ИТІНЕ ИЕ БОЛМАЙТЫН АДАМДАРДЫ ЖАУАПҚА ТАРТАТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ

Уақыты: 12.03.2021
Оқылды: 1838
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Кәмшат әдетте ұйқысынан сергек оянатын. Бұл жолы олай болмады. Тіпті, сағаттың шырылына да мән берер емес. Бірақ тұрмасқа амал жоқ. Өйткені, жұмысына кешікпей баруы тиіс. Өзін қинай-қинай төсегінен әрең қозғалды.

Жуынатын бөлмеге қарай аяңдап еді, оң аяғы тағы да шым ете түсті. Жарасы әлі толық жазыла қоймаған. Дереу дәрісін жақты да, дәкемен таңып тастады. Таңғы асын ішкен соң, киініп сыртқа шықты.

Далада ызғар бетті қарып тұр. Аялдамаға дейін бір шақырым жер. Осы аралықты ол күнде жаяу жүріп өтеді. Бұл жолы өзін жайсыз сезінді. Жүрген сайын тұла бойын үрей билеп бара жатқандай. Тағы қайдан тап берер екен деп алды-артына қарайлай берді, қарайлай берді.

Бұл оқиға осыдан бір ай бұрын болған. Дәл осы көшеде, дәл осы уақытта. Ол емен-жарқын аялдамаға қарай бет алған. Кенет қайдан тап болғанын, бір қаңғыбас ит арсалаңдап келіп оның аяғына жармасады. Сол сәтте Кәмшаттың ащы дауысы шыққан. Иттің тісі балтырына қатты батқаны соншалық, біраз күн төсек тартып жатты.

Қарап отырсақ, қаңғыбас иттерден зардап шеккен жандар өмірде аз емес. Иттің қапқаны былай тұрсын, балаларды талап өлтірді дегенді естігенде төбе шашың тік тұрады. Сондай оқиғаның бірі Қарағандыдағы Сәтпаев қаласында болып, бір отбасы қара жамылды. Олардың алты жасар қызын бұралқы иттер азаптап өлтірген. Шелек ауылында да тағы осындай қайғылы жағдай жаға ұстатты. 2019 жылдың қараша айында 8 жасар баланы өз иті талап тастаған. Бүлдіршін бірден жантәсілім еткен. Мұндай жантүршігерлік оқиғаларды естігенде тіксінесің. Сонда қаңғыбас иттер қайдан шығады? Олардың осыншалық қатыгездікке баруына не себеп? Осы тектес сұрақтар әркімді мазалайтыны рас.

Атамыз қазақ итті жеті қазынаның біріне балаған. Оған ерекше мейіріммен қараған. Тіпті, ит адамның айнымас серігі болған. Ондай мысалдар жетерлік. Сондай бір әңгімені Талдықорған өңіріндегі шаруашылықтың бірінде бас экономист болып қызмет істеген Жұмақан ағамыздан естіген едік.

Жайлаудың алыс төріндегі қойшының баласы кенеттен қатты ауырып, жағдайы нашарлай бастайды. Дәрігер шақырудың мүмкіндігі жоқ. Шарасы таусылған әке атына мініп күншілік жердегі ауылға кетеді. Баланың анасы ауру перзентімен оңаша қалып зар еңірейді. Не істеп, не қоятынын білмей әбден қиналады. Сол кезде киіз үйдің есігінен өзіне қарап тұрған итіне көзі түседі. Іштегі бар мұңын төрт аяқты серігіне ақтарып егіледі. «Итім-ау, сені күшігіңнен асырап едім! Өзіңнен басқа ақыл сұрайтын ешкім болмай тұр. Не істесем екен?! Баламды ажал тырнағынан қалай құтқарып қаламын?!» деп жылай-жылай талықсып кетеді.

Көзін ашқанда адам сенбейтін көріністің куәсі болады. Баланың бүйіріне бүйірін тигізген күйі өліп жатқан итін көреді. Ал ауырып жатқан ұлы есін жинап, көзін ашады. Бұл оқиға малшылар арасында аңыз болып тарап кетті. Ал алпысыншы жылдары Өзбекстанда болған мына бір жағдайға таңғаласың әрі таңданасың. Ол туралы кезінде тілшілер баспасөз бетіне жарыса жазды.

Жаймашуақ күндердің бірі. Бір отбасы түскі асын ішіп отырған. Сол кезде аулада жүгіріп жүрген иті ашық тұрған есіктен үйдің ішіне басын сұғып, дамыл таппай үре бастайды. Бірақ ешкім оған соншалықты мән бермеген. Әлгі ит үруін тоқтатар емес. Кенет үйдің ішіне атып кіріп, бесікте жатқан нәрестені жөргегінен тістей салып сыртқа қарай зыта жөнеледі. Үйдегілер өре түрегеледі. Мынау құтырған екен деп бәрі иттің соңынан қуады. Сол сәтте не болды дейсіз ғой? Жер сілкінеді. Оның жойқын болғаны соншалық, үй әп-сәтте топырақ үйіндісіне айналған. Иттің артынан далаға шыққан бүтін бір отбасы осылайша ажал аузынан аман қалыпты. Міне, төрт аяқты жануардың адамға жасаған жақсылығының көріністері.

Экраннан «Хатико» фильмін көрмеген адам кемде-кем шығар. Басты рөлде атақты америкалық актер Ричард Гир ойнайтын кинотуынды адам мен иттің арасындағы сүйіспеншілікті, адалдықты паш етеді. Иесі қайтыс болса да сенімді серігі – иті оны өле-өлгенше вокзалдың алдында күтумен өтеді. Бұл фильмді көрерменнің толқымай, тебіренбей көруі мүмкін емес. Кино шынайы өмірден алынған. Ол оқиға Жапонияда болған. Тіпті, сол елде әлгі итке арналған ескерткіш те бар.

Әрине, айта берсек ит пен адамның достығы туралы көркем шығармалар, кинолар, аңыз-әңгімелер аз емес. Алайда адамға шабатын құтырған иттер туралы не айтамыз? Олар неге осыншалық зұлымдыққа барады? Сонда бұған кім кінәлі? Ит пе әлде оған дұрыстап қарамаған оның иесі ме?

«Көше кезіп жүрген бұралқы иттердің көбейіп кетуіне адамдардың өздері кінәлі», – дейді Есік қаласында тұратын дәрігер Азамат Әубәкіров.

– Бала кезімде мені көрші үйдің иті талады. Алған жарақатым ауыр болды. Қатты қиналдым. Айлап, жылдап аурухана есігін тоздырдым. Дәрігерлердің арқасында ғана бетім бері қарады. Сол кезде түн ұйқысын төрт бөліп, науқастарға жан-тәнімен қараған ақ халатты абзал жандардың жанкешті жұмысын көріп, есейгенде мен де дәл осылар сияқты адамдарды емдейтін боламын деп армандадым. Арман алдаған жоқ. Қазір дәрігерлік қызметтемін. Кішкентайымнан итті өте жақсы көріп өстім. Сондықтан, бала кездегі азапты күндерді басымнан өткерсем де, итке деген сүйіспеншілігім сол қалпында. Қазір өзім де ит ұстаймын. Оған кәдімгі отбасының бір мүшесі ретінде қараймыз. Тамағын уақытында береміз. Тиісті ем-домын жасаймыз. Солай етсең, ит те саған адал болады деп ойлаймын. Бірақ көпшілігіміз осы қағидаға соншалықты мән бермейміз. Қаңғыбас иттердің көбеюіне өзіміз кінәліміз. Қараусыз қалған иттер көше кезбегенде қайтеді? Олар да ауырады. Әсіресе, құтырмасы қозса, ол адам өмірі үшін өте қауіпті. Неше түрлі сұмдық оқиғаларды естіп те, көріп те жүрміз. Итіне ие болмайтын адамдарды тәртіпке салатын уақыт жетті, – дейді Азамат Әубәкіров.

Ойды ой қозғайды демекші, осыдан екі жыл бұрын Бөлек ауылына іссапармен барғанбыз. Алма өсірумен айналысатын бағбанның тәлімбағын аралап, ол туралы көлемді мақала жаздық. Сонда Мердали ағаның бау-бақшасындағы он шақты итті көріп таңданып едік. Осыншама иттерді қайдан тауып алғансыз деген сауалымызға ол: «Айдалада қаңғып жүрген жерінен кезіктірдім. Сөйтіп, үйіме алып келіп, оларға бас-көз болдым. Қазір өздерің көріп отырғандай, олар менің адал күзетшілеріме айналды. Жер еміп өскен шаруалар ала жаздай ауыл сыртындағы өздеріне тиесілі жерлерді игереді. Бау-бақшасын баптап күтеді. Жеміс-жидегін ұры-қарыдан қорғау үшін ит ұстайды. Ал бірақ күздегі жиын-теріннен соң солардың кейбірі әлгі «күзетшілермен» шаруасы болмайды. Оларды айдалаға тастап кетеді. Өздерің көріп тұрған мына иттер – тастандылар», – деп күрсіне жауап қатқан еді.

Бүгін ағамыздың сол айтқандары еске түсіп отыр. Баяғыда үлкендер «Иттің обалына қалмаңдар, оның қарғысы жаман» деп ескертіп отыратын. Өкінішке қарай, сол өсиетке көпшілігіміз баса мән бермейміз.

Ал енді қаңғыбас иттермен айналысатын арнайы мамандар не дейді? Оған да құлақ түрелік. Облыстық ветеринария басқармасының Еңбекшіқазақ ауданындағы өкілі Еркін Биханов біз қойған сұраққа былай деп жауап қатты:

– Облыстық мәслихатттың 2019 жылғы 31 шілдедегі №51-257 шешімі бар. Біз осы негізде жұмыс істейміз. Онда иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және олардың көзін жою қағидалары жан-жақты көрсетілген. Мәселен, өткен жылы аудан бойынша 3000-ға жуық ит пен мысық ауланды. 5 адамнан құралған арнайы бригадамыз бар. Олар автокөлікпен барлық елдімекендерді ай сайын аралайды. Ауланған ит мен мысықтарды уақытша ұстау орнына апарып қамайды. Сонда үш күн бойы болады. Тамақтанады, дезинфекцияланады. Әлеуметтік желі арқылы ұсталған иттердің суретін жариялаймыз. Егер осы уақыт аралығында ешкім хабарласпаса, иелері иттерін іздеп келмесе көздері жойылады. Негізінен әрбір иттің ветеринарлық төлқұжаты болуы тиіс. Бірақ бұл талап орындалып жатқан жоқ. Біздің мекеме тек шаруа қожалықтарының иттеріне ғана тексеріс жүргізеді. Ал ауыл тұрғындарына ондай талап қоя алмаймыз. Ол мәселемен тек жергілікті билік айналысады. Сондықтан ит асыраған әрбір тұрғынды ветеринарлық-санитарлық нормаларды қатаң сақтауға, иттерін дұрыстап бағуға міндеттеген абзал. Ал егер оны орындамаса «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 406-бабына сәйкес жауапкершілікке тарту керек. Сонда ғана қаңғыбас ит пен мысықтардың көбеюіне тосқауыл қоямыз, – дейді Еркін Биханов.

Иә, заң үстемдік құрған жерде тәртіп болады. Мәселен, қаңғыбас иттерден ең бірінші болып тазаланған ел Нидерланды екен. Олар мұндай өркениетке қалай жетті деп ойлайсыз? Әрине, темірдей тәртіптің арқасында. Бұл елде билік итіне дұрыстап қарамаған, заңға құлақ аспаған адамдарға көп мөлшерде айыппұл салған немесе үш жыл бас бостандығынан айырған. Германия, Дания, Бельгия және тағы басқа Еуропа елдерінде де ит асыраудың мәселесі оңтайлы шешімдерін тапқан.

Ал бізде ше? Бізде көздері жойылған қаңғыбас ит пен мысықтарды түгендеуден ары аспаймыз. Сонда дейміз-ау, өлген ит пен мысықты санағаннан не пайда, егер оның салдарымен күреспесе? Иттеріне ие болмағандарды заң алдында жауапқа тартпаса, айыппұл салмаса! Егер тиісті орындар әрбір ит асыраушыдан қатаң тәртіпті талап ететін болса, көше кезген қаңғыбас иттер болмас еді. Адамдарды тістеп, балаларды таламас еді. Өкініштісі сол, арнайы заң бола тұра, оның тиісті дәрежеде орындалмай жатқаны қайран қалдырады.

Әрине, иттің бәрі Хатико емес. Кім білсін, егер Хатико күшік кезінде бір қатыгез жанға тап болса қайтеді? Кинодағыдай мейірімді бола ма, әлде болмай ма? Сондықтан, «Ит иесіне тартады» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Ендеше, итімізге ие болайық!

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы