КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН АЛТЫ АЙЛЫҚ СӘБИ ЕКІ АПТАДА САУЫҒЫП КЕТТІ

Уақыты: 06.06.2020
Оқылды: 932
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында 34 адам коронавирус инфекциясынан емделіп шықты. Бұл жайында Алматы облысы әкімдігі мәлімдеді.

Олар - Іле, Кеген, Панфилов, Қаратал, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласының тұрғындары. Жазылғандардың ең кішісі – алты айлық сәби болса, ең үлкені - 71 жастағы зейнеткер. Пациенттер 15 мамырдан бастап Алматы облысындағы инфекциялық ауруханаларда ем қабылдаған. Денсаулықтарына қатысты шағымдары жоқ. Сонымен, бүгінгі күні облыста коронавирустан жазылып шыққандар саны 248-ге жетті.

Өкінішке қарай, Алматы облысында 4 маусымда тағы 21 науқас шықты. Олардың 3-еуі - Қарасай ауданында, 5-еуі – Талдықорғанда, 4-4-тен – Іле, Ескелді аудандарында, 2-уі – Талғар, 1-уі – Сарқан, 1-уі - Қаратал, 1-уі- Еңбекшіқазақ аудандарында анықталды.

Олардың 6-уы бұрын коронавируспен ауырған адаммен байланыста болғандар болса, ал тағы 6-уы дене қызуының көтерілуі мен әлсіздігіне шағынып, "Жедел жәрдем" қызметкерлерін шақыртқан, сол сияқты 9 азаматтың науқасы профилактикалық тексеруден өту барысында анықталған. Зертханалық тексеру нәтижелері барлығында коронавирус инфекциясын жұқтырғанын көрсетті.

Алматы облысында 5-6 маусым күндері тағы 11 адам вирус жұқтырды. Олардың ішінде 2020 жылы туған, жасқа толмаған сәби де бар.

Барлық науқастар оқшау орналастырылып, жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылды. Эпидемиологиялық тексеру жалғасып жатыр. Қазіргі таңда Алматы облысында инфекция жұқтырғандар саны 400-ден асып кетті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"