Өнегелі өмір иесі

Уақыты: 15.10.2018
Оқылды: 1433
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұшы-қиыры жоқ ұршықтай иірілген дүниенің  ұйқы баққан пендеге опа бермесі кәдік. Ал ұлы арман жолында кірпік ілмеген жанға не сыйламақ? Қалай ойлайсыз? Әрине, кез келген кісі қарекет етсе қалағанын түгел қармап қалмақ. Ол – өмір қағидасы. Бұдан шығатын қорытынды мынау: үлкен мақсат биігіне баяу көтерілсең де тоқтап қалмауға тиіссің. Сонда арманыңның өзі алдыңнан шығады. Бұл ұлт жанашыры Қалық Мұрат Шаяхметұлының ғұмырнамасынан түйген ойымыз. 

Сексен дейтін зеңгір таудың шыңына шығып төмен көз тастайды ол. Артынан ілескен ұрпақтың болашағына алаңдайды. Аз ғұмыр емес. Не бітірді? Не істеді? Ел есінде қалатын қандай ұлы қадамдарға барды? Ертеңіне тарыдай болса да тағылым қалдыра алды ма? Осының бәрін ой елегінен өткізеді. Аяулы жарымен бақыт мұнарасына басқан әр адымы жүрек түкпірінде тулайды. Сосын екеуі ізін басқан балаларының бүгінгі жетістігіне балаша мәз болады. Неткен керемет көрініс! Шаттығының шымылдығы түрілсе күллі әлемге ізгіліктен шуақ шашатындай әсерде. Өткен жылдарын әңгімелесе өзекті жанның ықыласы теңіздей таситындай. Ендеше ақсақалдың өмірбаянын жылдар ағынымен біз де тізбелеп өтсек.
«Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы Мұрат Қалық 1938 жылғы 7 қазанда Алматы қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Жасынан әке ақылымен сусындап өскен жеткіншек алдына үлкен арман қояды. Ол – ұлт патриоты болу. 1962 жылы Семейдегі зоотехникалық мал-дәрігерлік институтты мал дәрігері мамандығы бойынша бітіріп, алғашқы еңбек жолын Талдықорғандағы зоотехникалық мал-дәрігерлік техникумында ұстаз болудан бастайды. Арада бірер жыл өткенде өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, осы білім шаңырағында директордың орынбасарлығына тағайындалып, мұнда да тек жақсы жағынан көріне біледі. Бірнеше жыл бойғы басшылық тәжірибесін ескерген білім саласының жетекшілері оған Қостанай облысында жаңадан құрылған Урицк ауылшаруашылық техникумының директорлығы міндетін жүктейді. Еліміздің солтүстік аймағында алғашқылардың бірі болып құрылған техникумды алдыңғы қатарлы арнаулы орта білім ошағына айналдырғаны күні кешегідей елдің көз алдында.
Ол кездері білікті басшылығымен, мықты ұйымдастырушылығымен көзге түскендерді партиялық жұмысқа алып кететін болған. Соған орай оны 1971 жылы Талдықорған облыстық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөліміне нұсқаушы, бірінші хатшының көмекшісі қызметіне ауыстырады. Онысы осындағы алдыңғы буын ағалардың тәлім-тәрбиесін көріп, шыңдала түссін дегені. 1974 жылы Кербұлақ аудандық партия комитетінің идеология саласы бойынша хатшылығына тағайындалып, партиялық қызметтің қыр-сырын терең меңгереді. Дегенмен, шәкірт тәрбиелеуге деген құштарлығы өзі алғаш еңбек жолын бастаған техникумға қайта жетектеп әкеледі. Өрістеуіне сеп болған қара шаңырағы қайта құшағын ашады. 1979-1985 жылдар аралығында облыс орталығындағы зоотехникалық мал-дәрігерлік техникумға басшылық етіп, облыстың ғана емес, республиканың мал шаруашылығы саласын орта буын мамандармен қамтамасыз етуге өзінің өлшеусіз үлесін қосты. Сол жылдары осы арнаулы орта оқу орнынан қанаттанғандар қатарынан елімізге есімдері мәлім талай басшылар мен білікті мамандар шыққанын ел жақсы біледі.
Көксу ауданындағы Октябрь (бүгінгі – Жарлыөзек) ауылындағы XXIII партия съезі атындағы кеңшарды басқарғанында да білікті басшылығымен көпшілікке жақты. Бұрындары көп шаруашылықтың бірі болған кеңшар бірер жылда аудандағы экономикасы өркендеген іргелі шаруашылықтардың біріне айналды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы мен тоқсаныншы жылдарының басында кеңшардағылар 1200 гектарға дейін қант қызылшасын сеуіп, одан жоғары өнім алу арқылы еліміздегі тәтті түбір өсіретін аймақтың бірі болып саналды. Қант қызылшасымен қоса бидай, майбұршақ, жүгері, көпжылдық шөп те өсіріп, үлкен алма бағының негізі қаланды. Сүт фермасы жұмыс істеді. Ауылшаруашылық саласында көптеген жаңалықтар жүзеге асырылды, техникалар жаңартылды. Қант қызылшасын күтіп-баптауға байланысты сол кездегі Ілияс Жансүгіров атындағы педагогикалық институтпен және зоотехникалық мал-дәрігерлік техникумымен тиімді келісімшарттар жасалып, өзара көмек және тәжірибе алмасу, мәдени қарым-қатынас сынды тамаша дәстүр қалыптасты. Егіншілік мәдениеті мен топырақтың құнарлылығын арттыру, агротехникалық шараларды ұйымдастыру, органикалық және минералдық тыңайтқыштарды пайдалану, сапалы тұқым дайындау және тағы басқа жұмыстардың жоспарлы түрде орындалуы тәтті  түбірден мол өнім алуға жол ашты. Сонымен бірге мал басын асылдандыру жедел жүргізілді. Шопандар мен бақташылардың, жылқышылардың жұмыс және тұрмыс жағдайы барынша жақсартылды. Соның арқасында мал шаруашылығында жеткен жетістіктері үшін өзі басқаратын ұжым республикалық тұрғыда марапатталып, оларға су жаңа ав-         тобус тарту етіледі. Ауылда жаңа мектеп салынды. Бозтоған ауылында клуб тұрғызылып, пайдалануға берілді. Ауылға мамандығының мақтанышына айналған дәрігерлерді шақыртып, олардың қызметіне қажетті барлық жағдайларды жасады. Елді мекен одан ары көркейе түсті. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналып ескерткіш те орнатылды.
Нарықтық кезең келгенде шарушылықтың құрылымы өзгеріп, кеңшар негізінде «Октябрь» кооперативтер қауымдастығы құрылды. Өтпелі кезеңде осы шаруашылық жергілікті жұрттың көштен қалмауына көп әсер етті. Сол жылдардағы ұлттық сана жаңғыруына да өзінің үлесін қосып, есімдері ескерусіз қалған ата-бабаларымыздың халықпен қайта қауышуына бiркісідей атсалысты. Ел басына күн туған шақта халыққа қорған бола білген Солтанбай Жәдігерұлының басына ескерткіш орнатуға ұйытқы болды. Мұсабек орта мектебінің ішінен ашылған өлкетану мұражайының бастауында да Мұрат Шаяхметұлы тұр десек, артық айтқандық бола қоймас.
Ол кісі тәрбиелеген азаматтардың арасында қазіргі кезде де елге басшылық етіп, шаруашылықтың тізгінін тастай етіп отырған жандар жетерлік. Ұстазы бастаған көшті жалғап, ел игілігіне жарар берекелі іспен айналысып жүр. 
Мұрат Шаяхметұлының 1992 жылы Талдықорған облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы болып тағайындалуы және осы қызметті 1996 жылға дейін табысты атқаруы білікті басшының әрқашан ізденістен жалықпайтындығын білдірсе керек. Осы жылдары облыс аумағындағы экономикалық реформалар бағдарламасын орындауға байланысты құрылған «Ауыл» агроөнеркәсіптік корпорациясы төрағасы міндетін де қоса атқарып, бірқатар игі бастамаларға мұрындық бола білді. 
Бүгінде қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы. Ақ баталы ақсақал. Көрген-білгенін жас ұрпақтың бойына сіңіруге күш салып келеді. Жары Ғайнигүл апайымыз екеуінің отасқандарына да талай жылдардың жүзі болыпты. Анда-санда жастық шақтарын еске алады. Арман мұнараларын бірге бағындырғандарына дән риза. Жары да осал жан емес. «Күміс алқалы» ана, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы. Сондай-ақ «Ақ әжелер» ансамблінің және Ломоносов атындағы мектепте ата-аналар комитетінің беделді мүшесі. Жастарды тәрбиелеу жолында 34 жыл еңбек етті. Ғайнигүл анамыздың ендігі мақсаты – түйгенін жастарға дәріптеп, тәрбиелі із қалдыру.  Қос бәйтерек қазіргі таңда 6 баланың ата-анасы, 12 немере мен   5 шөберенің ата-әжесі болып отыр.
Мұрат ағамыздың анда-мұнда қолына қалам алып, естелік жазатыны бар. Бізді тағы бір таңғалдырғаны – осы бір қабілеті. Балаларына қалдырған өсиеті мен бала тәрбиесі жөнінде айтқан пайымын қойындәптерімізге түртіп алған болатынбыз. Осы орайда назарларыңызға ұсынсақ. «Бабаларымыз айтқандай – бес жасқа дейін сендерді патшадай күтіп, он бес жасқа дейін құлындай жұмсап, міне, бүгіндері досындай сырласамыз. Біртүйеріміз болса, ұл-қыздарыма аманат ретінде айтарымыз, өз балаңның бейнеті қатты болса,  кейін татқаны тәтті болады. Бұл өмірлік қағида, әрқайсыңа бұйырған дәулетің. Сендер біздің қартайған шақтағы арқасүйер мақтанышымызсыңдар. 
Біздің өмірлік қағидамыз «Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес», ата мирасы балаға дәулет болмайды. Әкелеріміздің даналығы әулетіміздің ата мұрасы болып қалыптасқан, асыл қазынамыз деп сақтадық. Сендер де еңбекқор, ақылды болыңдар. Ұлтымыздың қасиеттері – намыс, азаматтық, сенім, әдептілік, қайырымдылық, ар-ұят, сабырды әрқайсың өмірлік ұстанымыңа айналдырыңдар. Иншалла, солай болғай, Алла жар болсын».
Осы естелікте ұлтымыздың тарихынан мәліметтер келтірілген. 
«Ата-бабаларымыздың аманаты – тәуелсіздікке жету жолында әке-шешелеріміз талай сыннан өтті, еліне еңбектері сіңді. Біз болсақ, олардың өмірлік жолдарын бағалап, жалғастыруға тырыстық. Сендерге де осыны тілейміз, солай болады деп сенеміз. 
Біздің отбасының басты міндетінің бірі – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Әр балаң жан-жақты жетіліп, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі кең болуға тырысады. Рухани-адамгершілікке тәрбиеленуі өзімен-өзі келмейді, тіпті оның мақсаттары мен мүдделері арнайы белгіленбейді. Біздің қанымызға сіңгені – дене тазалығынан, тектілігінен ұлттың рухы мен сана-сезімі сияқты қасиеттер қалыптасады. Баланың қалыптасуы  әке-шешеден, оның жауапкершілігі өз мойнында екенін олар әбден түсінеді. Балаларымыздың төңірегінде болып жатқан құбылыстар әр отбасына әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан аға мен іні, әке мен бала, шеше мен қыз арасындағы түсіністік бір-бірін сыйлағаннан, бір-біріне сенім артқаннан болатыны айдан анық. Балаға ата-анасы ең жақын, қымбатты адамдар. Әр баланың тәрбиесі бірдей болмаса да әрқайсысының кілтін табу басты мақсат». Бұл қарияның жүрек сөзі. Артындағыларына қалдырған рухани қазынасы. 
Айта кеткеніміз жөн шығар, әкесі Шаяхмет ақсақал қазақтан шыққан алғашқы мал дәрігерлерінің бірі болған. 1930 жылы жұмысшы факультетін бітіріп, одан кейін Мал-дәрігерлік институтты аяқтаған ол кісі Жаркент аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, республика Жер халық комиссарының орынбасары сынды аса жауапты қызметтерді атқарған. Сондықтан Мұрат Шаяхметұлын асылдың сынығы десек те артықтық етпейді. 
Бүгінде ағамыз құрметті демалыста, өмірлік қосағы Ғайнигүл Қaзиқызы екеуінің шаңырақ құрғанына жарты ғасырдан асты. Жұптары жарасқан аяулы жандар бүгінде балаларынан немере-шөбере сүйіп, бақытты да бақуатты тірлік кешуде. 
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демекші, өмірі мен өсу жолдары өзгелерге өнеге болатын Мұрат Шаяхметұлы 80 жасқа толып, ағайын-туыстың, ауылдастарының құрметіне бөленуде. Біздер де өзіміз ұстаз тұтар ағаны сол атаулы күнімен құттықтағанды жөн көріп отырмыз.

Мұхтар КҮМІСБЕК