ТАЛДЫҚОРҒАНДА АУРУДЫ ЕРТЕ АНЫҚТАЙТЫН ЗАМАНАУИ ЗЕРТХАНА АШЫЛДЫ

Уақыты: 16.07.2021
Оқылды: 1007
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорғанда «DiVera» медициналық орталығы аясында орталықтандырылған медициналық зертхананың ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев, «OLYMP MEDICAL GROUP» ЖШС бас директоры  Ержан Сүлейменов, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы, академик Диляра Қайдарова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау секторында халыққа бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамыта отырып, денсаулық сақтау саласының қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мән беріліп келеді. Медицинаның жоғары технологиялық жүйесін дамыту арқылы халықтың денсаулық жағдайын жақсарту қажеттілігі «Қазақстан – 2050» Стратегиясында атап өтілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, «КДЛ ОЛИМП» ЖШС компаниясы мен «OLYMP MEDICAL GROUP» ЖШС арасында мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізінде зертхана ашу қолға алынған еді. Шартқа сәйкес биоматериалдарды зерттеудің кең спектрі ұсынылып, қалалық емханалардың қажеттіліктерін өтеу үшін жаңа нысан салынып, жарақтандырылды.

 

«DiVera» медициналық орталығы Fujifilm Amulet Innovality ең заманауи аппаратымен жабдықталған және қазіргі уақытта бұл облыс пен Талдықорған қаласындағы сүт безі қатерлі ісігінің кешенді диагностикасын жүргізетін жалғыз орталық.

Жобаның мақсаты – жоғары сапалы зертханалық қызмет көрсету. Сырқаттарға нақты диагноз қою арқылы халыққа медициналық қызмет көрсетуді жақсарту. Халыққа сүт безі сырқаты диагностикасы бойынша жоғары сапалы қызметтер көрсету. Сүт безінің рентген суреттерін өңдеудің сандық әдістерін енгізіп, рентген суреттерін өңдеп, оқу және сақтауды қамстамасыз ету. Сондай-ақ, халыққа сүт безі скринингі бойынша қызмет көрсетуді жақсарту. Сүт безі обырының алдын алу арқылы әйелдер арасындағы өлім-жітімді төмендетуге ықпал ету. Қазақстан Республикасында сүт безі обыры әйелдердің онкологиялық аурушаңдығы құрылымында бірінші орынды және халықтың онкологиялық ауруларының жалпы құрылымында екінші орында тұр.

Мекемені ашудағы тағы бір мақсат – пациенттерді тексеру, кеңес беру және емдеу процестерін орталықтандыру. Аталмыш зертхана жылына кем дегенде 1530 000 зерттеу жүргізеді. Мекемеде гинеколог, педиатр, терапевт, тағы басқа мамандар қабылдау өткізеді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы