"БІЗ ХАЛЫҚПЕН ӘРҚАШАН БІРГЕМІЗ": АУРУХАНАҒА ТӨСЕК ТАРТУ ЕТТІ

Уақыты: 21.07.2020
Оқылды: 1905
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жамбыл ауданында жекеменшік балабақша ашқан кәсіп иелері аудандық орталық ауруханаға көмек қолын созуды жөн деп тапты. Балабақшалар жұмысының уақытша тоқтап тұрғанына қарамастан олар, өзара ақылдаса келе, емдеу орнына төсек-орын алып беруді ұйғарыпты.

Жуырда жекеменшік балабақшалардың бір топ құрылтайшысы аудандық орталық ауруханаға алғашқы жиырма төсекті жеткізді. Бұл – дәл қазіргі қиын жағдайда сырқаттанғандарды аяққа тұрғызу үшін аса қажет дүниенің бірі.

Қарғалы ауылындағы «Айым» балабақшасының құрылтайшысы Бану Исаева осы бастамаға атсалысқан әріптес кәсіпкерлердің ниетін қоса жеткізді: «Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде жекеменшік балабақша иелерінің ұйымдасуымен ауданымыздың орталық ауруханасына толықтай жабдықтарымен жиырма төсек сыйладық. Біз халықпен әрқашан біргеміз. Ауырмаңыздар. Індеттен сақтанайық. Осы қиыншылықтан бәріміз бірлесе, бір-бірімізге көмек қолымызды соза отырып тезірек арылайық», – деді ол.

Көмекті қабылдап алған медицина мекемесінің қызметкерлері де кәсіпкерлерге шынайы алғыстарын білдіріп, індетпен күресте жеңіске жететіндеріне сендірді. Осы орайда жұқпалы аурулар бөлімшесінің дәрігері Майра Құдиярова мен аудандық орталық аурухана директорының әдістемелік-ұйымдастыру ісі жөніндегі орынбасары Наталья Кравченко: «Елімізде осындай қиын-қыстау жағдай болып жатқанда бір жағымызға демеу болған жекеменшік балабақшалардың иелеріне рахмет айтамыз. Бұған емделушілеріміз де риза болады деген ойдамыз. Бұл қиындықты лайықты еңсеріп, абыроймен жеңіп шығамыз. Біз – біргеміз», – деген ризашылық пейілдерін білдірді.

Қауіпті індетке қарсы тұру үшін ауызбіршілік пен сенім бірінші орында тұру керек деп санаған кәсіпкерлер осындай сауапты істі алдағы уақытта да жалғастырмақ ниеттерін білдірді. Ризықтарын білім саласынан терген іскер де жомарт жандар әлемді дүрліктірген індетпен күреске өз үлестерін осылайша қосуда. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы