"Жетісу" "Тобылмен" тең түсіп, бір ұпай алды

Уақыты: 09.04.2023
Оқылды: 830

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының  IV тур ойындарында фавориттердің жеңілгенін, тең түсіп, бір-бірін «сыйлағанын» да естіп-көрдік.  Чемпионат басталғалы үш ойында гол салмай, ұпай да алмай, үш жеңіліспен  кестенің  соңғы жағына  жайғасқан  «Жетісу»  Талдықорғанның орталық алаңында осы маусымда бірінші рет ойнап, «Тобылмен» тең түсіп, бір ұпай алды. Бірінші гол, алғашқы ұпай – кең көңілді жанкүйер қолдауына медеу.

«Тобыл» Талдықорғанға келгенде ұйытқып соққан желдің қуаты адамды орнынан ұшыратындай еді. Матч кейінге қалмады, белгіленген уақытта басталды. Қостанайдың командасын жетісу футболының түлегі, белгілі ойыншы Серікжан Мұжықов бастап шықты. Ел біріншілігінде команда лидері бола тұра Ұлттық құрама сапына енбей қалған ойыншының «Жетісуға» қарсы ойыны да нағыз шебердің өрнегіндей өрілді. Оның екінші таймның соңына қарай тепкен добы қақпа маңдайшасынан кері қайтып, жергілікті жанкүйерлерді сілтідей тындырды.

Ал бірінші таймда бұрыштан көтерген Мұжықовтың  добын Йован Илич сәтті пайдаланып, есеп ашты. «Жетісудың»  жауабы бірінші таймның соңғы жағына қарай болды. Бұрыштан Асхат Балтабеков әуелетіп, Руслан Теверов допты түсірместен «Тобыл» қақпасына гол салды.

Екінші таймда алма-кезек шабуылдар болды, бірақ қауіпті сәттер голға айналған жоқ. Осыған дейін чемпионат фавориттері «Ақтөбе», «Астана», «Ордабасыдан» жеңілген «Жетісу», үздіктер тізіміне кіретін үміткерден ұпай ала білді. Жиналғандар жел соқпағанда голды көп көрер едік десті, қала берді бір команданың жеңіп, үздік ойнауына да жел кедергі болды дейді. Расыменде тепкен, әуеге көтерілген доп желге қарай бағытын өзгертіп отырды. 

Біз фаворит деп ауыз толтырып отырған «Астана» мен «Ордабасы» кездесіп, астаналықтар 2:0 есебімен жеңген. Бірақ бұл кездесу келісіп, арнайы ұйымдастырылған деген күдікке ілінді. Бүгінде УЕФА-ның өзі тексеріс жұмыстарымен айналысып жатыр. Шымкенттің командасы «Астанаға» қарсы екінші құрамын шығарып, елордалық команданың жеңісіне себепкер болған. Бұл бірінші рет емес, үшінші мәрте қайталанып отыр. Біреулер қомақты қаржы тігіп, келсілген матч жасаған деген әңгіме бар. Әдетте жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды.  

Ал турнирлік кестені Әли Әлиев жаттықтыратын «Қызылжар» командасы бастап тұр. Төрт ойынның барлығында жеңген команда еншісінде – 12 ұпай. Ешкімге бет қаратпай келе жатқан мықтының бірі «Ақтөбені» 3:1 есебімен жеңіп, ел біріншілігіндегі алғашқы жетістігімен таңғалдыруда.  

 «Жетісу» келесі ойынын 8 сәуірде Алматыда «Қайратқа» қарсы өткізеді.    

Серік ҚАНТАЙ