"СӨЗБЕН ҚАТЫРАДЫ": ҮМІТІН ҮЗГЕН ТҰРҒЫНДАР ӨЛЕКСЕ ИІСІМЕН ДЕМАЛУҒА МӘЖБҮР

Уақыты: 22.02.2020
Оқылды: 1636
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақтың қара шаңырағы – ауыл. Рухани қара шаңырақтың жағдайын жасау, тұрғындар өтінішіне құлақ түру – мемлекет алдына қойған негізгі міндеттің бірі. Алайда ауылдағы ағайынның төрт құбыласы тең, керегесі кең болып отырғаны шамалы. Оған Көксу ауданы Мұқыры ауылдық округіне қарасты Онжылдық Қазақстан ауылы тұрғындарының жанайқайы дәлел.

"Жетісу" газетінің редакциясына хабарласып, көмек сұраған ағайынның тілегін жерге тастамай, аталған ауылға ат басын бұрдық. Құр уәде естуден жалыққан ауыл тұрғындары бізді қоқыс жанынан қарсы алды. Шынымен де, шашылған қоқыстан көз сүрінді. Ол ол ма, сасыған иіс дегеніңіз дем алуға мүмкіндік бермеді.

Бастапқыда көлемі кішкентай болған қоқыс алаңы уақыт өте келе, бірнеше гектар аумаққа дейін жеткен. Мұнда тамақ қалдықтары, пакет, пластик ыдыстар, тіпті, ит-мысықтың, жан-жануарлардың өлексесіне дейін жатыр. Тіпті, қаңтар айында төгілген шіріген пияз қалдықтары күн жылуымен еріп, ауаны ластаған. Жыбырлаған жәндік пен құс біткеннің бәрі, тіпті, бұралқы иттер де осы жерге үйір.

Ауыл азаматтары қоқыс алаңындағы мән-жайды түсіндірді. Олардың айтуынша, бұл мәселенің қордаланғанына бірнеше жыл болған. Ауыл, аудан әкіміне шағымданудан шаршаған олар қоқыс полигоны түбімізге жетті деп наразы. Тұтас бір ауыл іргедегі қоқыс полигонының иісіне тұншығып келе жатқандарын алға тартады. Күн жылығанда, әсіресе, жаз айында ауылда еркін демалу деген болмайды деп қапаланады. Үйдің есік-терезесін мықтап жауып күн көріп жүргендеріне құлақ асатын билік өкілдерінің болмағанына ренжулі. Бір сөзбен айтқанда, жұрт өздерін назардан тыс қалдырған атқамінерлердің салақтығына өкпелі.

Аты-жөнін айтудан бас тартқан ауыл тұрғыны бұл мәселенің шешімі болады дегенге сенім отының сөнгенін айтады.

- Ауылдық округ, аудан әкімдерінің халық алдында беретін есебіне жылда қатысамын. Мақсат – осы мәселені шешу. Барлығы: «Жасаймыз. Алаңдамаңыздар. Жоспарда бар», - деген бірауыз сөзбен қатырады. Бірақ нәтиже жоқ. Экологиялық қауіпті аумақ жабылудың орнына, күн сайын тонналаған қоқыспен толып жатыр. Зиянды кеміргіштер де қаптады. Өлексенің иісі дегеніңіз күн жылынса бүкіл ауылды алады. Тіпті, мынадай сасық иістен түрлі ауру тарай ма деп қорқамыз. Жаз болса, ауылдың бәрі көк шыбынға толады. Бұралқы иттер балаларға жүгіріп, қиянат жасай ма деп үнемі уайымдап жүреміз, - деп мұңын шақты ауыл тұрғыны.

Онжылдық Қазақстан ауылының қоқысын төгетін орын алғашында жазық жерде болған екен. Тек «Қоқыс төгетін орын» деген белгі ғана тұрған. Араға біраз жыл салып, ауыл тұрғындарының шағымдарынан кейін қоқыс алаңы қоршауға алынған. Бірақ жұмыс жүйелі атқарылмағандықтан, алаңның алдыңғы және екі жағы ғана қоршалып, басқа жағы қоршаусыз қалған.

– Жалпы, әкімдер о баста қоқыс алаңына арналған үлкен шұқыр қазамыз деген. Бірақ ол жасалынбады. Жағдайдың ушығуына басқа ауылдардың, тіпті, ауданның қоқысы да себеп. Оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Себебі, бұл жерге қоқыс төгу тегін. Кім көрінген қоқыс төгіп кетуіне ыңғайлы. Ал зардабын тартып жатқан біз. Жұрт осыны айтып шенеуніктерге де талай барды. Бірақ олар бізді тек құрғақ уәде берумен қайтарады. Мысалы, Алматы қаласына баратын ескі күре жолдың арғы жағы бос жатыр. Сол жерден қоқыс төгетін орын жасалса деген тілегіміз бар. Ауылдан алыс болса дейміз. Өткен жылы жаздай шыбын-шіркейдің ортасында отырдық. Қысы-жазы қоқыстан зәрезап болған жұрттың тағы бір уайымы бар. Ол – ауыл көшелерінде жарық шамдарының және интернеттің жоқтығы, - дейді Жаңыл Мұратқызы (аты-жөні өзгертілді).

Тұрғындардың өтініш-шағымдарын тыңдаған соң Мұқыры ауылдық округінің әкімі Бауыржан Егінбаевқа жолықтық. Ол тұрғындардың «Қоқыс полигонын басқа жерге салсын немесе арнайы орын жасасын» деген талабын орындаймыз деп кезекті рет сендіруге тырысты.

– Қазіргі таңда тұрғындар өтініші бойынша жұмыс атқарылуда. Бұл мәселені білемін. Аудан басшысына айтып, атқарылатын жоспар тізіміне енгіздік. Болашақта облыстық бюджеттен қаржы бөлінсе, "Көксу Көркейту" жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімге отырып, тұрғындар өтінішін орындайтын боламыз. Заң бойынша дәл сол жер қоқыс төгетін алаң болуы тиіс. Тегін болғандықтан енді қоқыс шамадан тыс төгілетіні рас. Өткен жылы қоқыс полигонының жан-жағы қапталды. Барлық жұмыс бірден ретке келтірілмейді. Бірақ өтініш аяқсыз қалмайды. 2021 жылға дейін бұл мәселе шешімін табады деп тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын да жүргізгенмін. Ауылға мектеп салынып, көшеге жарық шамдары орнатылады, – деп әкім ауылдағы ағайынның жанайқайына жауап берді.

Ауылдағы ағайынның тілегін Көксу ауданының әкімі Алмас Әділге де жеткіздік. Шенеунік еңбек демалысында болғандықтан, телефон арқылы тілдесуге тура келді. Аудан басшысы бұл істің ушығып кетуіне тұрғындардың да кінәсі барын айтты.

– Қоқыс төгетін алаң жасалып, қоршалды. Бірақ халық қоқысты қоршаудың ішіне емес, сыртына төгуге әуес. Жаны ашып жатқан ешкім жоқ. Бұл мәселе көтерілгелі күрес жұмыстары да жүргізіліп келеді. Санитарлық норманы өрескел бұзған азаматтар ұсталып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудан көлемінде көтерілген мәселе болғандықтан, өзім де бірнеше мәрте барып, істің мән-жайын көрдім. Рекультивация жұмыстарын, яғни, жерді қайта құнарландыру жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл дегеніміз - бүлінген жерлердің құнарлылығын қайта қалпына келтіріп, оны халық шаруашылығына пайдалануға беру және қоршаған ортаны жақсарту үшін жүргізілетін кешенді жұмыс. Осы жұмыс жүйелі атқарылуы үшін облыстық бюджеттен 7,5 миллион теңге қарастырылады. Бұл бір күнде атқарылатын жұмыс емес. Себебі, әр жұмыстың өз реті болатынын да ұмытпауымыз керек. Көктем шығысымен санитарлық тазалық айы басталғанда арнайы техника жұмылдырылып, өлекселер үшін арнайы шұқыр қазылып, сүйектер көміледі. Бұл жыл сайын жүргізілетін жүйелі жұмыс. Әр ауылдық округтерге аудандық бюджет есебінен 550 мың теңге бөлінді. Санитарлық тазалықты қадағалауды, ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жасауды арнайы округ әкімдеріне тапсырдым. Округ әкімдерінің жауапкершілігіне жүктелгендіктен, бұл істің атқарылуын өзім қадағалайтын боламын, – деді Алмас Қабдолұлы.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Атқамінерлердің айтқан жауабы осы. Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттік органдар «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» талаптарына сай болуы тиіс», – деген еді. Алайда халық пікірімен санасып, өтініш-тілектерге құлақ асатын, елім деп жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етуді ойлағандар көп болса, бұл іс баяғыда-ақ шешімін табар еді. Тағы бір айта кететіні, Онжылдық Қазақстан ауылының кіреберісіне ілінген, ауылдың аты жазылған, тозығы жеткен баннерді ауыстыратын уақыт жеткен секілді. Ұзақ уақыт тұратындай берекесі мен бірлігі тасыған ауылдың атын жарқыратып жазып, әдемі тақтайша орнатса, бәріміз де риза болар едік. Қайткенде де, ауыл тұрғындарының жанайқайы жабулы қазан күйінде қалып қалмаса дейміз. Ауылдаспен қауымдасып жұмыс істейтін, халыққа жақын азаматтар қатары көп болсын деп тілейміз.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Фото - автор

Көксу ауданы

Алматы облысы