СЕНБІ-ЖЕКСЕНБІДЕ ҚАЙТАДАН ЛОКДАУН: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ІНДЕТ КҮШЕЙДІ

Уақыты: 14.07.2021
Оқылды: 1761
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында коронавирус індеті қайтадан белең ала бастады. Соңғы тәулікте облыста 134 адам сырқаттанды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Облыс бойынша жұқпаның өсу қарқыны өткен 14 күнге жүргізілген мониторинг бойынша 0,2%-дан 0,3%-ға дейін өсті. Соңғы аптада ең жоғары өсу қарқыны Алакөл, Балқаш, Ескелді, Іле, Қарасай, Қаратал, Райымбек, Талғар аудандарында байқалды.

Облыс бойынша  індет жұқтырған 134 жағдайдың 23-і он төрт жасқа дейінгі балалар. Оқушылар арасында 11, студенттер арасында 4 жағдай тіркелген. Өңірлер арасында коронавирусқа шалдығу Алакөл - 5, Балқаш - 3, Еңбекшіқазақ – 9, Ескелді – 4, Жамбыл – 3, Іле – 20, Қарасай – 4, Қаратал – 7, Кербұлақ – 2, Көксу – 1, Панфилов – 7, Райымбек – 2, Талғар –  30, Ұйғыр – 5, Қапшағай қаласы – 1, Талдықорған қаласы – 29, Текелі қаласы бойынша 2 адамнан анықталған.

Бір тәулік ішінде стационардан 36 пациент,  үйдегі оқшауланудан 20 адам шығарылды. Жыл басынан вакцинаның І компоненті үшін 519 145 доза келіп түсті. Бүгінге дейін оның 468 455 дозасы қолданылып, қазіргі уақытта облыста 50 690 доза вакцина бар. Вакциналанғандардың арасында мемлекеттік қызметкерлер – 11 481, медицина мамандары – 22 933, педагогтар – 37 123, бұқаралық ақпарат құралдарының 186 қызметкері, созылмалы аурулары бар адамдар (қант диабеті, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, жүрек-қантамыр жүйесі) – 3432 және басқа да қызмет салаларының өкілдерінен – 350 245 адам екпе алып үлгерді.

Жағдайдың ушығуына байланысты облыста сенбі-жексенбі күндері локдаун енгізілуде. Тұрғындардың емханаларға барып, вакцина алуы көбейді. Медицина мамандары әр адам өзі және басқалар үшін  барынша сақтық шараларын ұстанғаны жөн екенін ескертеді.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Алматы облысы