Өмірі өрнекті, жазғаны көрнекті

Уақыты: 19.08.2018
Оқылды: 2116
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұлағатты ұстаз, қарымды журналист, белгілі қаламгер Тұрсынбек Ешенқұлов та 80 жасқа келіп, ел ағасы атанып, өткендері мен өткелдеріне қария болып көз салып, қазіргі және келер ұрпақтарға айтар өзіндік ойлары мен пікірлері бар кезеңге де келіп қалыпты.

Кеше ғана студенттік шағымызда тай-құлындай тебісіп, бірер ай көре алмай қалсақ, кездескенде құшақтасып өбісіп өскен балғын кезең көз алдымда буалдырланып сағым болып елестейді. Мен де сол сексенге секіріп мінер жасқа келіп қалсам да өткенге ой жүгіртіп, арғы мен бергіні саралап, біраз ойран-асыр күй кештім. Иә, есіме енді түсті... Басынан бастап қозғайын!
Бұл сонау өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасы болатын. Мектепті бітіріп, демімізге нан пісіп, тау қопарардай болып, «буырқанып-бұрсанып» буыршынша шиыршық атып жүрген кезіміз. Бір мәселемен Шымкент педагогикалық институты емтихан комиссиясының секретары Мәулен Құдайқұловқа (қазір педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанда кинотүсіру өнеріне тұнғыш қалам тартқан) кірейін деп тұрғанымда қасыма орта бойлы, жүзі күнге қақталып тотыққан жігіт келіп, кіруге кезекке тұра калды. Таныстық. Әңгімелестік.
– Тұрсынбек Ешенқұловпын, – деді, – Түлкібас ауданының Абай ауылынанмын. 
– Халық ақыны Келімбет Серғазиевтің ауылынанмын де.
– Бір атадан тараймыз, үшінші атадан. 
– Туысқанбыз де?!
– Иә, туысқанбыз... 
Сонау Мақтааралда мақта теріп жүрген жерінен осында оқуға түскен досы Бегалы Аббасов шақыртып алыпты. Ол Тұрсынбектің құжаттарын Мәулен ағасы арқылы реттеп өткізсе де хабар кеш барып, содан мақта терімінен келіп отырған беті екен. Сөйтіп жүргенде бір емтихан (орыс тілінен диктант жазу) өтіп кетіпті. Осы мәселені шешудің амалдарын қарастырып жүрген болып шықты. Біраздан соң досы Бегалы келіп: «Мәулен аға мәселені шешіп берді. Ректор Ә. Ермекбаев қол қойып беріпті. Өзің сияқты Ақтөбе жақтан себепті жағдайлармен кешігіп жеткен Болат Күлкеев деген абитуриент екеуің қазір диктант жазуға барасындар!», – деп Тұрсынбекті алып кетті. Мен де өз мәселемді шешіп, Мәулен ағаға ризалығымды білдірдім. Сонымен ол орыс тілінен «3», шығарма жазудан «5», тарихтан «4» алып оқуға түседі. 
Мен бұл институтқа бір жылдан соң қайта келдім. Шұрқырасып көрістік. Ол кез менің де өлеңдерім Георгиевка аудандық газетінде (қазіргі Төлеби ауданы), Шымкенттегі қорғасын зауытының, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газеттерінде басылып, кәдімгідей «көрініп» қалған кезім болатын. Институтта аптасына бір рет өтетін әдебиет үйірмесінде бас қосатын едік. Жетекшіміз Әбіш Байтанаев. Сол үйірмеден түлеген бір шоғыр жастар: Үсен Шойбеков, Мұхтар Шаханов, Молдахмет Қаназов, Тұрсынбек Ешенқұлов, Яһуда Амандықов (ішінде мен де бармын), сексеннің сеңгірінде отырса да қолдарынан қаламын тастамай, әр салада қызмет етуде. Сұлтанқұл Сәметов өлеңдерінің ойлылығымен, сыршылдығымен көзге түсіп еді, ғұмыры қысқа болды. Ергешәлі Мамыраев болса көшелі сөзімен, тындырымды ісімен бәрімізге «аға» іспетті болатын. Үйірмеде басалқалық сөзді сол айтатын. Соның айтқанына тоқайласатынбыз.
Тұрсынбек пен Күлғайша жақсы оқитын еді. Алпысыншы жылдары «комсомолдық той» деген салтымызға жаңадан ене бастаған. Қалалық комсомол комитеті мен институт комсомол комитеті ректорға ұсыныспен кіргенде олар да қостап (қаржыларын түгел өздері көтеріп) 4-курста жүргенде үйлендірдік. Тойды ректордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Тілепов ағайымыздың өзі басқарды. Той тамаша өтті. Екеуіне Мәулен ағамыз үйінің бір бөлмесін босатып берді. Шығармашылықпен айналысатын студенттер үйірмеден соң Тұрсынбектің пәтерінде «дискуссиямызды» жалғастыратын болдық. Ол кезде зайыбы Күлғайша институттағы оқуымен қоса облыстық радиода диктор болып кызмет ететін. Дикторлардың республикалық жарысында шеберлігімен көзге түсіп, марапатқа да ие болған-ды. Үсен Шойбеков: «Алты айлық практикада оңтүстіктің шалғай ауданындағы ауылда жүрсек те радиодан Күлғайшаның дауысын естіп, қалада жүргендей сезініп, бір қуанып қалушы едік», – деп, еске алатын.
Бір жолы ақын ағамыз Әбділда Тәжібаев Шым қалаға келе қалды. Ол кісі Бауыржан Момышұлы екеуі осындағы Сыпатаев атындағы орта мектепте бірге оқыған екен. Мектеп ұжымы мерейтойына шақырыпты. Мұндай сәтті құры жібермейтін Әбіш Байтанаев ағайымыз институтқа кездесуге шақырды. Кездесуге қаладағы барлық жоғары оқу орындарының ұстаздары мен студенттері жиналды. Осы кездесуде Рахия Қиялова деген студент қыз Тұрсынбектің Ә. Тәжібаевтың өлеңіне жазылған «Арман» әнін орындады. Атақты ақынның «грозный таяғын» тықылдатып келіп, Тұрсынбек пен Рахияның арқасынан қағып құшақтап, әкелік мейірімін төккенін көрген едік. 
Ал 1960 жылы заманымыздың заңғар жазушысы, Лениндік сыйлықтың лауреаты М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы бойынша өткізілген оқушылар конференциясы Оңтүстік өңіріндегі ең бір айтулы оқиға болды. Ол кезде ұлы жазушы Шым қалаға көп келетін. Алдымен біздің институтқа, содан соң «Оңтүстік Қазақстан» газетіне бас сұғуды әдетке айналдырған-ды. Соны пайдаланып, Әбіш ағайымыз Мұқаңның жоғарыдағы шараны ұйымдастыруға көмектесуін өтінеді. Сонымен 1960 жылдың басында дайындыққа кірісіп те кеттік. Мұқаң әдебиет үйірмесі мүшелерімен жеке-жеке танысып, Әбіш ағамен келісе отырып тақырыптарды бөліп берді. Маған «Абай образы», Тұрсынбекке «Абайға орыс әдебиеті мен мәдениетінің әсері» тақырыбы берілді. Үсен Шойбеков, Молдахмет Қаназов, Аһуда Амандықовтарға да сүбелі тақырыптар тиді. Алты ай бойы дайындалдық. 
Міне, конференция өтетін күн де келіп қалды. Сол жылы қалада жаңадан ашылған Металлургтер сарайының іші (үш мың орынды) халыққа лық толды. Әбіш аға Тұрсынбек екеумізге көзі тірі Абай келіні (Әубәкірінің әйелі) Кәмила апамызды жетектеп жүру «қызметін» жүктеді. Бұл мәселеге Тұрсынбектің өзі «Қазақ әдебиетінде» кеңінен тоқталғандықтан көп созбай отырмын.
Конференция аяқталған соң Мұқаң баяндама жасаған студенттердің бәріне өзі қол қойып «Абай жолы» романының бір-бір данасын сыйға тартты. 
Мен институтты одан бір жыл кейін бітірдім де жолдамамен Кенен Әзірбаев атамның аулына топ ете түстім. Абыз атаға сәлем бере бардым. Жағдайымды сұрады. «Біздің үйде жатып жұмыс істей бер! Балаларымның бірі боласың!», – деп ол кісі мені өзінің туған баласындай қабылдады. Содан мұғалім болып жүрген жерімнен Қасқараудың өзім оқытқан Күміс атты қызына үйленіп, үйлі-баранды болып, көш көлігін Алматыға түзедім. «Жетісу» газетіне қызметке орналастым. 
Бір күні редакторымыз Әбдуәлі Қарағұлов шақырып алып, Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Үңгіртас ауылындағы жаңадан ашылса да республика көлемінде жақсы жағынан аталып «дүркіреп» тұрған (қазақтың біртуар ұлы Жұмабек Тәшеновтың жеке ұйғарымымен малшы балаларына арналып салынған мектеп-интернат) мекемеге барып, олардың бала тәрбиелеу жөніндегі тәжірибесі және оны басқарып отырған ұлағатты ұстаз, Ленин орденді Жұмабай Жадрин туралы мақала жазуды жүктеді. «Үңгіртас, қайдасың?!» деп жүріп кеттім. Бардым. Хатшы кыз: «Алдымен оқу ісінің меңгерушісі Тұрсынбек Ешенқұловпен сөйлескеніңіз жөн болар. Сол кісінің көмегі көп тиеді», – деді тақылдап.
«Апыр-ау, Тұрсынбек...» дей ме?! Ол мұнда қайдан жүр?..». Кұшақтасып табыстық. Сөйтсем, оның да жолдамамен келіп, осында қызмет етіп жатқан жайы бар екен. Студенттік шағымызда қамқоршымыз болып кеткен, «ақылды көп айтатын» Күлғайшамен де қайта жолықтым. 
Күлғайша да әдебиет, өнер, спорт десе ішкен асын жерге қояр студент еді. Соның арқасында елуінші жылдары Мәскеуде өткен студенттердің Бүкілодақтық спартакиадасына қатысып, Қазақстан спортшыларының құрамында Лужники стадионына сап түзеп шыққан болатын. Екеуі институтты бітірген 1962 жылы осы мектеп-интернатқа келіп орналасыпты. Әңгімеден әңгіме... Өткен студенттік шақты еске түсіру... Одан кейінгі өміріміздің бәрін еске алып, қазіргі жағдайларымызды да әңгімемізге тұздық еттік.
Бұл мектеп-интернаттың тәжірибесін зерттеп біліп, өз елдерінде іске асыру үшін сонау Африка, Үнді аймақтарынан, Таяу Шығыстан делегация көп келеді екен. Индия, Непал, Вьетнам, Монғолия, Камбоджа, Эфиопия, Конго, Алжир, Гвинея, Пакистан, Жапония, Корея, т.б. толып жатқан елдерден келген делегацияны қарсы алу, шығарып салу – оңай жұмыс емес екен. Интернат директоры Жұмабай Жадриннің асқан ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында ғана осының бәрі мүмкін болыпты. Осындай «қазанда» қайнап өсіп, шынығып жатқан Тұрсынбегіме де дән риза болдым. «Жетісуға» келе салып «Асыл арман иесі» атты очерк жаздым. Ол газеттің 15 ақпандағы санында басылып шықты. Жұмекеңнің оған дән риза болып, редакцияға арнайы келіп, маған рахмет айтқаны әлі көз алдымда. Сөйткен Жұмекең әлдебір көре алмаушылардың кесірінен қолдан жасалған «құйтырқылықтың» зардабын шегіп, бұ дүниемен қош айтысты. Иә, бір кем дүние деген-осы.
Тұрсынбек интернатта қызмет етіп жүргенде Жамбыл ауданының басшылары Текеліде музыкалық мектепте сабақ беріп жүрген атақты композитор Әсет Бейсеуовті аудандық мәдениет бөліміне қызметке шақырады. Ол Тұрсынбекпен бұрыннан таныс болатын. Екеуі шұрқырай табысып, Әсетке мектеп-интернат балаларының хорын басқаруды ұсынады. Әсет ауданда бір күн болса, екінші күні Үңгіртасқа келіп, балалармен жұмыс істейді. Сөйтіп, үш-төрт айдың ішінде ауданда тұңғыш рет тамаша хор коллективі өсіп шығады. Қазақ телестудиясы жылына бір рет оларды концерттік программасын ел-жұртқа таныстыратын. Содан өсіп шыққан шәкірттері Адамбек Тәтенов, Оңдасын Мұсабеков, Гүлзада Бәкенова (қазір Есбергенова), т.б., қазір бірі ғалым, бірі өнер жолын қуған ұстаз болып, академик, профессор атанып, әлі де талмай қызмет етуде. Әсеттің елге танымал «Қызыл сұңқарлар», «Айнашым», «Алтыным», «Қарғалым», т.б. әндері Үңгіртас пен Ұзынағашта туғанын біреу білсе, біреу білмес. Ұзынағаштан Алматыға «Гүлдер» ансамбліне көркемдік жетекші болып кеткеннен соң да ауылмен байланысын үзген жоқ.
1980 жылдары аудан басшысы Бекболат Тұрсынжановтың жеке ұйғарымымен «Құлансаз» ән-би ансамблі құрылады. Ол бірден республика көрермендерінің жүрегін жаулап алып, 90-шы жылдарға дейін дүркіреп тұрды. Кейін ауданға әкім болып келген Махаббат Бигелдиевтің тікелей басшылығымен қайта түлеп, қазір қазақ әні мен биін, күйін төрткүл дүниеге паш еткен республикадағы атақты өнер ұжымының біріне айналып отыр. Ел ұсынысы: «Осы ансамбль Әсет Бейсеуов атындағы «Құлансаз» ән-би ансамблі аталса екен» дейді. Орынды сөз. Тек жоғарғы жақтағылар тарапынан мақұлдау болса болғаны. Өйткені биыл Әсет Бейсеуовтың туғанына 80 жыл толғалы отыр (қазан айында), оған дайындық та жаман емес екен. Қарғалыдағы Ә. Бейсеуов атындағы көше толық жөндеуден өтіп жатыр. Көше басындағы гүлзарға Әсеттің үш метрлік бюсті де қойылмақ. Оған да орын дайындалып жатыр екен. Әсеттің досы Тұрсынбек Ешенқұлов та «Жүрегі ән деп соғатын» атты естеліктер жинағын құрастырып «Арна» баспасынан бастырып шығарды. Онда Әсеттің өзі аралас-құралас болған  Н. Тілендиев, М. Әлімбаев, Т. Молдағалиев, К. Салықов, Ғ. Қабышұлы,      П. Момынов, т.б. бастап, К. Әмірбек, Н. Нүсіпжанов,        Ш. Құмарова, М. Ысқақбай, Е. Зікібаев, С. Тұрғынбеков, А. Асылбеков,      Қ. Бұғыбаева, В. Питерцев, Ж. Ахмади, Б. Қыдырбек, Ж. Арғынбаев,   Ж. Құрамысов, Т. Қарашов, С. Мәмет, Қ. Андас, т.б. қаламгерлер мен   М. Ілиясова, Б. Самединова, С. Нұрмағамбетова, Ұ. Айнақұлова, т.б. туған-туысқандарының, аралас-құралас жора-жолдастарының естеліктері топтастырылған. 
Аудандық «Екпінді еңбек» (қазіргі «Атамекен») газетінде қаламын ұштап, сүйікті «Жетісуына» алғаш туындыларын жариялатып («Құрдастар» повесінен үзінді 1973 жылы ақпанның 23, 24, 25 күндері шыққан 38, 39, 40-сандарында жариялаған), бүгінге дейін ол газеттен қол үзбей келе жатқан үш кітаптың авторы Тұрсынбек Ешенқұлов «Қазақстан халық ағарту ісінің озаты» төсбелгісімен марапатталған. Қарымды журналист, сатирик, жазушы Жамбыл Жабаевтың туғанына 160 жыл толу мерекесі қарсаңында өткізілген мұғалімдердің республикалық жарысының бас жүлдегері екенін біреу білсе, біреу білмес. Мен жақсы білгендіктен жұрттың есіне, «Жетісудың» мыңдаған оқырманына жетсе екен деген игі тілекпен осы эссемді жариялап отырмын. 
Тұрсынбек үлгілі отбасында Ермек, Еркін, Ләйлә, Талғаттай тәрбиелі де инабатты ұл-қыз өсіріп, қазір солардан тараған немере-шөберелерінің қызығына тоймай, бәйбішесі Күлғайша екеуі тату-тәтті өмір сүруде.
 80 жасың құтты болсын, досым Тұрсынбек!
 
Мамытбек Қалдыбай,
филология ғылымының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі