ТАБИҒАТТЫ ТЫНЫҚТЫРМАСАҚ, КОРОНАВИРУСТАН ДА ҚАУІПТІ ІНДЕТ ШЫҒУЫ МҮМКІН

Уақыты: 15.05.2020
Оқылды: 2032
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Кейінгі бір-екі ғасырда адам баласы Жер шарын аялап, басқа жан иелерінің қалыпты тіршілік етуін қамтамасыз ету сынды жауапкершілігін ұмытып, табиғатты мейлінше бүлдіруге көшті. Осының салдарынан неше түрлі жойқын апаттар орын алып, тарих парақтарына қанмен жазылған қасіреттерді таңбалап кетті.

Былай қарағанда, адамзатқа ауыр қасірет әкелген апаттар өмірде болатын қалыпты құбылыс болып сезілуі мүмкін. Түптеп келгенде, соның бәріне адам баласы кінәлі. Өйткені, біз өзімізді табиғаттың қожасымыз деп шексіз сеніп кеттік. Өзіміздің шөп, ағаш, жәндік, жануар, су, топырақ сияқты Жер шарын мекен еткен түрлі жан иесінің біреуі ғана екенімізді ұмыттық. Оны қазақ «Шеткі үй көшсе ортаңғы үй шет болады» деген бір-ақ ауыз сөзбен тұжырымдаған. «Көкті жұлма, көктей орыласың» деген тежеммен санамызға шегелеген.

Осыдан бірнеше жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған жылдардың алдында адамзат баласы тым әлсіз болды. Ол кезде ұлы табиғатқа алып динозаврлар мен айбатты тасбақалар, одан бертін келе сан түрлі жыртқыш аңдар қожалық етті. Қоршаған ортаға келтірген зияны көбейген тұста оларды табиғаттың өзі жер бетінен жойып жіберді. Кейін келе табиғатты қорғау міндеті адам баласының еншісіне тиді.

Адам баласы жетілген сана-сезімі, пайда мен зиянды, жақсы мен жаманды салмақтай білетін қасиеті арқылы айналасындағы жанды тірліктің бәрін бағындырды. Сан түрлі техника ойлап тауып, табиғатты өз ыңғайына бейімдеді. Жер бетінде өзіне тең келер күш қалмаған тұста байлық пен мансап үшін, мәртебе үшін бірімен-бірі қырқысатын жаман індетті санасына сіңіріп алды. Содан бастап Жер шарынан тыныштық кетті.

Ғалымдар адамзат өркениеті басталған 5 жарым мың жылдың ішінде жер бетінде 14 мың ірі соғыс болып, 4 миллиард адамның опат болғанын есептеп шығарды. Соңғы 3,5 мың жылдың 150 жылы ғана бейбіт өткен екен.

Адам баласының ындыны бұзылғаны соншалық, жиырмасыншы ғасырда екі бірдей дүние жүзілік соғысты бастан өткерді. Ұшақтар көкті тілгілеп, атом бомбалары, сынақтары жер танабын уытқа толтырды. Осы соғыстардың бәрінде бір жақ екінші жағын жеңу үшін сан түрлі жойқын құрал ойлап тапты. Түптеп келгенде азаптың бәрін Жер шары тартты, табиғат назаланды.

Физикада «Қысым артқан сайын кернеу күші де өседі» деген заңдылық бар. Бүлдіргісі бүлінген табиғат енді адам баласына өзінің ескертуін жасай бастады. Оның бірі зілзала, су тасқыны, сел мен цунами болса, енді бірі обыр шегіртке, оба кеселі, жер көшкіні ретінде көрініс тауып, тағы да басқа сипаттармен бейнеленді. Бірақ мұның өзін де біз табиғаттың бізге білдірген қарсылығы емес, әдеттегі құбылыс ретінде қабылдадық.

Біз асқазанымызға ас батпаса дәрі ішіп, оның қызметін реттеп аламыз. Әрине, біз оны дәрінің қуатынан көреміз. Негізінде дәрі тек аурудың салмағын уақытша бәсеңдететін қуатқа ие. Шын мәнінде асқазанның бұзылуын ағзамыздың ауруға қарсы элементтердің бір-біріне әсері арқылы реттейтінін ескермейміз. Бұл ақиқатты коронавирус Жер шарына таралғанда сезіндік. Демек, қанша ақылды болғанымызбен құдіретті табиғаттың алдында мыңдаған тіршілік иесінің бірі ғана екенімізді білетін кез келді.

Табиғаттың адамзатқа білдірген ескертпесі жайын сөз еткенде, арыдан тартып айтпай-ақ, тек XX ғасырда ғана жұмыр жер бетінде ірілі-ұсақты мыңға жуық апаттың тіркелгенін мысал етсек те жетер.

Атап айтсақ, 1908 жылғы 29 желтоқсанда Мессина мен Реджо-ди-Калабрия қалаларында, 1920 жылы Қытайдың Ганьсу мен Шэнси аймақтарында, 1923 жылы Токио қаласында, 1950 жылы Моңғолияда, 1960 жылы Чилиде, 1976 жылы Гватемалада, дәл осы жылы Индонезияның Серирит қаласында, Түркияның Муардие шаһарында болған зілзаладан бірнеше мыңдаған адам қаза тауып, елді мекендер құлазып қалды.

2004 жылдың 26 желтоқсанында Индонезияның Суматра аралынан бастау алған зілзаланы теледидардан көріп, ақпараттан оқып, жағамызды ұстаған едік. Оның адамзат баласына әкелген қасіреті 1991 жылғы Бангладештегі тайфуннан да асып түсті. 1815  жылы Индонезиядағы Тамбора жанартауының, 1883 жылы Кракатау жанартауының атылуы да жаға ұстатар жағдайларға жеткізді.

Мұндай апат бізді де айналып өткен жоқ. Алматы қаласында 1911 жылы болған 9-10 баллдық жер сілкінісі Алатау баурайын қирандыға айналдырды. 1963 жылы Іле Алатауындағы Есік көлінде болған тасқын әлі күнге есімізден кеткен жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыста атом бомбасының қолданылуы, Чернобыль АЭС-сында болған техногендік апат, Арал теңізінің тартылып қалуы да табиғаттың қиянатқа қарсы ескертпесі еді. Оны да қаперімізге алған жоқпыз. Ғарыш зымырандары апаттарының да берісі қазақ жеріне, арысы ұлы табиғатқа зор зиян келтіргені белгілі.

Ғалымдардың пайымынша, 2050 жылға қарай Қытай, Үндістан, Бангладеш, Тайланд, Вьетнам, Индонезия, Жапония, Филиппин елдерінің 300 миллионнан астам адам тұратын жері су астында қалуы мүмкін. Мұздықтардың еруі қазіргідей қарқынмен жүретін болса, 2075 жылы теңіз деңгейі 2 метрге көтерілуі мүмкін. Климаттың өзгеруі және экологияның бұзылуы салдарынан мұздықтардың еруі осылай жалғаса беретін болса, 1000 жылдан кейін жер бетін толықтай су басуы да ғажап емес. Қазақ оны «Ескермеген жау жаман» деп түйіндеген. Біз осы ескертулерді дұрыс қабылдап, дер кезінде  қорытынды жасауымыз керек еді. Керісінше, табиғатқа қиянатымызды бұрынғыдан да өршіте түстік. Нәтижесі қалай болды?

Бүгінде байлығы сарқылған кен орындарының орнын сумен толтыру әдетке айналды. Былғанған сол су жерасты суына қосылып жатыр. Оны тұтынған тіршілік бұзылмайды деу де қиын.

Мүмкін, қазіргі адамзаттың ғылым мен техника саласында жеткен жетістігі кемел, соған арқасында қандай да бір апаттың алдын алып, тіршілігін қамтамасыз ете алады деп ойлайтын шығарсыз. Онда қателесесіз. Бір ғана мысал – осы төрт айдың ішінде бүкіл адамзатты әбігерге салған коронавируспен күрес барысы біздің табиғаттың алдында тым әлсіз екенімізді мойындатты. Осылайша табиғаттың тылсым күші өзін қорғайды деп сенген адам баласының ашкөз пиғылына анық қарсылығын көрсетті.  Бұл жағдай жеке бастың байлығы үшін өзара қырқысып келген адамзат баласының алдына табиғатты қорғау үшін үлкен күрестің басталғанынан дерек береді. Бұл күрес дәл біз өмір сүрген ғасырға тура келіп отыр. Басқа сөзбен айтқанда біздің табиғатқа жасаған бірнеше мыңжылдық қиянатымызға жауап беретін мезгіл жетті.

Коронавирустың әлемге таралуының себебін сан-саққа жүгіртіп жүргендер көп. Оның бәрі адам баласының қауіп-қатердің түпкілікті себебін түсінбеуінің, қанына сіңген атаққұмарлық пен баянсыз байлыққа деген ашкөздігінің кесірі. Адамның ең асыл парызы – табиғатты қорғау екенін ескермей жүргеніміз өкінішті.

Су тасқыны неге жиі болады? Өйткені, біз аталарымыз айтып кеткен ақиқатты – «судың өз арнасынан ауып ақпайтынын» ескермедік. Соның салдарынан «суға кетіп, тал қармап» қалдық. Қисапсыз жарылыстардың кесірінен зілзала, цунами орын алды, тауды бұзып, ағаш-орманды қисапсыз бүлдіргеннен жер көшті, аспан әлемін тіліп ұшқан ұшақтар мен зымырандардың кесірінен ауа ағысы бұзылды. Ұшқан құс, жүгірген аң, жыбырлаған жәндіктерді жойып жібергеннен неше түрлі індет таралды. Қырып-жоятын радиоактивті, биологиялық қарулардың, орынсыз ыс-түтектің, уақытылы залалсыздандырылмаған қатты қалдықтардың кесірінен табиғатта жоқ микробтар ауаға таралды. Айта берсең, кете береді. Ақыр аяғында бүгінгідей ауыр халге дұшар болдық.

Жалпы, табиғат өзін-өзі реттеп отыратын үлкен күшке ие. Биыл Африканың бірнеше мемлекеті шегіртке апатынан ауыр зардап шекті. Шегіртке апаты бұрынғы жылдары да болған. Биыл олардың саны төрт жүз миллионнан асып, әкелген шығыны бұрынғы жылдардан бірнеше есе көп болды. Оның алдағы уақыттағы салдарының қалай боларын болжау қиын.

Бала күнімізде шегіртке айналамызда өріп жүретін. Бірақ апат тудырмайтын. Себебі, ол кезде табиғатта шегірткенің уытын қайтаратын өсімдіктер болатын. Қазір ол өсімдікті дәрі-дәрмек жасау үшін жұлып бітірдік. Ал адамдардың ақыл-парасатымен шегірткеге қарсы жасалынған дәрі-дәрмектің қуаты табиғи өсімдіктің қуатына жетпегендіктен оны жоюға дәрменсіз болып отыр.

Ғалымдардың айтуынша, коронавирус індеті жарғанаттан таралған екен. Бұл шындық. Алайда менің замандастарым мен аға буын жарғанатпен бірге өстік. Жарықта қараңғы жерлерге жасырынып, кешкі қараңғылық үйірілгенде айналамыздан суылдап ұшып өтетін жарғанаттар әлі күнге көз алдымызда. Олардың бұл вирусты сол кезде таратуға да мүмкіндігі өте мол еді. Қазір өзіміз өскен ауылдан жарғанат түгілі оның елесін де көре алмайсың. Ертеңгі күні мұндай жойқын вирустар басқа да құстар мен жәндіктерден, өсімдіктерден таралмайды деуге бола ма?

Әрине, коронавирустың емі табылады. Десе де табиғатқа жасалған қиянат осылайша жалғаса беретін болса, одан жүз, мың, миллион есе қуатты вирустар Жер шарының басқа бір жерінен бұрқ ете қалуы әбден мүмкін. Мүмкін емес, ақиқат. Сол үшін адам баласы табиғатты тынықтыруы керек. Жер бетінен жойылып бара жатқан өсімдіктерді қайта өсіріп, бір-бірімен байлық үшін бақталаспай баянды өмір сүру үшін Жер шарын қорғаудың түрлі жолдарын қарастырғаны жөн.

Табиғатқа құрмет біздің қанымызда бар. Көкті жұлмау, жас шыбықты кеспеу, суды лайламау, қоршаған ортаны қорғау бала күнімізден санамызға сіңген ұғымымыз. Қысқасы, дүниеге келген күннен бастап ғұмырымыз таусылғанша барлық өміріміз табиғатпен біте қайнасып жатады. Бірақ кейінгі кездегі жаһандану дерті көптеген салт-сана, әдет-ғұрыптарымыздан айырылуға мәжбүр етті. Мәселен, қазіргі көп келіндер нәрестені қырқына шығарғанда суға салатын қойдың қырық құмалағынан жиіркенеді.

Ғалымдардың дәлелдеуінше, сәбиге қырық күн толғанда оның терісі сыртқа әлемнің тітіркендіруін қабылдай бастайды. Қырық қойдың құмалағында микробқа қарсы қырық түрлі элемент болады дейді білетіндер. Суға салатын күміс теңге, сөлкебай, тағы да басқа күмістелген заттар уытты жоятын қасиетке ие.

Апаларымыз алаботадан сабын жасайтын. Алабота ең уытты шөп. Оның денеге жұққан зиянды микробтарды өлтіретін қасиетін аталарымыз сонау ертеде сезінген.

Мұндай мысал өте көп. Демек, біз ата-бабаларымыздың табиғатты қорғау, оны аялау дағдыларын күнделікті тұрмысымызға қайта сіңіруіміз керек. Сонда ғана табиғатпен жарасымдылықта ғұмыр кешетін боламыз.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды