Шалғай ауыл шаттығы

Уақыты: 30.12.2023
Оқылды: 2415
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Жетісу облысының денсаулық сақтау саласында өткен жылы 2,1 млрд. теңге сомаға 7 нысанның құрылысы басталды, 2 нысан пайдалануға берілді, қалған 5 нысан биылғы жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 12 блокты-модульдік медициналық пункт салынды. 2023-2025 жылдары «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 116 медициналық нысан салынады», – деген болатын облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Панфилов ауданында жасаған есепті баяндамасында.

Облыс әкімінің сол сөзінің айғағы жазиралы Жаркент өңірінде жүз бере бастады. 2023 жылдың соңғы айында өңірдегі 2 шағын ауылда медициналық блокты-модульдік кешен пайдалануға берілді. Соның бірі – Үшарал ауылдық округіне қарасты орталықтан шалғайда орналасқан Ақарал ауылында салынып, Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында пайдалануға берілді. 

Күн сайын 15 адам қабылдауға мүмкіндігі бар медицина мекемесінің жаңа ғимаратын ашу салтанатына аудан әкімі Марат Сағымбек және аудандық аурухана қызметкерлері қатысты. Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан басшысы биыл өңірде бірқатар құрылыс жұмыстары сапалы атқарылып, ел игілігіне берілгенін атап өтті. 

– Көптеген ауыл жолдары асфальтталып, Алтынемел асуынан Қоңырөлеңге дейінгі, Көктал кентінен Жаркент қаласына дейінгі республикалық маңызы бар жолдар күрделі жөндеуден өткізілді. Алдағы жылы аудан орталығынан Қорғасқа дейінгі жол күрделі жөндеуден өткізілмекші. Жаркент қаласында 1200 орынды жайлы мектеп құрылысы басталды, Алтыүй ауылындағы Ә. Қастеев атындағы орта мектеп пен Головацкий ауылындағы мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі. Сол сияқты ауданымыздағы медицина мекемелерінде жағымды жаңалықтар баршылық. Ақкент ауылында тура осы Ақаралдағыдай жаңа блокты-модульдік кешен пайдалануға берілді. Ауданға су жаңа 4 «Жедел жәрдем»  автокөлігі алынды. Тағы басқа, осындай жақсылықтар көп, – деп сөзін түйіндеген өңір басшысы ақаралдықтарды Жаңа жыл алдындағы жайдарман жаңалықтарымен құттықтады.

Салтанатты сәтте аудандық аурухана директорының орынбасары Алтынай Алтайқызы да ауыл тұрғындарына ақжарма тілегін жеткізді. Үшарал ауылдық округінің ардагерлер ұйымының төрағасы Талғат Ибрайымов ауылдастарының қуанышына ортақтасты. Жаңа ғимараттың ашылу рәсімі жасалып, аналар шашу шашты. 

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы

Фото: https://www.instagram.com/p/C1XKw4QitYg/