай барғандығы және өзінің туындылары жайлы тереңірек білгім келді. Осыны айтқанымда ағамыз өзінің әдемі күлкісімен күліп алды. 
– Өткен өмірді ойласам, өзім өскен таулар секілді белес-белес. Осыған байланысты бір повестер жинағымды «Бетегелі белес» деп қойдым. Жалпы, отызға тарта кітаптың авторы болдым. Олардың біразы тарихи туынды. Журналист болған соң сан қилы адамдармен кездесіп, жүздесесің. Қызықты тақырыптарға да тап боласың. Ойыңдағы сол тақырыпты көлемді шығармаға айналдырасың.
Қандай туынды болсын онда тарих жатады. Мен ата-бабамыздың басынан өткен әрқилы тарихқа сүйендім. Шындап келгенде зерттеуші ғалыммын, соған бейіммін деп айта аламын. Көп оқыдым, көп іздендім, көнекөз шал мен кемпірлердің әңгімесін тыңдадым. Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ, Қазақстанды түгел араладым. Қазақстанда кемінде әйгілі деген 130-дан астам адаммен әңгімелесіп, батасын алғанмын. Оның ішінде Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Қаныш Сәтбаев, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов сияқты ұлы адамдармен кездестім. Газет тапсырмасымен көптеген ғалымнан сұхбат алдым. Елге танымал әртістер Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев сияқты белгілі композиторлар мен суретшілер, ақын-жазушылар туралы аз жазған жоқпын. Елімізге белгілі Социалистік Еңбек Ерлерімен де кездесіп, сұхбаттасқанмын. Журналист болған соң машинамен, атпен де, кейде жаяу барған кездерім болды. Жетісу жерін түгел атпен араладым. Шымкент, Қаратау, Алакөл, Ақсуды атпен жүріп, алты-жеті рет ажал аузынан қалғанмын. 
Университеттің бірінші курсында оқып жүргенде Оралдағы геологиялық экспедицияға барып, Жайыққа ағып кете жаздадым. Кейін Шоқанды іздеймін деп, Талдықорған жақта автобустан түсіп қалып, Шанханай деген ауылға түнде жаяу келе жатып, қырмандағы адамдарға барғанымда, олар: «Түнде неге жүресің, қолыңда қаруың жоқ, бұл жақта қасқыр көп» деп ұрысқаны бар. Осы жолы Шоқанның ізімен Алакөлді Қытайдың шекарасына дейін, Шымкент жақтағы Шәуілдірді де атпен араладым. Белгілі жазушы Сәуірбек Бақбергеновтің ауылына да аялдадым. Себебі, Сәуірбек Шоқан туралы жазды және Сапарғали Бегалин де Шоқан жөнінде қалам тартқаны бар. Ойым Шоқан туралы кітап жазу болатын. Осы сапардан кейін «Қыран-тағдыр» деген кітабым жарық көрді. 
Жалпы, журналист пен жазушының еңбегі ізденіс пен дерек жинаудан тұратыны белгілі. Сөздік қорың мол болса жазарың да көркем, әдемі шығады. Мен мұны классик жазушылардан байқадым. Ал жазуға келгенде әйгілі Мұхтар Әуезовтен асатын ешкім жоқ. Ғабит Мүсірепов те төгілтіп жазды. Сәбит Мұқанов та керемет жазушы. Оның «Өмір мектебі», «Сырдариясы» неге тұрады?! Мысалы, «Сырдарияның» іші толған күлкі. Қазақтың шебер тілін табасың. Мұндай мысал көп. 
Өз басым Жағда Бабалықов, Жәрдем Тілеков және Ақселеу Сейдімбек сияқты жазушылардың ізденісін көрдім. Олар әр нәрсеге жете мән беріп, жинап жүретін. Көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықовтың ұқыптылығын да байқадым. Дінмұхамед Қонаевтың 90 жылдық мерейтойына Әз-ағамыз кешігіп келді. Келген бетте-ақ қолына қалам мен қағазын алып, менен: «Кімдер сөйледі?» – деп бірден жазып алды. Мұндағы айтпағым, оқиғаны уақыт оздырмай дер кезінде қағазға түсіру журналист үшін аса керек. Студент кезімде осылай істесем көп дүниені жинар едім. Мұны маған өмірдің өзі үйретті. Мысалы, қасқырдың ел арасында біз білмейтін неше атауы бар. Қасқырдың құртқа, баршын дейтін аты кездеседі. Баршын дегеніміз – қасқырдың түсі әр маусымда өзгеріп отыратынына байланысты қойылған атау. Баршын, Баршын тас деген Семей жақта жер аты кездеседі. Екеуі де қасқыр мекендейтін жер. Құртқа деп қасқырдың ұрғашысын айтса, еркегін баршын дейді. Сондай-ақ, Алматының атын өзгерту туралы кейбіреулер Алма-ата деп атайық деп жазып жүр. Бұл дұрыс емес. Көне түркі тілдерінде «т», «ы» және «і» әріптері көптік жалғаулар болып келген. Мысалы, Алматы «алмасы мол, көп» деген мағынаны білдіреді. Осындай жер аты – Бұғыты. Бұғыты – бұғылы жер. Сөгеті, Дараты деген жер де Алматы облысында кездеседі. Мұны ғалымдар зерттеп, жер аттарын бұрмалауға жол бермеуіміз қажет» – деп ойында жүрген пікірін де айтқан еді.
Бір жолы барғанымда аға: «Мұқағали туралы жазған кітабымды қытайдағы қазақтар арабтың төте жазуымен баспадан шығарыпты», – деп, қуанышымен бөліскен. «Құдайға тәубе, жеңгең Ләйлә Ғаббасқызы екеуміз жарасымды өмір сүрдік. Ақерке, Дәурен, Елдана атты балаларым бар. Ақерке – жоғары білімді қаржы саласының маманы. Дәуренім – физика-математика ғылымдарының кандидаты. Елдана ағылшын тілінде сабақ беретін профессор. Ол қызым ақиық ақын Мұқағали туралы жазған кітабымды ағылшын тіліне аударып жатыр. Еңбегімді бағалаушы көп, тағдырыма ризамын», –  деген еді.
 Төлен аға ауырып жүрсе де анасына арнап, Алматыда үлкен ас берді. Ел көп жиналды. Белгілі қаламдастары мен замандастары, жақын жолдастары, ауылдастары ағаға зор ризашылығын білдірді. Бұл ағаның анасына деген тағзымы еді, өзінің перзенттік бір парызын өтегендей болды. Араға бір жыл салып, Ләйлә жеңгем өмірден өтсе, артынан Төлен аға да кете барды. Асыл ағаның өміріме ризамын деген сөзі өзі армандаған биігіне жеткендігін айқындап кеткендей.

Жексен Алпартегі 
Алматы қаласы