Сағыныш НАМАЗШАМОВА: "ЖАНЫМДЫ ЖАҢБЫРМЕН ЖУАМЫН"

Уақыты: 30.11.2018
Оқылды: 2217
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

...Ол күні жерге түскен әрбір тамшыдан өлең иісі аңқып тұрды. Қолшатырға тығылған қос ғашықтың риясыз махаббатын еселей түсуге асыққандай жыр моншақтары төгілді аспаннан. Сондай ыстық, сондай мөлдір күйде. Иә, күздің соңғы күндерінің мұндай әсерлі күйге бөлеріне кім сенген?!

Оны бізге сыйлаған - өңірімізге ғана емес, елге танымал ақын Сағыныш НАМАЗШАМОВАНЫҢ "Қауырсын-ғұмыр"  атты шығармашылық  кеші. Оқушылар сарайында өткен театрландырылған әдеби-сазды кеш мүлде ерекше болды. Ақсу халық театры талантты  әртістерінің өлеңге құрылған қойылымы көрермендерді бір толқытты. Ақынның ауылға деген сағынышын жеткізген қыз-жігіттер кеш кейіпкерінің туындыларына жан бітірді.

Кеш иесі сазгерлік қабілетімен де көрінді. Кеш барысында Сағыныш Сабыржанқызы туған қызымен дуэтте ән орындап, жиылған қауымның ыстық ықыласына бөленді. Қаламды серік еткен, алыс-жақыннан келген аға-інілері де қалыс қалған жоқ. Ақынның  шығармашылығынан бір-бір өлең оқып, гүл шоқтарын табыстады. Сыршыл лирикамен үн қатқан ақынның жыр кеші туралы әлеуметтік желіде өте көп жазылды.

Мәселен, Саят Қамшыгер өзінің жеке постында: "Оқушылар сарайында өткен ақын Сағыныш Намазшамова құрдасымның шығармашылық кеші өте қызықты, өзгеше болды. Кеште отырып бейнебір қойылым көріп отырғандай әсерлендім. Біздің буынның ішіндегі ерекше тынысты ақын қыз Сағыныш лирикасымен өлең сүйер қауымды тербетті. Кештің режиссері де өзі екен", - деп жазды. Ал Назым Дүтбаева: "Сағыныштың кешінде бір өлең маған қатты әсер етті. Балаларыма еміренгенде, олардың тілеуін тілегенде дәл осы сөздерді тауып айта алмай жүр едім. Сағыныш соны сезгендей!. Аналардың тілегі бір! Ақынның артықшылығы оны жеткізе алатын дарынында", - дей келіп, жанына әсер еткен өлең шумақтарын көлденең тартады.

Алтыным, сүрінгенің, құлағаның –
Бекітіле бастауы бұғананың.
Жер ананың жылуын сезін солай,
Сүйегені не болар бір ананың?

Құлыным, құлағаның, жылағаның –
Шырқағаның қосылып бұлақ әнін.
Кең даланың дауысын ұғынып өс,
Тербеткені не болар бір ананың.

Анау не, мынау не деп сұрағаның –
Дүниенің тетігін бұрағаның.
Үлкен ұстаз өмір ғой, үлгеріп қал,
Үйреткені не болар бір ананың? 
- дейді Сағыныш ақын. Ал жуырда ғана "Айқын" газетіне берген сұхбатында ақын: "Өлеңнің өгейсірегені – өз жаның өзіңді өгей көргеніндей ғой. Жаныңа азық болуға не керек, соны жасасаң, өлең өгейсіремейді. Мен қазір проза мен поэзияны оқуды біраз доғарып қойдым. Әрине, оқитын дүние ұшан-теңіз. Бірақ дәл осы сәтте менің жа­ным жаратылыстың қыр-сыры, ғаламның жұмбағы ту­ра­лы сұрақтарға жауап ізде­гісі келетінін түсіндім. Ол ақпараттың бәрін көзсіз қабылдай бермей, көкірек сүзгісімен оқуға тырысамын. Әр күні алдыңнан шексіз кеңістіктер ашылған сайын таңырқайсың, таңданасың, өмір сүргің келеді, өлең жазғың келеді. «Уақыт десе шығады жан дауысым, жан дауы­сым – ол менің таңданысым. Уақытты ойлап тапқан екенбіз ғой, Кеңістікте адасып қалмау үшін» деген өлеңді сондай сәттерде жазсам керек. Жалпы, менің ойымша, өлең өгейсіремейді, тек аз ғана уақытқа дамылдауы мүмкін", - деп кеңінен толғап сұхбат берді. Тағы бір өлеңінде кейіпкеріміз:

Кірлетіп жатса да кіл ағын,

Жанымды жаңбырмен жуамын.

Көнеден қарасаң – кіршіксіз,

Төбеден қарасаң – күнәмін.

Түсіне алады кімді кім,

Бұл қоғам түсірер түндігін,

Шырқырап шығам деп ұмтылса

Сандықта сақтаған шындығым, - деп жырлайды.

Кеш соңында ақын Ерлан Жүніс Қазақстан Жазушылар одағының  атынан жаны лирикаға толы жауқазын жыр авторына Алғыс хат  табыс етті.

Мұхтар КҮМІСБЕК,

"Жетісу"