АТА МЕН ӘЖЕ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫН ЖАСАДЫ

Уақыты: 11.12.2018
Оқылды: 1350
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жамбыл ауданының тұрғындары Бекен Шынықұлов ағамыз бен Мәрияш Шынықұлова апамыздың шаңырақ көтергендеріне жарты ғасыр толыпты. Сонау 1968 жылы күз айында болған үйлену тойы – ағамыз бен апамыздың сағына еске алатын сәттерінің бірі. Елу жыл жарасымды ғұмыр кешкен жұбайлар Неля, Елмира, Бақтияр, Бақытжан есімді екі ұл, екі қызын мәпелеп өсіріп, университет оқытып, ел қатарлы халқына қызмет ететін еңбекқор етіп тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардан 11 немере сүйіп, ата-әже атанып, бақытты ғұмыр кешуде.

Қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген ұл-қыздары ата-анасының ғибратты ғұмырына зор құрметпен қарайды. Олар осы күнге жеткізген әке мен ананың адал еңбегіне алғыс әрі перзенттік міндеттің бірі ретінде алтын тойларын жасап берді. Бұл тойға осы әулеттің туыс-туғандары да қарап қалмай, бір шетіне шығып, болысыпты.

Алтын тойдың тәртібінде ерлі-зайыптылар сонау жас кезінде таққан мерекелік сақиналарын жаңартты. Бірге өскен айналасындағы замандас, құрдастарына дүбірлі той жасады. Осыны негізге алған Шынықұловтар әулетінің ұл-қыздары мен келіндері алтын тойды көпшілікке қызықты етіп, жаңа қырынан өткерді. Сонымен қатар, Мәрияш апамыздың 70 жасқа толған мерейі де қатар аталды.

«Бұл той бұрынғы тойдан өзгерек». Бұлай дейтінім, алтын тойдың бісмілләсі Мәрияш апамыздың туған үйінен басталды. Сонау 1968 жылы апамыз үлбіреген жас келін болып, туып-өскен үйінен ұзатылған еді. Міне, жарты ғасырдан соң ақ некелерін қайта жаңғыртып, ұзату той рәсімі тағы бір мәрте қайталанды. Сол бір қызыққа толы жастық шақтың куәсі болған замандастары да қос кейіпкеріміздің қасынан табылып, өткен күннен естелік айтып, қауқылдасып алды. Бекен ағамыз да жігіт кезін еске алып, қазіргінің жастары сияқты ұзын, ақ түсті «Лимузин» көлігімен келіп, апамызды қолтықтап заманауи көлікке қарай беттеді. Сыртта ән шырқалып жатыр. Құрдастарының кейбірі «Артыңа қарама, Мәрияш, барған жеріңе балдай батып, судай сің», – деп риасыз күлісті.

Қыздың ауылынан сусып шыққан «Лимузин» Тарғап ауылын бетке алды. Тарғапта – Бекен ағамыздың қара шаңырағы, үлкен атаның үйі бар. Алғаш шаңырақ көтергенде Марияш апамыз осы үйдің ақ босағасын аттап, келін болып түскен. Мұндағы қара шаңырақтың ауласын қаумалап тұрған көпшіліктің қасына «Лимузин» алыстан дабыл қосып келіп тоқтады. Көліктен түскен жұбайларды «Жар-жар» әнімен қарсы алған көпшіліктің қуанышында шек жоқ. Әжелеріміз шашу шашып, құжынаған бала-шаға кәмпитке тармасып, тойдың әрін кіргізе түсті. Осыдан соң Ұзынағаштағы «Нұрсұлу» мейрамханасында Алтын той мен Мәрияш апамыздың 70 жас мерейі өтті.

Бұл той, бір қарағанда, қызықты көрінсе, екінші жағынан жан сүйінер ғибратты іс дерсіз. Әрине, қолдан келсе, неге өзгелер де осылай жасамасқа?! «Елу жылда ел жаңа» дегендей, жарты ғасырдан кейін ұмыт болып бара жатқан ақ некенің тарихи сәтін қайта еске түсіріп, жаңғыртып, ағайын-туыстың басын қосып той жасап, Жаратушыға шүкірлік етуден асқан бақыт бар ма?

Саналы ұрпақ мәуелі жеміс сияқты. Жақсы күтіп, баптасаңыз беретін жемісі мол, діңі мықты болмақ. Бекен ағамыз бен Мәрияш апамыз да бейнетінің зейнетін көріп, ұл-қыздары мен туыс-туғандарының мейір-шапағатына бөленіп, бір жасарып қалды. Ол, әрине, адал еңбек пен текті ұрпақ тәрбиелегеннің арқасында келген бақ. Ынтымағы жарасқан әулеттің ырысы артады. Алла амандығын берсе, Шынықұловтар отбасының жүзге келген ғасыр тойына да куә болармыз ниеттеміз.

Бақтияр АЙТАЛЫ

Жамбыл ауданы