ОРМАНДЫ ҚОРҒАУ БОРЫШЫМЫЗ

Уақыты: 12.09.2022
Оқылды: 1705
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ақпаратына сүйенсек, бүгінде аймақтағы орман қоры 1,5 млн. гектарды құрайды. Оның ішінде орманмен көмкерілген аумақ 330,9 мың гектар. Бұл жерұйығы саналатын өлке үшін тым мақтанатын сан емес.

Десе де, осыншама алқаптағы орман қорын күзету, сақтау, өсіру, ресурстарын пайдалану және молықтыру жұмысын Алакөл, Жаркент, Бөрлітөбе, Жоңғар, Талдықорған, Үйгентас, Үштөбе сияқты 7 орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел қызмет» мекемесіндегі  467 қызметкер атқарады. Материалдық-техникалық базасы нормативтік көрсеткіштердің қамтамасыз ету нормасының 80 пайызынан асады.

Орман шаруашылығы мекемелері үшін кеспе ағаш қорын игеру – басты қызметтің бірі. Биыл 2137,2 текше метр кеспе ағаш қорын игеруді жоспарлап, бүгінде  909,9 текше метрі кесіліпті. Орманды қалпына келтіру жұмысы 2,3 мың гектарға жоспарланып көктемде 69,5 гектар 255,4 мың дана көшет пен екпелер отырғызылса, күзгі орман өсіру жұмысы аясында 138,0 гектар жерге 573,0 мың дана ағаш және 2100,0 гектар жерге 10500 келі қара сексеуіл тұқымы себілмек.

Орман мекемелерінде аумағы 94,25 гектарды құрайтын 12 орман көшетін өсіретін алаңда қылқан жапырақты тобындағы арша, Шренка шыршасы, көгілдір шырша, Сібір шыршасы, Еуропа шыршасы, жай шырша, Қырым қарағайы, жай қарағай, бозарша, жапырақты тобындағы терек, қайың, шаған, емен, тал, үйеңкі, шегіршін, жиде, жөке, талшын, бұталы тобындағы қара сексеуіл, катальпа, сирень, аморфа, алча, айлант, долана, сумах,   грек жаңғағы, Сиверс алма ағашы, жеміс алма сорттары, алмұрт, шие, қарақат, таңқурай сияқты миллион түптен артық көшет өсіріледі. Ол орман қорының аумағын, елді мекендерді, саябақтар мен скверлерді, жасыл аймақтарды көгалдандыру үшін пайдаланылады.

       Әрине, бұл бағыттағы жұмыста мін жоқ. Осы байлықты өрттен, дауылдан аман сақтап, қауіпсіздігіне көңіл бөлу ең басты мәселе. Биыл осы мақсатта  376 рейд жүргізіліпті. Шара аясында 1 заңсыз сүрек кесу анықталса, заңсыздыққа жол берген 28 іске хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салыныпты. Бұл адам қолымен жасалған заңсыздықтар. Ал тілсіз жаудың төндіретін қатері салмақты болатыны анық. Жұрттың жағасын ұстатқан Қостанай облысындағы жағдай осыны көрсетті.

Сондықтан аймақта орманды өрттен қорғау үшін мекемелер 28 шақырым минералдық жолақты жаңадан жасапты. Өрт қауіпсіздігін, орман заңдылығын бұзушылықтың алдың алу тақырыбында 223 дана аншлаг, панно, билборд тиісті орнына ілінді. Орман қоры жеріне шекаралас орналасқан шаруа қожалықтары субъектілеріне үгіт-насихат жұмысы жүргізіліп, ескерту мен міндеттеме беріліпті. Семинар, лекция, әңгімелер өткізіліп, бұқаралық ақпараттары арқылы түсіндіру жұмысы жалғасуда.

«Апат айтып келмейді» дегендей, осындай тыңғылықты жұмыс істеліп жатса да, биыл 7 орман өрті тіркеліп, орманмен көмкерілген және орманды емес  741,0 гектар алқап жанып кеткен. Алайда, жұрт жағасын ұстайтындай үрейлі жағдай орын алмапты. Тексеріс нәтижесінде, кейбір орман өртіне алажаздай дала кезетін туристердің жауапсыздығы да себеп болады. Әрине, орманшылар орманды өңірге сапар шеккен әрбір адамның артынан салпақтап еріп жүре алмайтыны анық. Сондықтан әр адам табиғат байлығын қорғауды азаматтық жауапкершілігім деп сезіну керек. Сонда ғана алапат апаттар орын алмайды.

Қажет АНДАС,
Жетісу облысы