Күншығыс елінің көмегі

Уақыты: 12.01.2017
Оқылды: 1584

Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің ақысыз көмек көрсететін әлеуметтік жобаларды, оның ішінде адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша «Шөп тамыры» бағдарламасын қолға алғаны белгілі. Бұл туралы толық ақпаратты жобаға қатысқан «Асар» спорттық-оңалту орталығының төрағасы Елдос Баялышбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен басқосуда жан-жақты айтып берді.

Аталған бағдарлама біздің елде 1997 жылдан бері жүзеге асып келеді. Мұндағы мақсат – үкіметтік емес ұйымдардың аурухана, мектеп, тағы да басқа әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізуге немесе қайтадан салуға жасалған  жобаларына өтеусіз қаржылай көмек көрсету. Осы уақыт аралығында еліміздің 75 жобасы мақұлданған.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып ашылған «Асар» спорттық-оңалту орталығына озық үлгідегі жаттығу бұйымдарын алу мақсатында Елдос Қайыркенұлы жобаға қатысуға құжат тапсырған. Жапониялық мамандар біздің жерлесіміздің идеясын жоғары деңгейде бағалаған. – Біз «Асар» спорттық-оңалту орталығын ашқаннан кейін еліміздің түкпір-түкпірінен екі жүзден аса мүгедек жан келді. Олардың қырыққа жуығы аяққа тұрып кетті. Біздің мақсатымыз да осы еді. Облыстық, қалалық әкімдікке айтар алғысымыз шексіз. Бірақ бізге әлі де көптеген жаңа жаттығу құрылғылары керек. Қазір технологияның дамығаны соншалық, мүгедектерге арналған неше түрлі құрал-жабдық бар. Оларға қол жеткізу үшін үнемі әкімдікке немесе қолдау білдіретін қайырымды жандардың көмегіне жүгіне алмаймыз. Сондықтан осындай байқауларға қатысуды жөн санадық. Бұл жобаның құжаттарын рәсімдеп, қолынан келген бар көмегін аямаған, облыстық кәсіпкерлер палатасының іс-тәжірибесінен өткен білімді де білікті маман Айдана Ратаеваның еңбегін ерекше атап өткен жөн. Елшілікпен сөйлесіп, істің басы-қасында жүріп, жоба аяқталғанша қадағалап жүргені үшін алғысымды білдіремін. Енді алдағы уақытта яғни, ақпан айында біздің грант иегері атанғанымызды ресми растайтын құжатқа қол қоятын боламыз. Бұл – біз үшін үлкен жеңіс», – дейді Елдос Баялышбаев. 
Облыс бойынша байқауға төрт жоба ұсынылып, оның біреуі жапондықтардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, негізгі талаптарына сай келген. Идея авторының айтуынша, көктемнен бастап орталық озық үлгідегі спорттық құрал-жабдықтармен толықтырылатын болады. Ал Алакөлдегі арнайы кембағал жандарға арналған демалыс аймағына суда жүзгенге арнайы қоларбалар алып, спорт алаңдары көпшілікке қолайлы етіп жасалмақ.

Еңлік КЕНЕБАЕВА