"ӨЛКЕТАНУ" ОҚУЛЫҒЫ ЕНГІЗІЛДІ

Уақыты: 14.01.2019
Оқылды: 2053

Биылғы оқу жылынан 5-7-сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығы мектеп бағдарламасына енгізілді. Осыған орай Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Өлкетану. Алматы облысы» оқулығының таныстырылымы өтті.

Баспасөз мәслихатында облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі Алуа Қабдұлова баяндама жасап, аталмыш оқулықтың Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өлкетану» бағытын жүзеге асыру мақсатында қолға алынғанын атап өтті.  

– «Өлкетану» оқулығының мақсаты – оқушының туған өлкесі туралы  танымын арттыру, патриоттық тәрбие беру. Әр аймақтың ерекшелігіне сай шығарылған оқулық ҚР Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасына және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының әдістемелік нұсқаулығына сәйкес қазақ және орыс тілдерінде құрастырылды.  «Өлкетану. Алматы облысы» оқулығының мазмұнын құрастыруда жұмысшы топ құрылып, бұл құрамда өңірлік сарапшылар мен І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғалымдары Е. Тоқпанов, Н. Байғабатова, Е. Буланов болды. Кітап «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығынан бірнеше рет пәндік сараптамадан өтті. Оқулықты сатып алуға облыстық бюджеттен 155 млн. теңге қаржы бөлініп, 108 393 дана кітап мектептерге таратылып берілді, – деді Алуа Жанатайқызы.  

Баспасөз мәслихаты барысында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің география және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, география ғылымдарының кандидаты Е. Тоқпанов сөз алып, оқулықтың жазылу барысымен таныстырды. Облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы меңгерушісінің орынбасары Эльвира Досаева оқулықтың жеке пән ретінде емес, басқа пәндерге кіріктіріліп оқытылатынын, демек, Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, география, музыка сынды сабақтарда өтетін кейбір тақырыптарға қосымша ретінде енгізіліп отырғанын жеткізді.

Баяндамашылар журналистер сұрақтарына жауап беріп, оқулықтың ерекшелігін жан-жақты сөз етті.

Алма ЕСЕНБАЕВА