МЕДБИКЕ АРИНА: "МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРУ ҚИЫНДЫҚ ТУДЫРМАДЫ"

Уақыты: 02.05.2020
Оқылды: 1275
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазір елімізде көптеген ұлт өкілдері қазақ тілін меңгеруді қолға алып, мемлекеттік тілдің қанатын кең жаюына үлес қосып келеді.

Талдықорған қалалық емханасының жаңа ықшамауданынан ашылған бөлімшесінде қазақшаға жетік жас маманның бар екенін естіп, телефон арқылы хабарластық. Өзін Арина Комогорова деп таныстырған бойжеткен отбасын, ата-анасын, сіңлісі Ксенияны жақсы көретінін, демалыс күндері саяжайға барып, табиғат аясында еңбек еткенді ұнататынын, қазақ тілін меңгерудің қиындығын сезінбегенін, дәрігерлік мамандықты жанымен сүйетінін түгелдей айтып, ашық-жарқын мінез көрсетті.

Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулықтың әрдайым беки беруін, ынтымақ пен бірліктің нығаюын тілеймін! – деген Арина Геннадийқызы өз өміріне аз-кем шолу жасады. – Талдықорған қаласында туып-өстім. Отбасымызда 4 адам бар. Әкем Геннадий Ескелді ауданына қарасты Малиновка деген ауылда дүниеге келген. Қазір «Темірбетон» зауытында жұмыс істейді. Анам Надежда Ресейдің тумасы. «Темірбетон» зауытында жұмыс істейтін ол өте ашық, мейірімді адам. Менен бір жас кіші сіңлім Ксения дәріханада фармацевт болып істейді. Арчи атты итіміз бар.

Мен үшін мемлекеттік тілді меңгеру ешқандай қиындық тудырмапты. Кішкентай кезімнен аулада балалармен ойнап өскендіктен болар, қазақ тілін оңай үйрендім. Сол себепті «Қиын болды ма?» деген сұрағыңызға жауап бере алмаймын. Өйткені, тіл білмей қиналған кезім есімде жоқ.

2013 жылы Талдықорған медицина колледжін бітіріп, фельдшер мамандығын алып шықтым. Бір жылдан соң Талдықорған қалалық емханасына учаскелік медбике болып жұмысқа кірдім. Мені елімізде жарияланған төтенше жағдай мазалайды. Себебі, зор байлық саналатын денсаулықты тұрғындардың аса бағалай бермейтіні алаңдатады. Соның ықпалымен болар, қазіргі жұртшылық ұлттық тағамды тұтынуды тоқтатып, ұлттық құндылықтардан қол үзіп барады. Тіпті, ауылды жерлерде әйелдер сиырды өздері сауып, сүтін бала-шағасына берудің орнына жасанды сүт өнімдерін қаладан алдыратын болыпты. Өкінішті әрине, бұл, ең алдымен, денсаулыққа тікелей әсер етеді.

Осылай ой қорытып, қоғам өміріне алаңдаушылығы бар екенін жеткізген Арина Геннадийқызы арманы отбасын құрып, сәби сүю екендігін жасырмады. Үлкен үйде тұрып, жеке көлігімен саяхаттап жүруді ұнататынын, жақын құрбысы Гүлмирамен бірге Анталияға қыдырып қайтқысы келетінін де айтып қалды.

Сөзінің соңында көп ұлттың өкіліне мекен болған Ұлы Даладағы береке мен бірліктің тұрақты, бейбітшілік пен ынтымақтың мәңгілік болуын аңсайтынын, жақында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқуға кіріскенін жеткізді. Жанашыр жанның тілегі қабыл болсын!

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды