"ЗОМБИ КӨРГЕНДЕЙМІН": ТЕЛЕФОНҒА ТӘУЕЛДІЛІК АДАМЗАТ ҮШІН АСА ҚАУІПТІ

Уақыты: 03.05.2020
Оқылды: 1295
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Баяғыда алыстан жеделдетіп хат алдыру мен күрделі сұрақтарға лезде жауап табу адамзат үшін арман еді. Ал бүгінде сол арман шындыққа айналып, ғаламтор деген атау қоғамды өзіне магнитше тартты.

Ғаламтордың бізге берер пайдасы болғанымен, зияны көп екенін де естен шығармайық. Бұл әлемді шектен тыс пана тұтсаңыз уақыт деген құнды дүниеңізден қалай айырылып қалғаныңызды білмей қаласыз.

Көшеде жүріп, ұялы телефоннан бас алмайтындарды байқағанда, шынайы зомби көргендеймін. Оларға шынайы өмір емес, виртуалды əлем қызықты болып бара жатқанын аңғарамын. Тіпті, кейбіреулері смартфонға тəуелді болып қалған. Мұндай жағдай, əсіресе, жастардың арасында кеңінен етек жаюда. Құрдастарымды мұндай сəтте көргенде қынжылатыным рас. Замандастарым əлемді ғаламторсыз елестете алмайтындай көрінеді. Әлеуметтік желілер адамды өнер мен білімнен күннен-күнге алшақтатып, арасын суытып барады. Тіпті, туған бауырды емес, әуелі әлемжелідегі жаңалықты бірінші іздейтініміз жаныма батады. Бұл барша адамзат үшін аса қауіпті!

Басты құнды қазынамыз – уақыт. Мұны біріміз білсек, екіншіміз білмейміз. Кешегі күн келмейді. Ал ертең тағы күн шығады. Сол үшін болашақ үшін, ертеңгі бейбіт күн үшін алтын уақытымызды бос жібермей, өз-өзімізді дамытуға көп көңіл бөлуіміз керек. Әсіресе, жастар! Себебі, халық бізден жарқын болашақ күтеді. Ал біз халықтан үлкен емеспіз. Ойланайық!

Бекзат ШАТЫРБАЙ,

№1 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы

Сарқан ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды