"МІЛІТСӘ ҚАМАП ҚОЯДЫ": ТАКСИДЕГІ КЕЙУАНА ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІН СЫНАДЫ

Уақыты: 31.07.2019
Оқылды: 1060
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Құлан ауылынан Тараз қаласына алып баратын таксиге отырғанмын. Жасы сексенді алқымдаған кейуана да жайғасты осы көлікке. Ауылдан шыққаннан әңгімесін бастаған әжейдің сөзінен ана деген ұғымның қасиеттілігіне тағы бір елі тереңдей түскеніміз рас.

- 85 мың теңге пенсия аламын, - деп бастады қария әңгімесін сол сәттегі сөз ауанына қарай.

- Жақсы ғой, апа! - деп жатырмыз бәріміз жамырап.

- Қайдағы, қараң қалғыр! Тоқсан тоғыз тесігі бар жалған тірліктің жамайтын. Мен жиырма бес жыл сауыншы болдым. Сондағы алатыным - 85 мың теңге! Қазір пенсияға шығатындар бір сиыры мен жылқысын беріп, 125 мың теңге пенсия алып жатыр екен, қараң қалғыр. Олар не бітірді десейші? Біз жиырма бес жыл бойы таңғы үштен тұрып, отыз сиыр саудық, отыз сиыр! - дейді үш саусағын көрсетіп.

Қасында отырған тәтей:

- Апа-ау, соны әкімшілікке барып айтпайсыз ба енді? - дейді ғой.

- Бізді кім тыңдайды, қараң қалғыр! Оның үстіне, қазір ондайды айтсаң, мілітсә қамап қояды дейді ғой білетіндер. Бірақ Назарбаиыптың кезінде мұндайды айтқызбайтын еді, қазіргі Президентке кіріп арызыңды айтуға болады екен ғой, - деп бір қайырды әжей.

"Күлсең, кәріге күл" деген, миығымыздан жымиып біз отырмыз. Әй, ақжүрек апаларым-ай! Сәлден соң жолаушылардың бірі:

- Апа, қыдырып жүрсіз бе? - деді.

- Жоға, қараң қалғыр! Қыдырып жүрсем жақсы ғой. Ұлыма келдім Жуалының түкпіріндегі бір ауылдан. Балам Құландағы туберкулезді емдейтін бәлінседе жатыр. Сол бәлінсені 20-шы ағұста жабады дей ме, көшіреді дей ме, соған жол қаражаты керек екен. Пенсиям түгесілмей тұрып, әкеліп бердім. Ол бәлінсе де ауылдан тысқары екен. Әлгі отыз теңгемен вокзалға алып баратын аптобусты тосамын деп тоңып та қалдым. Күн ыстық болғанымен, Құдайдың желі де бар ғой, - дейді кейуана.

Жүйткіген жеңіл көлік қара жолға түсіп, Малдыбайды да артқа тастап барады. Жол жиегіндегі қорымдарға көз қырын салып, ақырын бет сипаймыз. Апам да " Сіздер де біздей болғансыздар. Біз де Сіздердей болармыз. Алла алдарыңнан жарылқасын" деді қос алақанымен жүзін сипай күбірлеп.

Көз алдыма әжейдің қырықты шамалап қалған ұлы елестеді. Ол да ішінен: "Шешемді сонша жерден сабылттым-ау" деп қамығатын болар. Бәлкім, жалғыз ұлы ма екен?..

Асхат РАЙҚҰЛ

"Facebook" парақшасынан алынды

Жамбыл облысы