СҮЙЕР ҰЛ, СҮЙІНЕР ҒАЛЫМ

Уақыты: 26.02.2019
Оқылды: 1375
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Киелі білім ордасына 1993 жылы оқытушы болып қабылдандым. Қуаныш, бақыт, қорқыныш, үрей, сан түрлі сезімдер арпалысы. Ол кез тоғыз жолдың торабына келіп, барар бағытымнан адасып қалғандай күй кешкен сәттер еді. Уақыт өте келе жұмысқа да төселдік. Ғылымның иісін сезе бастадық. Осындай күндердің бірінде жұмысқа Ол келді. Ұзын бойлы, сіліңгір қара жігіт. Назар аударатындай, үңіліп, көңіл бөлетіндей, адамды өзіне тартып алатындай мінезінен, тұрқынан ештеңе көре алмадым немесе көруге тырыспадым. Бұл – менің ол жайлы ширек ғасыр бұрынғы пікірім.

Бүгін ол – төбесіне аласа төнсе еңкеймей, биік төнсе шалқаймай, өмір жолын алшаң басып, асқақ жүріп келе жатқан абыройлы жан.Ол – орда бұзар отыз жасында танысып, өмір атты дүбірлі дүниенің ғылым, білім деген өлкесінде тізе қосып, бірге келе жатқан жан досым Мұратбек Иманғазинов.
Оның өмірге деген ақ қағаздай айрықша ілтипаты, адамға деген бауырмалдығы, дегдар азаматтығы, зиялылығы, терең білім-білігі, кең пайымы уақыт өткен сайын жарқырай түсті. Оның ата-анасымен, бауырларымен таныстық. Кіндік қаны тамған туған жеріне бардық. Тамыры тереңге кеткен болмысын білдік.
Мұратбек әрқашан жақсылықтың бастамасы бола білді. 1994 жылы оның алғашқы кітабы жарық көрді. Жасымыз отыздан асса да ғылымда сарыауыз балапанбыз. Оның кітап шығаруы біз үшін күтпеген жаңалық болды. Қол жетпейтін арман болып көрінді. Жүрегімізде аппақ қызғаныш ұялады. Оның жұлдызды сәттері осы пышақтың қырындай ғана кітаптан басталды. Жаңа құрылған жас кафедрамыздың іргесі нығайып, ғылыми әлеуеті жоғарылауына алғашқы болып түреннен жол салды.
1997 жылы қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің қара сөздің хас шебері екендігін дәлелдеп, кандидаттық диссертациясын қорғады. Ілиястану ілімін жаңа бір белеске көтерді. Досымыз үшін қатты қуандық, ұқсауға тырыстық. Ол жасаған ғылыми жаңалықты біз де жасағымыз келді. Оның соны соқпағымен біз де жүргіміз келді. Бүгінгі таңда ол кафедраның ғылыми әлеуетінің көтерілуінің бастамасында тұрған жан ретінде құрметтеледі.
Әлемдік ғылыми ортамен қарым-қатынаста болуы оның ғылыми ортада бағаланғандығын көрсетеді. М. Ломоносов атындағы ММУ-де, Италияда (Alma Mater Studorium-University), Болония қаласында, Испанияда (Universiti of Kamplutense), Мадридтегі университеттерде ғылыми тәжірибе алмасты. 2013 жылы М. Ломоносов атындағы ММУ-да ҚР Президентінің «Болашақ» грантының иегері ретінде ғылыми тағылымдамадан өтсе, 2014 жылы ҚХР Құлжа қаласындағы Іле мемлекеттік университетіне іссапармен барып-қайтты.
Мұратбек ісі тұрақты, ойы орнықты, пікірі байыпты, мақсаты бекем, айтары дәйекті ұстаз-ғалымға айналды. Ұстаз-ғалымның еліміздегі жоғары білім беру ісінің болашақ даму бағыттары мен олардың ғылыми негіздерін қалыптастыруға байланысты еңбектері аз емес. Оның дәлелі – 2008 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» атағын иеленуі.
Ғалым ретіндегі әмбебаптығы да ауыз толтырып айтарлықтай. 2008 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Антика әдебиеті мен қазақтың көне дәуіріндегі сюжеттік желілері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғап, 2011 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ЖАК профессор ғылыми атағына ие болды.
Алғашқылардың бірі болып қазақ әдебиеті мен антика әдебиетінің арасындағы сабақтастықты терең ғылыми пайыммен зерттеп, зерделеп, ғылымда жаңа бір арна ашты. Осы тақырыпта салмақты бірнеше зерттеу еңбегін дүниеге әкелді. Атап айтар болсақ, «Антика әдебиеті» (оқу құралы), «Антика және көне дәуірдегі әдеби терминдер анықтамалығы», «Көненің көзі туралы еуропалық мұрағаттар сыр шертеді» (оқу құралы).
Кандидаттық диссертациясының тақырыбы болған Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығы жайлы да бірнеше толымды еңбекті жазып шықты. Нақтыласақ, «Ілияс прозасындағы дәуір дидары» (оқулық), «Ілияс Жансүгіров» (монография), «Тамаша адамдар өмірі» сериясы бойынша кітап, «Ильясоведение» (оқу құралы).
Еңбегі ресми мойындалып, салмақты-салиқалы марапаттарға ие болды. 2009 жылы «Білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін» ҚР БҒМ Мақтау грамотасы, 2010 жылы «Мұхаметжан Тынышпаевтың тарихи мұрасын зерттеуге үлес қосқаны үшін», 2012 жылы ҚР ғылымының дамуына үлес қосқаны үшін ҚР БҒМ медалі, 2016 жылы «Ілияс Жансүгіров» медалі, 2017 жылы ҚР БҒМ «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталды.
Ұстаздың бақыты – шәкірттерінде. «Мұратбек ағай дәлізде жүре алмай қалады. Себебі, білімгерлердің бәрімен тоқтап, амандасып, қал-жағдайларын сұрап жатады», – деген шәкірттерінің жылы лебізін естігенде, оның адам ретіндегі кеңжүректілігін, қарапайымдылығын, жанашырлығын сезінесің, осы іс-әрекетінің бәрі туабіткен мінезі екендігін тағы бір мойындайсың.
Мұратбек әріптесіміздің жанкешті еңбекпен келген барлық жетістіктері көз алдымызда. Сүйіндік, сүйсіндік. Бұл күнге ол өзі ғана абыроймен жеткен жоқ, айналасындағы достарының барлығына шуағын тигізді. Қандай жағдай болмасын, достығымыз алда тұрды.
Ел басына түскен әлеуметтік, экономикалық, моральдік қиыншылықтарды біз бірге көрдік. Бірге еңсердік. Бірге жеңдік. Университеттің жатақханасынан шығып, баспаналы болдық. Баспаналы болуда бір-бірімізге қаржылай көмек көрсеттік. Біз үшін бұл – тарих. Достықтың тарихы. Бұрмаланбаған тарих. Жүрегімізге нұр құятын, есімізге алғанда ризашылығымызды тудыратын, көркем бояуға малынған достықтың тарихы.
Мұратбектің жұбайы Жемісжан Сәттібекқызы – білім ордасының білдей бір маманы, үш баланың анасы, әлеуеттің ақылшысы. Онсыз қайын жұртында, өз жұртында, достар арасында да дастарқан жайылмайтын, бір шәугім шай ішілмейтін сыйлы, парасатты жан. Алла тағала қалғып кеткенде қосылып алған, төрт құбыласы түгел, түтіні түзу, іргесі бекем отбасының отанасы.
Мұратбек – атадан жалғыз ұл. Өзі екі қыздан кейін ұлды аңсап жүрген кезде, қырықтың бірі Қыдыр дегендей, қазақтың батыры Қасым Қайсенов үйлеріне келіп, батасын беріп, көп ұзамай ұлды болды. Батыр ағамыздың құрметіне ұлдарының атын Қасымхан қойды. Жүрегіміз жарылардай қуандық. Олардың бақытты сәттердегі сезімдерін бөлістік. Ниетке береді деген танымды маған Мұратбек мойындатты. Дос болған ширек ғасырда оның ниетінің түзу, ойының таза екендігін үнемі көріп келемін.
«Аз қайғыны ас басады, көп қайғыны дос басады» дегендей, басымыздан қайғы-қасірет те өтті. Қайғымызды бөлісті, қасіретімізді ұмытуға сеп болды, алдағы өмірге үміт сыйлады. Жақсылығымызды, қуанышымызды да естен шығармай, ескерусіз қалдырмай, ізгі ниетін үнемі білдіріп отырады. Құдды дүниедегі ең маңызды, ең сүйікті жалғыз шаруасы осы сияқты.
Қиямет күні асыл Пайғамбарымыз жеті түрлі адамды панасына алатын көрінеді. Солардың бірі – бір-біріне адал достар екен. Атам қазақ: «Достықтың үш түрі бар. Біреуі қорадан мал шыққанша, біреуі шекеден қан шыққанша және біреуі кеудеден жан шыққанша», – депті. Адал достығымыз Алла тағаланың назарында болып, өмірдің базарында әлі де болса аман-саулықта жүре беруге нәсіп етсін.
Мұратбек әріптесімізді екі бестіктен тұратын мерейлі тойымен құттықтаймыз! Қалың елі, тілектес ұжымы, жанашыр отбасы, адал достары бар осындай жан туралы жақсы сөз айтпау күнә болар еді. Ойымызды Абайдың: «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол», – деген сөзімен аяқтағымыз келеді.

Шара КЫЯХМЕТОВА,
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты