ЖАТЫРЫН АЛЫП ТАСТАҒАН, 9 СИСТЕМА САЛҒАН: ЖАРКЕНТТЕГІ АНА МЕН БАЛА ӨЛІМІ

Уақыты: 10.04.2021
Оқылды: 2286
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жаркент қаласында ана мен бала өлімі тіркелді. Осыдан бірнеше күн бұрын белгілі болған қайғылы хабарды Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы ресми растады. Сондай-ақ, басқарма істің мән-жайы тексеріліп жатқанын айтты.

24 жастағы Жанар Баратова үшінші баласын босануы тиіс болған. Бір апта бұрын сәбиді жерлеген отбасы енді Жанарды жер қойнына тапсырды. Жанардың соңында төрт жаста қызы, екі жаста ұлы, жан жары қалды. Туыстарының сөзінше, 12 күн бұрын Жанардың іші өтіп, инфекциялық ауруханаға түскен.

Алдын ала ақпарат бойынша, ай-күні толған әйелге бір күнде 9 система салынған.

- Инфекциялық ауруханаға жатқызды, сол күні 9 система салды. 9 системаны әйелім көтере алмай, ауырып, перзентханаға түседі. Ол кезде ай-күні толып тұрған кез. Перзентханаға түскі сағат бір мен үштің арасында түскен. Түнгі сағат он екіге дейін оған ешбір дәрігер көз қырын салмаған. Түнгі он екіден отыз минут кеткенде әйелімнің жатырынан суы кетіп, баланың жүрегі тоқтаған, – дейді марқұмның жолдасы Бейімбет Мұрат.

Сәби дүниеге өлі келген. Ж.Баратованың жолдасының сөзінше, қан тоқтамағаннан дәрігерлер ешбір туысының рұқсатынсыз жатырын алып тастаған. Бірақ қан кету сонда да тыйылмаған.

Бейімбет Мұрат ешбір сақтау талабын білмесе де, Алматыдағы қан орталығынан қан тасымалдаған. Дәрігерлердің айтуынша, әйелдің асқазанындағы жара жарылып, қан кеткен. Алайда паталогоанатомдардың сараптама нәтижесі оны жоққа шығарған.

- Сараптама қорытындысы бойынша, асқазанында жара жоқ, - дейді марқұмның жолдасы. Ал дәрігер Жанардың өліміне қан кету себеп болғанын айтуда.

- Босанғаннан кейін қан кету басталды. Асқазанынан, ішінен кетті. Қан кету коронавирусқа да байланысты болуы мүмкін, - дейді Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасы директорының ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары Гауһар Байдаханова.

Қара жамылған отбасы егер келіншек коронавирустан қайтыс болса, ол неліктен санитарлық талап бойынша жерленбегенін түсінбей дал. Ақ халатты маман бұл жайт бойынша пікір білдіре алмайтынын жеткізді.

Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ана мен бала өлімін растап, қазіргі таңда Жаркент қаласындағы ауруханада тексеріс жүріп жатқанын, қосымша ақпарат болса, тағы да хабарлайтынын жеткізді.

 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан