МЕКТЕПТЕГІ БАЛА ТӘРБИЕСІ: БІЗ НЕНІ ҰМЫТТЫҚ? НЕНІ ЕСКЕРМЕЙ ЖҮРМІЗ?

Уақыты: 04.10.2022
Оқылды: 2364
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Мектеп – тәртіп пен білімнің, мәдениеттің ортасы. Оқушылар өз әдебін қалыптастыратын жер. Ал бойға сіңген ілім мен білім, әдет  пен тәрбие – келешектегі жолыңды, өмірдегі орныңды айқындап бермек. Осы жолғы мақаламызда мектептегі оқушылардың тәртібі турасында сөз қозғасақ дейміз.

Мектеп қабырғасында жүргенімде шашы мен тырнағы өсіп, кітабы қапталмаған, форма кимеген, тәртіп бұзған оқушыларды кезекші сынып сенбі күні болатын лездемеде аттарын айтып, қосымша «Жезтырнақ» деген әзіл-қалжың өлеңі бар газет шығаратын. Бәріміз сол газетке шығып кетпеу үшін тиянақты жүріп, әр затқа ұқыпты қарайтынбыз. Кезекшілер бір ескерту жасап, қайта айналып келгенге дейін қорытынды шығаруға асығатынбыз. Есіміңнің көпшілік көзінше айтылып-жазылуы – ұят. Ал ұят – өліммен тең. Сенбіде кезекшінің тізімінен табылған бала келесіде дұрыс жүріп-тұруға тырысатын. Оған сыныптастары да көмектесетін. Бұл жүйе – ұстазды араластырмай, оқушы оқушыны тәрбиелейтіндей көрінетін.  Ал бүгінде жағдай өзгеше. Мұғалімнің де, оқушының да өз айтары бар. Тәртіп басқаша қадағаланады.

– Бұрынғыдай тәртіп бұзса, мектеп ережесін сақтамаса газетке шығару деген жоқ. Тіпті, оқушыға оқушылардың көзінше ұрыссаң – кемсіткенің, тіл тигізгенің. Ондай балалармен жеке сөйлесеміз. Тәртібі нашарлап бара жатса, мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына апарамыз. Одан қорытынды шығармаса, ата-анасымен келісе отырып, мектептен шығаруға дейін барамыз, – дейді Талдықорғандағы дарынды балаларға арналған №20 арнаулы лицейдің мұғалімі Ерден Нұрахмет.

Мектеп – тәрбиенің ошағы. Оқушылар бір-біріне қарап селбесе өсіп, өздерін сол ортаға бейімдейді. Тәрбие беру тұрғысында оқушының әкесі мен анасынан кейін ұстаздың да алатын орны ерек. 

– Қабырға газеттерін шығару, болмаса көпшілік көзінше ұрсу, қателігін айту атымен жоқ. Бізде оқушылардың өз ережесінен тыс ұстаздарға арналған «Оқушыларды қорғау саясаты» атты ереже бар. Елімізде 22 Назарбаев зияткерлік мектебі болса, сондағы бар мұғалім көктемде аталған ереже бойынша тест тапсырады. Оқушы тәртіп бұзса, бір нәрсе бүлдірсе ереже бойынша жеке сөйлесеміз, сынып жетекшісіне айтамыз. Көпшілік көзінше айтсақ, бұл баланың құқығын таптау болып саналады. Ал енді өзім де ана болғандықтан, дәл осы тақырыпқа пікір қоса кетсем. Балам оқитын мектептің ұстаздары ата-аналар отыратын әлеуметтік желідегі ортақ чатқа: «Мыналар жұмыс істеді, мыналар бос отырды», – деп суретке түсіріп жібереді. Басқа ата-аналарды ойлаймын, олардың көңіл-күйін түсінемін. Дәл осындай істі дұрыс емес деп ойлаймын. Әр баланың психологиясы әр түрлі, – дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Зейнегүл Жұмабекова. Рас, бүгінгі оқушылардың психологиясын тап басып, нақты айта алмайсың. Осы тұрғыда отбасылық кәсіби психолог, халықаралық дәрежеде куәландырылған практик, тренер Мөлдір Болатқызы:

– Бұрын тәртіп бұзған оқушының ар-ұятын ояту, жауапкершілігін арттыру үшін көпшілік көзінше лездемеде атын атап, «Кірпі» сияқты қабырға газетіне шығаратын. Біз бала тәрбиесіне келгенде 2010 жылдан бастап Еуропаға еліктеп тәрбиелеу моделін көшірдік. Оны өзімізше насихаттадық, тіпті арнайы мамандар алдырттық. Сол кездегі ата-аналар баланы «тұлға» көру осы екен деп оларды ешнәрседен шектемеді, шамадан тыс мақтады, еркіндікке жіберіп, бос уақытын көбейтті. Содан да болар, бүгінгі оқушылардың психологиясында өзгеріс өте көп. Біз норманы ұмыттық. Қай кезде мақтап, қай кезде қолдау керек екенін ажырата алмай қалдық. Сондықтан да бүгінгі балалар тым мақтаншақ, өздерін жоғары санайды. Жаман оқып жатса да «норма» деп есептейді. Ал бұлар баланың психологиясына кері әсер етеді. Мақтап-мақтап келген балалар  үлкен қоғамға араласатын тұста дайын болмай жатады. Балаларға ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүруді үйретіп жатқанымыз қынжылтады. Бүгінгі оқушылар өз-өздерін лайықты бағалай алмай, өздеріне есеп беруді білмей жатыр. Психологиясы әлсіз балаларды дайындап жатқанымыз рас. Ал олардың әлсіз болуына әсер етіп жатқан тағы бір жағдай – ғаламтор. Интернетте сүзгіден өтпеген ақпараттар өте көп. Тіпті, кейбірін үлкендер қабылдай алмайды. Түрлі әлеуметтік желілер, сайттар бар және соның әрқайсысынан жас ерекшелігіне қарамастан әртүрлі ақпарат алады. Сондықтан да болар, тез ашуланғыш, ренжігіш, қатыгез, тіпті, әке-шешесіне өкпелейтін балалар көп, – деп түйді.

Жыл басында Талдықорғандағы №4 мектептің  9-сынып оқушысы биология пәнінің мұғаліміне сабақ үстінде дауыс көтеріп, балағаттаған бейнебаян ғаламторды кезіп, қызу талқыға түсті. Бұл жайт сол кездегі Білім және ғылым министрінің де назарын аудартты. Аталған мектептің директоры Алтыншаш Байгенженова:

– Болған жағдай мектептің беделіне кері әсерін тигізді. Дегенмен де осы бір оқиғадан кейін мектепте тәрбие жұмысы осал, балалар тәрбиесі нашар деп тұжырымдау дұрыс емес. 90 жылдық тарихы бар мектепте екі мыңнан астам оқушы болса, 180 қызметкер жұмыс істейді. Өзімнің осы мектепте қызмет істегеніме 25 жыл болды. Негізі, тәрбие жұмысы – өте ауқымды жұмыс. Күнделікті мектеп өмірінде әртүрлі жағдай болады. Бірақ бұрынғыдай тәртіп бұзған оқушыларды лездемеде айтып, газетке шығару деген қазіргі кезде дұрыс емес, ол керісінше, кері әсерін береді. Бала мұндай кезде ашуланып, оғаш қылық жасауы мүмкін немесе керісінше тұйық болып қалады. Қазіргі балалардың психологиясы өте нәзік, сезімтал.  Тәртіп бұзған оқушымен істеген қылығының салмағына қарай жұмыс жүргізіледі. Баламен жеке жұмыс, ата-анасына ескерту, «тәуекел топқа» немесе «мектепішілік», қалалық ІІБ  есебіне алу, алдын алу кеңесіне шығару дегендей. Бұзақылығының түріне қарай ата-анасы «әкімшілік жазаға» тартылуы мүмкін. Менің айтарым, дұрыс тәрбие беру үшін баланы жақсы көріп, жүрегіне жол тауып, оларды түсінуге тырысу керек, – дейді.

Әр мектепте тәртіп әртүрлі қадағаланады. Оған жоғарыдағы пікірлер айғақ. Ал кезекші сыныптар жұмыс істейтін мектептер әлі де бар. Соның бірі – Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы Максим Горький атындағы мектеп. 

– Мектептегі тәртіпті қадағалау жүйесіне көңілім толады. Арнайы мектеп инспекторлары бар. Тәртіп солардың көмекшілері арқылы қадағаланады. Олардан тыс кезекші сынып жұмыс істейді. Ал кезекшілікті 9-10-сыныптар атқарады. Олар апта сайын ауысып отырады. Тәртіп бұзғандар айтылады, оларға тиісті шара қолданылады, – дейді аталған мектептің 11 «А» сынып оқушысы Аяжан Дүйсенғазинова.

Осы орайда Жүсіп Баласағұнның «Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде» болмаса «Бала нені білсе жастан, ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деп айтқаны ойға келеді.

Жалпы, оқушы тәртібі бүгінгі күннің басты тақырыптарының бірі. Елдің келешегі үшін маңдай терімен еңбектенетін жанды тәрбиелеу – негізгі мақсат. Ал мектепте бала бойына сіңген білім, көрген тәрбие, айтылған сөз өмірінің соңына дейін бағдаршам болмақ. Оқушыға дұрыс бағыт көрсету, оң жолды нұсқау – біздің міндет.

Серік ҚАНТАЙ

Жетісу облысы