ЖЕЛІККЕНДЕРГЕ ЗАҢ БАР МА? БІЗГЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ПОЛИЦИЯСЫ КЕРЕК

Уақыты: 20.10.2022
Оқылды: 1405
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Заман дамып, технологияға сұраныс үдеген сайын әлемжелінің қоғамдағы орны да едәуір артты. Таяқтың екі ұшы бар секілді, ғаламтордың да тигізіп жатқан пайдасы мен зияны қатар келеді. Айталық, әлеуметтік желілердің арқасында қайырымдылық шаралары, қоғамдық қызметтердің жұмысы жанданып, халықтың пайдасына шешіліп жатыр.

Қуантарлығы сол, қаншама панасыздарға халық болып үй әперіп, өлім мен өмірдің арасында жатқан науқастарға қаражат жинап, ажалдан арашалап қалуда. Сауабы сансыз осындай игі істер аядай ғана телефонның ішіндегі желінің жылдамдығымен әп-сәтте шешіліп жатыр. Алайда, зияны да жоқ емес!  

Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың арасында ескеруді қажет етіп, мойын бұрғызатын күрмеуі көп мәселелер де ушығып тұр. Мәселен, «Tik-tok», «instagram» желілері бүгінде пайдаланушыларының көптігінен алдыңғы орында. Кез келгеннің телефон мәзірін ашып қалсаңыз жарқ ете қалатын аталмыш мессенджерлердің жұмыр басты пендені тәуелді етіп, бас көтертпей қоятын не құдіреті бар дейсіз ғой?!

Жас демей, кәрі демей, бір сөзбен айтқанда еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін желінің торына шырмалған. Көзін тырнап ашқаннан телміргені "тик-ток" па дерсіз?

Жә, хош! Ақпараттық-технологияның қарыштап дамыған заманында желілік белсенділіктің жоғары болуы да қалыпты шығар. Алайда әр нәрсенің шегі мен орны болуы керек емес пе?! Айтқым келгені, біздегі Ұлттық қауіпсіздік комитеті әлеуметтік желілерге неге бақылау жүргізбейді? Желіде жүріп жатқан мылтықсыз майдан қоғамдағы тәртіпсіздіктен де қауіпті.

Аталған желілердің тікелей эфирлері тым қолжетімді. Дәл осы тікелей эфирді қосып қалсаңыз, бесіктен белі шықпаған мектеп оқушылары ауыздарына келгенін көкіп, әлемжеліде желігіп отыр. Ол ол ма, бет-аузын бүркемелеген жап-жас қыздар тіпті, келіншектер де эфирде белсенді. Таңғы 3-4 шамасында түсініксіз пайымдағы ұлтымыздың ұстанатын мазхабына  жат ағымды ашықтан ашық жарнамалап отырады. Көрермені де өзіміздің қаракөздер. Ол аз десеңіз ащы суға сылқия тойғандардың тойлатып, ырың-жырың, мән-мағынасыз әңгіме айтатын орны да осы эфирлер.

Бұл алаңнан бір жынысты трансгендерлер мен көгілдірлерді де табу оп-оңай. Осындай жүгенсіз кеткен желі қолданушыларына тұсау сап, тексеріс жүргізетін өкілдіктер неге жұмыс істемейді? Бармақтай балаға телефонды ұстата салып жыламағанына мәзбіз. Ал ол кімді көріп, кімнен тәрбие алып жатыр?! Жоғарыдағы «желі жұлдыздарын» тамашалап, санасының уланып жатпағанына кім кепіл?

Бұл - біздің қоғамның үлкен дерті. Шектеусіз таратылып жатқан сан-түрлі ақпараттар желіде желдей есіп жүр. Өтірік-шыны, ақ-қарасы белгісіз қаңқу әңгімелерді естіп алып, өз-өзінен тон пішіп жүретіндер тағы бар.

Кез-келген дүниенің жақсысын саралап, жаманын тоқтатып, сүзгіден өткізіп, керек жерін ала алсақ, өзімізге де қоғамға да зор септігіміз тиер еді. Әлеуметтік желілердің шектеусіз мүмкіндігінің  салдары рухани азғындауға алып келе жатыр. Биліктегілер мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті назарға алып, әлеуметтік желі полициясын тағайындаса, тізгінсіз кеткен тентектерге тұсау болар еді.

Маржан ЕРҒАЛИҚЫЗЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің 2-курс студенті