"ЖАНЫМЫЗ АШИДЫ": ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ДЕМАЛЫС ОРНЫ ҚАШАН ЖӨНДЕЛЕДІ?

Уақыты: 12.05.2020
Оқылды: 1622
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бұрынғы Нарынқол, Кеген аумағын қамтыған Райымбек ауданының сол кездегі әкімі Жанат Тәжиевтің тұсында Кеген ауылының орталығынан, Мәдениет үйінің арт жағындағы саябақ ішінен адамдардың мәнді демалысына, спортпен айналысуына, бір уақыт жүгіріп, жүріп-тұруына, отыруына арналған арнайы орын жасалған болатын. Бірден ашығын айтсақ, осындағы нысанды жөндеуден өткізген мердігерлік құрылым құрылысты кеш бастап, қарға ұрындырып, қысқасы, сапасыз жұмыс істелді.

Соның салдарынан демалыс орнындағы субұрқақ, айналасын көгалдандырып тұратын су келетін құбырлар мүлде істемей қалды. Түн ішінде жарықтандырып тұратын қондырғылардың бәрі қирап, ұстағанның қолында кетті. Айналасына көрік беріп тұрған еңселі дүниелерін қаптаған жылтыр тастары да сындырылып, кейбіреуі қолды болды.

Ертелі-кеш адамдар серуен жасап жүретін, оюлы тас төселген жолдары сапасыздықтың салдарынан шөп басып кетті. Сол кезде бұл демалыс орнын дер кезінде қалпына келтіруге Ж.Тәжиев бастаған аудан әкімдігі назар аудармаған еді.

Шала-пұла жұмыс жасаған мердігерлік құрылым да «іс бітті, қу кетті» деп аяғын ұстатпай кетті. Одан соң аудан әкімі де ауысты. Бірақ демалыс орны әлі сол қалпы. Оның салынғанына төрт-бес жыл болды. Қазіргі жағдайы жүрек ауыртарлық. Желге ұшқан қаражатқа, ұстатпай кеткен мердігерлік құрылымға емес, қазіргі жайына біздің жанымыз ашиды.

Рас, соңғы екі жылдан бері Кеген ауданы қайта қалпына келді. Аудан әкімі Талғат Байеділов ел мен жер үшін жап-жақсы жұмыс жүргізіп келеді.

Былтырдың өзінде аудан орталығындағы бірнеше көше жолы, адам жүретін жолдар, көше шамдары, бағдаршамдар заманға лайық жасалып, ел игілігін көруде.

Кеген ауылынан спорттық-сауықтыру кешені, балалардың ойын алаңы жасалып, пайдалануға берілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табуда. Біздің айтпағымыз - қайта қалпына келген аудан әкімдігі осы бір демалыс орнына назар аударып, қаражат қарастырып, қалыпқа келуіне жағдай жасаса дұрыс болар еді.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы