ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ІРІ КОМПАНИЯ ӨКІЛДЕРІ "ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ" КӨЛІГІН СЫЙҒА ТАРТТЫ

Уақыты: 29.05.2020
Оқылды: 868
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облыстық санитарлық авиация қызметіне жаңа "Жедел жәрдем" көлігі тарту етілді. Құны 34 миллион теңге тұратын, соңғы медициналық құралдармен жабдықталған су жаңа көлікті "АСПМК-519" ЖШС ұжымы сыйлады.

- Коронавирус індеті кезінде елге көмек көрсеткіміз келді. Ойласа келе, ең дұрысы, халыққа заманауи реанимобильді машина әперуді жөн деп таптық. Талдықорған аумағында бірнеше кәсіпорнымыз бар. Онда 2 мыңға тарта адам жұмыс істейді.  Қолайлы сәтті пайдаланып, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа алғыс айтсақ деп едік. Біздің "Лепсі" ГЭС-інде ауыр жарақат алған бір адамымызға дереу көмек көрсетуге Амандық Ғаббасұлы ықпал етті. Ол жұмысшы уақытында көрсетілген көмектің арқасында аман қалып, бүгінде ел қатарлы еңбек етуде, - деді "АСПМК-519" құрылтайшысы Виктор Сычов.

Аталмыш кәсіпорын қарттарға, жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға төтенше жағдай режимі кезінде 50 миллион теңгеге қайырымдылық акциясын ұйымдастырған. Бүгінгі қуанышқа келген облыстық санитарлық авиация басшысы Қанат Қалдыбаев көлік сыйлаушыларға алғысын айтты.

- Бізде барлығы 6 көлік бар. Бірақ жылдары ескі, жаңартуды қажет етеді. Болашақта бәрі жаңартылмақшы. Бір "АН-2" ұшағы және бір тікұшақ бар. Шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған құрал-жабдықпен жабдықталған мына көлік дәл керек кезінде берілді. Фельдшерлеріміздің қуанышында шек жоқ, - деді ол.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы