ЖЕТЕКШІМІЗ ЖІГЕР БЕРДІ

Уақыты: 14.01.2019
Оқылды: 1055
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

   Ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген екен. Бұл орайда Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжі оқытушыларының беріп жатқан үлгі-өнегесі мол. Мұндағы ұстаздар қауымы жастарға білім, тәрбие беріп қана қоймай, мамандық сырын меңгертіп, жарқын болашаққа қанат қақтырады. 

 

   Бізге есептеу техникасы және бағдарламалар мамандығы бойынша Баян Әбенқызы дәріс беріп, жетекшілік етті. Ол кісінің әр сабағы асқан шеберлікпен өтеді, әрбір айтқан сөзі шәкірттер жүрегінен орын тауып жатады. Ұстазымыз үнемі оқуға деген қызығушылығымызды арттырып, қанаттандырып отырады. Әрқайсымыздың сұрағымызға ерінбей жауап беріп, түсінбегенімізді тәптіштеп ұғындырып береді. Мәдениеттілігі, ұстамдылығы, қарапайымдылығы, кішіпейілділігі, биязы мінезі, байсалды жүріс-тұрысы, киім киісі бәрімізге үлгі-өнеге. Ұйымдастырушылық қабілеті де зор. Жалпы бүкіл болмысы жетекші осындай болу керек дегенді аңғартады. Жетекшіміздің демеуі мен бізге айтқан ақылы алға ұмтылуымызға күш-жігер берді, өмірден өз орнымызды табуға жетеледі. 
  Колледж директоры Әсет Қазиұлы басқарып отырған ұжымда  ұйымшылдық, береке-бірлік, ынтымақ бар. Болашақ мамандарға жарқын жол сілтеп, бағыт-бағдар беретін колледж оқытушылары мен өндіріс шеберлерінің де еңбегі ерекше атап айтуға тұрарлық. Осындай білім ошағында дәріс алғанымызды мақтан тұтамыз. Бұл колледжден әлі талай жастар түлеп ұшып, еліміздің жарқын болашағы жолында еңбек ете береріне сеніміміз зор. 

Мереке Қалиғажы
Талдықорған қаласы