Жаңа жылдық мерекелер кезінде тамақтан уланудың алдын алу шаралары талқыланды

Уақыты: 25.12.2023
Оқылды: 842
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Облыс орталығындағы Б.Құранбек атындағы Журналистер үйінде Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиевтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Ол алдағы мерекелерге байланысты өңір тұрғындарын тамақтан уланған жағдайда қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. 

Улану – азық-түлік ботулизмінен туындайтын, әрі көбіне үйде консервілерді  тұтынумен  байланысты  қауіпті және өлімге әкелуі мүмкін ауру. Спикердің  айтуынша, банка қақпағының ісінуі, тот, бұлыңғыр сұйықтық, банка түбіндегі тұнба, шырыш, мұның бәрі өмірге қауіп төндіруі әбден мүмкін.

«Қоғамдық тамақтандыру орындарында міндетті түрде санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы рұқсаты болуы керек. Нысанда жәндіктер мен кеміргіштерге қарсы дератизация және дезинсекция шараларын жүргізу қажет. Ыдыстарды дайындау кезінде технологиялық процесті, тағамды тасымалдау ережелерін, сақтау шарттарын, оның ішінде жарамдылық мерзімінің дұрыстығын қадағалауы тиіс. Сонымен қатар өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы абзал. Үй-жайлар мен жабдықтарды таза ұстаңыз. Дайын өнімдермен жұмыс істегенде бір рет қолданылатын қолғаптарды, шикі және дайын өнімді бөлек кесетін жабдықты пайдаланыңыз. Жеке гигиена ережелерін сақтап, арнайы киім киіңіз. Жұмысқа рұқсаты бар медициналық кітапшаның болуы шарт және персоналды пустулярлық ауруларға күнделікті тексеру мен өндірістік бақылауды енгізу керек», – деді Асхат Чарапиев.

Айта кетейік, биыл Жетісу облысында тамақтан улану оқиғасы тіркелді. Атап айтсақ, Алакөл ауданы Қабанбай ауылындағы мейрамханада кезекті шараға  жайылған дастарханнан дәм татқан 20 адам тамақтан уланған. Мейрамханада санитарлық ережелердің өрескел бұзылғаны, тіпті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға мүлдем сәйкес келмегендігі анықталды. Кәсіпкерлік субъектісіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда полиция тергеу жүргізуде.