ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҰЖЫМ БОЛЫП ЕКПЕ САЛДЫРДЫ

Уақыты: 17.07.2021
Оқылды: 1314
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Елде коронавирустың алдын алу мақсатында вакцина салу жеделдетілуде. Бұл орайда облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары күнделікті мониторинг жүргізуде. Аудан, қалалардағы мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің қызметкерлері екпе салдыруға ұжым болып баруда.

Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұстаздары мен студенттері ұйымдасқан түрда екпе алуда. Бүгінгі таңда оқу орнының 674 қызметкерінің 304-і вакцинаның екі компонентін де алды. Ал 4049 студенттің 1261-і екпе салдырды.

– Ұжымдық иммунитет қалыптастырмай сырқаттанудың алдын алу мүмкін емес. Сондықтан университеттің оқытушылар құрамы мен студенттері екпе алуда. Жаңа оқу жылына дайындық бүгіннен басталған. Барлық санитарлық талаптарды сақтау назарға алынған. Университет «Ashyq» жобасына қосылды. Келушілер мекеменің сыртқы қашасынан тексеру тобының тексеруінен өтеді. Университетте вакцина салдырудың тиімділігі барысында брифинг ұйымдастырылуда. Екпе салдырғандарды марапаттау мақсатында студенттер үйінде тұру ақысын азайтамыз. Сондай-ақ, шет тілін тегін оқыту курстарын ашамыз. Ағылшын тілінен дәріс жүргізіліп, сертификат беріледі, – дейді университет ректоры Қуат Баймырзаев.

Талдықорғандағы №1 емхананың санитарлық-эпидемиолог дәрігері Айгүл Мұсағұлованың айтуынша, Жетісу университеті сияқты ұжыммен екпе алып жатқандардың қатары өскен.

Аталмыш емдеу мекемесінің вакцина салу бригадасы мекемелерге өздері баруда. Екпені ұжыммен салдырамыз деп хабарласса, дәрігерлер жедел келеді.

 

Соның нәтижесінде, қаладағы білім беру мекемелері, құқық қорғау орындары, әскери бөлімшелер коронавирусқа қарсы екпені кезекпен алуда. Бұл емхана күніне 500-600 адамға екпе салуда. Ал Талдықорған қаласы бойынша тәулігіне 900-ге тарта адам вакцина алуда. 

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы