БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ЖАНДАНДЫ

Уақыты: 08.07.2022
Оқылды: 1082

Өткен жылдың желтоқсан айында Алматы облысының өңірлерінде «Бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығы» мекемесі құрылған болатын. Жыл басынан бері бұл орталықтар аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің құрамында жұмыс жасауда. Оның басты мақсаты – Жетісу өңіріндегі дене шынықтыру мен спорттық іс-шараларды барынша жандандыру.

Жаркент өңірінде бұл орталықты Амандос  Әукенов есімді  іскер азамат басқарады. Алғашқы күннен бастап орталық ауқымды іс-шаралар жоспарын жасап, әлеуметтік желіде жеке парақшасын ашып, атқарылған жұмыстарын көпшілікке күнделікті жеткізіп отыр.
– Алдымен біз ауылдардағы спорттық нысандардың жұмысымен танысып, олардағы мәселелер мен мүмкіндіктерге сараптама жасадық. Жергілікті спорт жанашырлары мен мамандарды жинап, маңызды мәселелер бойынша кеңес өткізіп, бұқаралық спорттың дамуына кедергі келтіретін жайларды анықтадық, сонымен қатар оларды бірлесіп еңсерудің жолдарын іздедік, – дейді Амандос     Ысқақбекұлы.
Орталық директорының айтуынша, жыл басынан бері Айдарлы, Шолақай, Көктал, Үлкен Шыған ауылдық округтерінде ауыл тұрғындары мен еңбек, спорт ардагерлерінің, оқушы жастардың, қыз-келіншектер командаларының қатысуымен волейболдан, футболдан ауылдық, аудандық жарыстары ұйымдастырылған. Екі мәрте Еңбек Ері Н.Головацкийдің туғанына 110 жыл толу құрметіне Жаскент ауылдық округінде ардагерлер арасында шахматтан турнир, Қоңырөлең ауылында салым-көкпар, Басқұнша ауылында командалық көкпар додасы ұйымдастырылды. Үшарал ауылындағы ат спорты мен оқушылар арасындағы дойбы жарысы да көпшіліктің көңілінен шықты.
Мұндай іс-шаралар Пенжім ауылдық округінде де жанданды. Мұнда да көкпардан, волейболдан, шағын футболдан, баскетболдан ауыл жастары арасында жарыстар өтіп, аудандық баскетбол лигасына ойыншылар іріктелді. Жаркент қаласында бокстан облыстық турнир, әкім жүлдесі үшін оқушылар арасында жеңіл атлетикадан жарыс, «Алғыс айту» күніне орай тоғызқұмалақтан сайыс өтті.
Шолақай ауылында ұлттық ойындарды насихаттайтын жарыстар жанданып, бұл шара «Кел, немерем, асық ойнайық, ләңгі тебейік» деген тақырыпта Қоңырөлең, Үлкен Шыған, Айдарлы, Көктал, Пенжім, Жаскент және Талды ауылдық округтерінде жалғасты.
Қазақша күрестен «Жаркент бөрісі» деген атпен ұйымдастырылған турнирге Алматы облысының басқа өңірлерінен де палуандар көп келді. Өңірде өмір сүрген даңқты спорт ардагерлерін еске алуға арналған жарыстар да жиі өтіп жүр.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы
Жетісу облысы