Өрмекшінің жібі

Уақыты: 16.01.2017
Оқылды: 1575

Акутагава РЮНОСКЭ,
жапон жазушысы
(1892–1927 ж.ж.)

Нағашысының қолында ержетіп, фамилиясын иеленген Акутагаваның шығармашылығы 1915 жылдан басталады. Осы жылдары жазған оның “Расемон қақпасы” және “Мұрын” атты әңгімелері оқырман қауымды дүр сілкіндірді. Шығармаларындағы көнеге деген аңсарды түсіндірген қаламгер бір сөзінде, “Ескіліктегі және қазіргі заманғы адамның рухында ортақ нәрселер көп. Маңыздылық та осында,” – деген. Жапон сыншыларының пікірінше шағын әңгіме жанрының хас шебері болған Рюноскэ 1927 жылы маусымның 24-де веронолдан (ұйқы шақыратын дәрі) уланып көз жұмды. 

Бірде Будда жұмақтағы хауыз маңында жалғыз серуендеп жүрді.
    Хауыз бетін жұпар иісі аңқыған лалагүл дестелері көмкеріп жатты.
    Ол кезде ұжымақта таң мезгілі болатын.
    Будда хауыз суына үңіле қарады. Хауыздың мөп-мөлдір суынан тозақ шыңырауында не болып жатқаны тура алақандағыдай ап-айқын көрінетін.
    Төменде, тозақ шыңырауында сансыз көп күнәһарлар сапырылысып жатты. Кенеттен Будданың жанары Кандата есімді күнәһар пендеге түскен. Бұл Кандата дегенің қатыгез қарақшы еді. Жасамаған жауыздығы жоқ: кісі өлтірген, жол торыған, тонаған, өртеген... Бірақ, оның жасаған бір жақсылығы да болатын.
    Бірде Кандата тоғай ішінде келе жатып, аяқ астында жүгіріп жүрген кішкентай өрмекшіні көріп қалды. Мыжып тастамақ болып аяғын көтере берді де, өзіне-өзі: “Жоқ, бұл титтей болса да жаны бар жәндік. Бекерден-бекер өлтіргенім обал болар”, – деп тұжырды.
    Өрмекші осылайша аман қалған-ды.
    Тозақ көрінісіне қарап тұрып Будда бір кезде өрмекшіге өмір сыйлаған күнәһар пендені сол бір титтей жақсылығы үшін тозақ отынан құтқармақ болып шешті. Дәл осы кезде Будданың көзіне жұмақ өрмекшісі шалынды. Ол күміс түстес нәзік жіпті лаланың жасыл жапырағына ілді.
    Будда жіңішке жіпті еппен ұстап, ұшын ақықтай ашық лалагүлдер арасымен суға түсірді. Жіп тозақтың тереңіне қарай жылжи бастады.
    Тозақ түбінде Кандата басқа да күнәһарлармен бірге Қанды көлдің тереңіне бір батып, бір шығып, тұншыға қорылдап, қорлық көріп жатты.
    Қайда қарама, жан-жақты түгел күңгірт қараңғылық басып тұр. Тек анда-санда ғана бір көмескі сәуле өлімсірей жылтылдайды. Бұл әлсіз сәуле қорқынышты Ине тауының шыңдарынан түсіп тұр. Осы көңілсіз көріністің бәрін суреттеуге сөз табу да қиын. Айналаның бәрін тура моладағыдай меңіреу тыныштық басқан. Тек күнәһарлардың шерлі күрсіністері ғана құлаққа шалынып қалады.
    Жазаның ауырлығы соншалық, тозақ тереңіндегі күнәһар жандар шыңғыру мен жылауға әл таппай қиналуда.
    Солардың арасында қарақшы Кандата да жанталасып, аласұрып жатыр.
    Кандата кенеттен басын көтеріп, Қанды көлдің үстіндегі қараңғылыққа көз салды. Алыстағы аспаннан жіңішке сәуледей жылтылдаған күміс түсті өрмек, яки өрмекшінің жібі, күнәһарлар көріп қоймасын дегендей қалқи түсіп келе жатты.
    Кандата қуанғаннан қолын ысқылап жіберді. Енді сол өрмекшінің жібімен тек қана жоғары қарай өрмелей беру керек, өрмелей беру керек. Сонда ғана тозақтан құтыласың.
    Бұйыртып жатса жұмаққа да жетесің. Онда Ине тауын енді қайтып көрмейсің, Қанды көлге тұншықпайсың.
    Осындай үміттен қуаттанған Кандата өрмекшінің жібіне қос қолдай шап беріп, жоғары қарай бар күшімен өрмелей жөнелді.
    Бұл айлалы ұрыға үйреншікті іс еді.
    Бірақ тозақ табалдырығынан жұмақ төріне дейін жүздеген мың шақырым болатын. Қанша тырысса да тау биіктігіне дейін өрмелеу оңайға соқпады. Қанша қауқарлы болса да қарақшы бәрібір әлсіреген-ді. Аздап дем алмаса болмас...
    Амалсыздан демін алуға тоқтады. Міне, жарым жолда өрмекке асылып демалып тұр. Сосын артына, төмендегі шексіз тереңдікке көз салды.
    Кандата жіңішке өрмекпен өрмелегенде бекер шыдамдылық көрсетпепті. Жаңа ғана өзі қиналып жатқан Қанды көл тас қараңғы түнектен көрінбейді. Ал, әшейінде тозақ шыңырауынан әрең көрінетін қорқынышты Ине тауының шыңы енді аяғының астында қалыпты. Енді тағы біраз қимылдаса шынында да тозақтан алысқа ұзап кететін түрі бар.
    Өрмекке жабысып тұрған Кандата қарқылдай айғай салды:
    – Құтылдым! Құтылдым!
    Бірақ аяқ астынан басқа да күнәһарлардың өрмек бойымен құмырсқаша тізіліп, мұның артынан өрмелеп келе жатқанын көрді.
    Бұл көріністен соң Кандатаның қорқыныш пен таңданыстан аузы ашылып, көзі алақ-жұлақ ете қалды.
    “Мұны әрең ұстап тұрған жіп-жіңішке өрмекшінің жібі мұнша көп адамды қалай көтере алады? Егер өрмек үзіліп кетсе... сонша биіктікке шығып алған өзі де тозаққа қайта құламай ма?!”
    Ол осыны ішінен айтқанша болған жоқ, күнәһарлар топ-тобымен Қанды көлдің қараңғы түкпірлерінен бой көрсете бастады. Жүздеген, мыңдаған күнәһар жарық сәуледей жылтылдап тұрған өрмекпен жоғары қарай жылдамдата өрмелеп келеді. Өрмек үзіліп шыңырауға түсіп кетпей тұрғанда бірдеме істеу керек.
    Кандата бар даусымен айғай салды:
    – Ей, күнәһарлар! Бұл менің өрмегім! Мұнымен өрмелеуге кім рұқсат берді? Қане түсіңдер, тез. Төмен түсіңдер!
    Сол кезде не болғанын көрсеңіз!..
    Сонша уақыт бүтін және сап-сау тұрған өрмекшінің жібі Кандата ұстап тұрған жерінен шарт үзілді.
    Ол не болғанын бағамдап үлгермеді, шыркөбелек айналған күйі аяғы аспаннан келе, тас қараңғы түнекке ауаны ысқыра тіліп сорғалай жөнелді.
    Айсыз, жұлдызсыз тозақ аспанында тек қана өрмектің жіңішке сәуледей қысқа үзіндісі салбырап тұрды.
    Будда тұңғиық хауызының жанында тұрып, не болғанын бастан-аяқ түгел көрді. Кандата Қанды көлдің тереңіне тастай болып қайта батқан кезде Будда қайғылы жүзбен серуенін әрі жалғастырды.
    Кандатаның жүрегі біреуді аяуды білмеді, тек өз басын ғана тозақтан құтқаруды ойлады. Сол үшін тозақ иіріміне қайта оралды. Бұл көрініс Буддаға масқара да бейшара көрінді.
    Тұңғиық тоғанындағы лалагүлдер ештеңені де сезбегендей. Олардың ақықтай ашық тостағаншалары Будданың аяғында үнсіз тербетілді.
    Бәрі бұрынғыдай, лалагүлдердің алтын жүрекшелері маңайға тіл жетпес жұпар аңқытуда.
    Жұмақта мезгіл сәскеге жақындап еді.

Тәржімалаған Мәди АЛЖАНБАЙ.