Көргені жақсы көш бастар

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1319
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы Бектұрғанов Әбдіманап Елікбайұлы туралы сыр шертер болсақ, терең ізденістердің арқасында ғылым мен білімнің ұшар шыңына қонақтаған, қыран мінезді ірі тұлғаны көз алдымызға келтіреміз. Хакім Абайдың: «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» дегеніндей, сонау мектеп табалдырығының өзінде-ақ алдына ұлы мақсатты қоя білген бозбала Әбдіманаптан академик Әбдіманап Елікбайұлына дейінгі ғұмырнамасына үңілсек, жасқа тән жалынды жігерді, қажымас еңбекті, білімге құштарлықты, ғылымдағы үлкен жетістікті, білікті басшылықты, ұйымдастырушылық қабілетті, ұлағатты ұстазды, ғибрат пен өнегеге толы өмірді көреміз.

Әбдіманап Елікбайұлымен таныстығымыз ол кісінің Жетісу жеріне, яғни І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне ректор қызметіне келуінен басталды. Білім ордасы Алматы облысындағы бірден-бір мемлекеттік жоғары оқу орны. Оның мәртебесінің биік болуы тек университет ұжымына ғана емес, барлық Жетісу өңірін қоныстанған халыққа да қажет. Өйткені, мектеп бітіруші жас түлектердің басым көпшілігінің жоғары мектеп табалдырығын аттап, болашақ өмірге жолдама алуына мүмкіндік жасап отырған осы оқу орны болғандықтан оны басқаруға келген адамның да іскерлік қабілеті жоғары болуы тиіс. 
Әбдіманап Елікбайұлының басшылық қабілеті ұжымда жоғары бағаланды. Жұмысты мұқият талдап, тындырымды бітіреді. Жауапкершілікті терең сезініп, «жеті рет өлшеп», жіті қадағалау ол кісінің басты қағидасы болды. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетуді назардан тыс қалдырмай, университеттің ақсақалдарымен ақылдаса отырып келелі мәселелерді кеңесе шешкенді жөн көрді. Қол жеткен табысқа масаттанбайтын сырбаздық, қарауындағы кәсіби мамандардың қабілет-күшін, мүмкіндігін зерек бақылап, қолтығынан демейтін дегдарлық, білімі озық жастардың ғылыми ізденістеріне кең жол ашып, өркендеп, өсуіне мүмкіндіктер жасайтын ұлағаттылық білікті басшының бойынан табыла білді. Әсіресе, оның ғылым мен білімді дамыту саласындағы бастамашылдығын, жаңашылдық қырын қызметтес әріптестері сүйсіне қабылдады. 
Қазақ халқында: «Жүрген жеріне із қалдыру» деген жақсы бір сөз бар. Кейбір басшылар кеткеннен кейін артына не қалдырды, қандай із бар деген сөзге біз кейде жауап бере алмай қаламыз. Соған байланысты кез келген жоғары оқу орны басшысының қызметі бірнеше көрсеткішпен өлшенеді. Министрлік тарапынан әр басшының университеттің инфрақұрылымына, оның материалдық-техникалық, оқу лабораториялық базасына қосқан үлесіне, екіншіден, оқу-ғылым, тәрбие үрдісін ұйымдастыратын ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау салмағына баса назар аударылады. Бұл жағынан Әбдіманап Елікбайұлына тек жоғары баға беруге болады. Мәселен, Талдықорған қаласына сырттан қанша маман шақырсаң да көп ешкім келе қоймайды, себебі, бұл Алматы қаласы емес, болмаса елордамыз Астана емес. Сондықтан ректорлар алдына қойылатын негізгі мақсат – кадрлдарды сырттан шақыру емес, өз ішінде ғылыми педагогикалық кадрлар даярлау. Осы бағытта Әбдіманап Бектұрғанов көп еңбек сіңіріп, ректорлық қызметінің алғашқы 3-4 жылында 13 ғылым кандидаты мен 6 ғылым докторының диссертацияларын қорғауына мүмкіндік жасады. Бұл да азаматтық ұстанымның жоғарылығын білдіретін бір көрініс. Себебі, жас ғалымдарды іріктей білу, оларға жағдай жасау, оларды өзіміздің және шетелдің ғылыми орталықтарынан ғылыми-педагогикалық іс-тәжірибеден өткізу, магистратураға, докторантураға жібертіп оқыту, олардың кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғату оңай іс емес. Міне, оқу орнына шынайы жаны ашыған, жастарға ғылыми жағынан өсуге қамқорлық жасаған басшылар осындай болады.
Әбдіманап Елікбайұлының жаңашылдық бастамасы     М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ректор қызметін атқарып жүрген кезінде де жарқырап көрініп, бүкіл республикаға тараған болатын. Тараз мемлекеттік университеті Қазақстандағы үздік бес жоғары оқу орнының қатарына қосылды. Ғылымда жаңа игеріліп жатқан наноқұрылымды меңгеріп, оның тиімділігін зерделеуде алғашқылардың қатарында қадам жасады. 2002 жылы республикамызда бірқатар жоғары оқу орындарын кредиттік оқыту жүйесіне көшіру туралы мәселе көтерілген болатын. Бұл жүйенің елімізде қалыптасқан тәжірибесі болмаса да сол жылдары Әбдіманап Бектұрғановтың басшылығымен ТарМУ оқу үрдісін кредиттік жүйеге көшіруге қазақстандық жоғары оқу орындарының ішінде алғашқылардың бірі болып кірісті. Одан басқа да жаңашылдық бастамасын ұжым мүшелері әлі күнге дейін айтып келеді. 
Өзі басқарған білім ордасының дамуын бағдарлай білетін басшы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне жеті жылдан астам жетекшілік жасады. Осы жылдар ішінде біршама игілікті шараны жүзеге асырды. Жоғары оқу орнының сапасы материалды-техникалық қамтамасыз етілуі, профессорлық-оқытушылық құрамның кәсіби деңгейінің жоғары болуы, студенттердің білім деңгейінің талапқа сай болуы деп саналатын негізгі үш жағдаймен сипатталса, соның барлығы да Жетісу мемлекеттік университетінде ілгері басты. Оқу үрдісінде бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе, интранет-жүйе – әкімшілік, оқытушылар, білімгерлер, деканат, тіркеу бөлімі қызметкерлері және басқа да пайдаланушыларға арналған веб-жүйе құрылып, енгізілді. Білім бағдарламалары халықаралық аккредиттеуден өтіп, бірқатар жаңа мамандық ашылды. Магистратура мен докторантура бойынша мамандар даярлана бастады. 
«Көргені жақсы көш бастар» демекші, басшылық қызметте тәжірибесі мол Әбдіманап Бектұрғанов білім ордасында ауыз толтырып айтатындай игі шаралардың атқарылуына да мұрындық болды. Университеттің 40 жылдығына орай оқу орнында 10 аудитория ашылды. Оның жетеуі білім шаңырағын осыған дейін басқарған басшылардың атына берілсе, үшеуі өскелең ұрпақтың тәрбиесіне белсене атсалысып жүрген жетісулық ардагерлер есімімен аталды. Мұның өзі үлкенге деген құрметті, адамгершілікті, бойындағы тектілікті аңғартса керек. 
Ғылым мен білімді ұштастыра отырып, ілімнің ұшар шыңына шыққан, көргені мен түйгені мол Әбдіманап Елікбайұлы осындай жан. Ізденімпаз ғалым, халық қалаулысы, отбасының ұйытқысы, ардақты әке, ақылман ата, жарқын жүзді, жайдары мінезді замандас, атпал азаматтың ізгілік пен жасампаздық жолындағы қажырлы еңбегінің биікке бастай береріне кәміл сенеміз. 

Марат Мәлтекбасов, 
педагогика 
ғылымдарының 
докторы, профессор, облыстық мәслихаттың депутаты