КОРОНАВИРУСПЕН АУЫРҒАНДАРДЫ ҚАБЫЛДАЙТЫН ЕКІ ОРТАЛЫҚ ЖАБЫЛДЫ

Уақыты: 11.08.2020
Оқылды: 746
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында эпидахуалдың жақсаруына байланысты Талдықорған қаласындағы екі провизорлық орталық жабылды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков провизорлық стационарларды кезең-кезеңмен консервациялау басталғанын айтты.

- Бүгіннен бастап Талдықорған қаласындағы әскери госпитальда ашылған провизорлық орталық жабылып, госпиталь қалыпты жұмысын бастады. Сонымен қатар, аймақтық тері-венерологиялық диспансер де жоспарлы түрде науқастарды қабылдауға дайын, - деді басқарма басшысы.

Өмірзақ Әбілсейітұлының айтуынша, Алматы облысындағы стационарлар жүктемесінің төмендеуіне байланысты инфекциялық төсек саны 520-дан 490 орынға, провизорлық төсек саны 3560-тан 2541 орынға дейін қысқартылған.

Бүгінгі күні Алматы облысында ашылған провизорлық орталықтарда 1043 адам ем қабылдап жатыр. Осы уақытқа дейін 4048 адам коронавирустан жазылып шықты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан