ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ІЛЕ АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРАТУРАСЫНА СЫН ТАҒЫЛДЫ

Уақыты: 16.02.2022
Оқылды: 1590
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Facebook әлеуметтік желісінде Іле аудандық прокуратурасына қатысты сын айтылды.

Желі қолданушысы, журналист Асқарбек Қазанғап жеке постында Іле ауданы прокуратурасының маңдайшасына орнатылған Елтаңбада "Қазақстан" деген жазу кириллицамен тұрғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2018 жылы еліміздің барлық мемлекеттік органы мемлекеттік рәмізді латын қарпіндегі жазуы бар жаңартылған нұсқасына - QAZAQSTAN-ға ауыстыруы тиіс болған.

"Ғимарат маңдайшасындағы Елтаңба жазуы әлі күнге латын қарпіне ауыспаған. Ал мемлекеттік мекемелер ол ережеге 4 жыл бұрын міндеттелгенін ескерсек, құзырлы органның тәртіпке бағынуға құлқы жоқ сыңайлы. Төбесінде тұрған Елтаңбаны пысқырмаған бұлар адам тағдырын қайтіп жатыр екен дейсің? Осынша уақыт оны ұмыт қалдырып, неге ауыстырмағандарын енді қалай түсіндірер екен? Бюджеттен ақша қарастырылмаған шығар", - дейді жазба авторы.

Кейінірек Іле ауданының прокуратурасы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Қадағалау органының мәліметінше, әлеуметтік желідегі жазбадан кейін Елтаңба ауыстырылған. "Осы орайда бұл деректі аудан прокуратурасының басшылығы назарға алды. Мемлекеттік Елтаңба ауыстырылды. Басқа ештеңе айта алмаймын", - деді телефон арқылы сөйлескен аудан прокурорының орынбасары Нұрбосын Мақашев.

Еске салайық, 2018 жылдың қыркүйегінде ғылыми-техникалық комиссия еліміздің мемлекеттік Елтаңбасының жаңартылған стандартын бекіткен болатын. Қазір Елтаңбада QAZAQSTAN деп жазылады. Тиісті өзгерістер сол жылдың 1 қарашасынан бастап күшіне енген "Мемлекеттік рәміздер туралы" заңға енгізілген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"