"БЕЛДІКПЕН САБАҒАН": ОҚУШЫЛАРДЫ ДАЛА ЗАҢЫМЕН ҰРЫП-СОҚҚАН КІМДЕР?

Уақыты: 05.05.2020
Оқылды: 1154
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қапшағай қаласында 8-9 сынып оқушыларының ата-аналары балаларын белгісіз біреулер азаптап, оларға оқ атып, белдікпен ұрып-соқты деп шағымдануда. Жаға ұстатар жағдай туралы "Қазақпарат" сайтында жазылды.

Оқушылардың сөзінше, оларды дала заңымен аяусыз жазалап, тіпті, арыз жаздырған. Ол жерде балаларға бір жыл бойы темір-терсек орналасқан аймақтан темір ұрладық деп жазуды міндеттеген.

Төрт оқушыны белгісіз адамдардың аяусыз сабағаны сонша, балалардың денелерінде белдіктің ізі тайға таңба басқандай көрінеді. Таяқтың астында қалған оқушылардың сөзінше, оларды көлік қозғалтқышының резеңке белдігімен соққан. Тіпті, ұрлық жасағандарын мойындамаса, алабай итке азық ретінде береміз деп қорқытыпты. Ал полицияның берген ақпаратына сәйкес, қазір төрт оқушы өндірістік базадағы автобөлшектер мен түрлі темір-терсектерді ұрлады деген күдікпен тергеліп жатыр.

Қазір осы фактіге орай Қылмыстық кодекстің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

- Қапшағай қаласындағы өндірістік базалардың бірінде автобөлшектер мен түрлі темір-терсектерді ұрлау фактісі бойынша 2004-2005 жылы туған 4 жасөспірім күдікке ілініп отыр. Бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі бойынша (Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігімен) қылмыстық іс тіркелді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу барысында бұл жеткіншектердің қылмысқа бірнеше рет барғаны, баруға әрекеттенгені белгілі болды. Соңғы әрекеттерінде оларды база қызметкерлері қылмыс үстінде байқап, ұстап, құрықтаған. Күдіктілер өздерінің әке-шешелерінің қатысуымен сұрауға алынды, олар бар кінәларын бірден мойындады, - деді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Ақбота Әзірбек.

Ал ай-күннің аманында балаларымыздан айырылып қала жаздадық деген ата-аналар бұл істе құзырлы орган біржақтылық танытпаса деп сұрайды. Себебі, ешкімнің де біреудің баласын дала заңымен жазалауға құқығы да, қақысы да жоқ деп отыр.

- Мен Үкімет басындағылардан, барлық құзырлы мекеменің басшылығынан бұл істі қатаң бақылауға алуды өтінемін. Балаларымызды азаптап, қинап, ұрып-соққандар жазасыз қалмауын өтінемін, - дейді жәбір көрген баланың ата-анасының бірі Алексей Раткеев.

Бірақ балаларды нақты кімнің ұрғаны белгісіз. Оқушылар олардың түрлерін өмір бойына естеріне сақтап қалғандарын айтады. Қазір ата-аналар балаларын белгісіз біреулердің қинап, ұрып-соғып азаптағаны үшін полицияға арыз түсіріп, әділ тергелуін тілеп отыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Қапшағай қаласы

Алматы облысы