ЖЕТІСУДЫҢ ЖҮЙРІГІ

Уақыты: 12.09.2022
Оқылды: 1233
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

     Өткен жылы бұқаралық ақпарат құралдары кеңістігінде өзінің есімін даралап, күллі қазақ еліне сүйіншілей жұмысын бастаған «Жетісу» радиосы ашылғанына аз уақыт өтсе де жоғары жетістікке жетіп үлгерді. Республикалық байқауда топ жарды.

         Жыл сайын ел көлемінде «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы дәстүрлі түрде өтіп келеді. Қазақ тілінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білген журналистер қауымы озық шыққан мақалалары мен эсселерін, әлеуметтік желіде жарияланған жазбаларын, ана тіліне қатысты бағдарламалары мен сюжеттерін осынау аламанға қосып, атын үкілеп келеді. Соның арқасында жыл сайын жаңа есімдер айшықталып, талантты азаматтар еңбегіне қарай марапатқа ие болып жүр.

         Жуырда өткен аталмыш байқаудың облыстық кезеңінде топ жарып, республикалық сынға жолдама алған Мұхит Тоқтасынның төл жобасы, «Жетісу» радиосының «Дидар ғайып» бағдарламасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі өткізген «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында  1 орын иегері атанды. Елордада өткен марапаттау салтанатында әріптесіміз бәйгесін алып, 500 мың теңгенің сертификатын қанжығасына байлап, Жетісу жеріне көтеріңкі көңіл-күймен оралды. Әріптесімізге, «Жетісу» радиосына ұлт үшін ілкімді іс істеп, ана тілінің жанашыры болып жүре беруге тілектестік білдіреміз.

 

         Өз ТІЛШІМІЗ