Қызылша ауруы өршіп тұр

Уақыты: 12.12.2023
Оқылды: 948
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Өңірде қызылшамен ауырғандардың саны артты. Жыл басынан 556 жағдай тіркеліп, оның 381-і зертханалық сараптамада расталған. Бұл жөнінде Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Бүгінде қауіпті індет облыстың барлық аумағында тіркелген. Сондықтан қызылшаға қарсы иммундау шаралары қарқынды жүріп жатыр. Дәрігерлер елімізде 2007 жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған Үндістанның вакцинасын қолдануда. Қазіргі уақытта аймақта 10 мыңнан аса адамға вакцина салыныпты. 

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев облыстағы атқарылып жатқан шараларды айшықтады. 

Өз кезегінде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Біржан Оспанов арнайы вакцина егу арқылы көптеген жұқпалы аурудың алдын алғанын, сібір жарасы, туберкулез сынды бірқатар індетті жеңгенін жеткізді. «Қазір клиникада 41 науқас қызылшамен жатыр, оның 80 пайызы 5 жасқа толмаған балалар. Яғни бұған дейін ауруға қарсы екпе алмағандар», – деген дерек берді. 

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: mamsila.ru