"САУНАДАҒЫ СУДЬЯЛАР": АТЫШУЛЫ БЕЙНЕЖАЗБАҒА БАС ПРОКУРАТУРА ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 07.05.2020
Оқылды: 1422
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бас прокуратура әлеуметтік желіде тарап кеткен "судьялар мен прокурорлардың" бейнежазбасына қатысты пікір білдірді. Саунада демалған заң қызметкерлеріне қатысты бейнежазба Алматы облысында түсірілген.

"Әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында саунада судья мен прокурор түсірілген бейнежазба таралып жатыр. Осы дерек бойынша Бас прокуратураның Ішкі тергеп-тексеру департаменті тексеріс жүргізіп жатыр. Тексеру аяқталғанға дейін мерзімінен бұрын қорытынды жасамауға кеңес береміз. Оның нәтижелері көпшілікке жеткізіледі", - деді Бас прокуратура өкілдері.

Атышулы бейнежазбаға қатысты Алматы облыстық соты да баспасөз өкілдеріне түсініктеме берді. Онда: "БАҚ және әлеуметтік желіде судьялар мен прокурорлардың карантин кезінде бірге саунаға барғаны туралы видео тарап жатыр. Осыған байланысты түсініктеме беру керек деп есептейміз. Бізге видеоны Б.есімді ер адам түсіргені белгілі. Оның сот жүйесіне еш қатысы жоқ. Бұл ақпаратқа қатысты қазір қызметтік тергеу жүріп жатыр. Нәтижесін міндетті түрде жариялаймыз", - делінген. Сондай-ақ соттағылар осыған байланысты алдын ала қорытынды шығармауды және ресми дереккөздердің ақпаратына сенуді сұрады.

Көпшілік талқысына салынған бейнематериалда түсіріп тұрған белгісіз адам: "Жігіттер, бүгін маған Жаркенттен ағам Саян келді, демалып жатырмыз. Барып іштік, енді оны баняға әкелдім. Міне, менің баням, мынау - сот төрағасы. Ұйымдасқан қылмыстық топтың жігіттері, Алматы мен Астанада ғана демалып жатыр деп ойламаңыздар, біз де демаламыз. Колхозда тұрсақ та, демала аламыз", - дейді. Бейнематериалда Сарыөзектегі сауна екені де айтылады. Кейіннен халыққа бейнематериалдағы "кейіпкерлердің" бірі кешірім сұрағаны, біріккен сыра ішушілер тобын қысқартып айтқаны, содан түсінбестік туғаны мәлімделген ақпарат тарады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Алматы облысы