Инвестициялық түсім артты

Уақыты: 13.09.2022
Оқылды: 1301
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Премьер-Министрі  Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында  негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша нысаналы индикаторларды орындау қарқыны, сондай-ақ, басқа да бірқатар мәселе қаралды. Жиынға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев және орынбасарлары мен облыстық мекеме басшылары онлайн режимде қатысты.

Отырыста баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі  6,9 трлн. теңгені құрағанын хабарлады. Оның айтуынша, жылжымайтын мүлікпен операциялар, тау-кен өнеркәсібі және мұнай өндіру, көлік және қоймалау, ауыл, орман және балық шаруашылығы, энергетика және өңдеу өнеркәсібі сияқты салалар бойынша айтарлықтай өсім байқалған. Десе де Үкімет басшысы инвестиция бойынша жақсы көрсеткіштер  болғанымен, кейбір облыстың белгіленген жоспарды орындай алмағанын да назарға салды. Бұл тізімнен Жетісу облысы көрінген жоқ. Демек, жаңадан бөлінген облыс болса да жетісулықтардың инвестиция тарту бойынша қарқынды жұмыс атқарып жатқаны байқалды. Премьер-Министр алдағы уақытта бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Өз кезегінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров биылғы жылы инвестиция тартылған елдерді атап өтті. Сол қатарда алғашқы ондыққа Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Бельгия, Ұлыбритания, Франция және Түркия елдері кірген. Аталған елдердің инвесторлары аймағымызда болып, бірқатар келісімдер жүргізілгені белгілі.  Оның нәтижесі алдағы уақытта іске аса бастайды деген сенімдеміз. 
Сонымен қатар, жиында шетелдік компанияларды Қазақ-  станға көшіру жұмыстарының жүргізіліп жатқаны да айтылды. Олардың ішінде Honeywell, Skoda, Youngsan, EMAG, Carlsberg, Fortescue, тағы да басқа компаниялар бар. Ал Canon, Philips, Kronospan, GE Healthcare, Alstom, Haier компанияларымен алдын ала келіссөздер басталған. Аталған компаниялар да Жетісу облысынан өз жұмысын бастауға ниет танытатынына сенім мол.  
Отырысты қорытындылаған Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктер барлық жоспарланған инвестициялық жобаны іске қосу бойынша түбегейлі шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті.  

Қажет АНДАС,
Жетісу облысы