ШЕКАРАШЫНЫҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ

Уақыты: 09.01.2023
Оқылды: 1319
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекеттік шекараны тәулік бойы қорғап, елдің тыныштығын күзететін шекарашыларға көмек көрсету – абыройлы істің бірі. Өйткені елге қызмет ету және қорғау – әр азаматтың Отан алдындағы борышы әрі міндеті.

Ел шебінің берік болуы үшін әркім өзі тұратын ауыл-аймақта мемлекеттік шекара бұзу белгісін немесе күдікті адам мен техниканы байқаған жағдайда шекара бөлімі мен бөлімшелеріне, жергілікті әкімдік пен құзырлы органдарға хабарлауы тиіс. Сол арқылы шекара бұзу әрекетінің алдын алуға болады.
Осы ретте жергілікті тұрғындардан құрылған «Ерікті жасақ» мүшелерінің көмегі орасан зор екені жөнінде ой қорытқан Панфилов аудандық шекара басқармасының қызметкері, аға лейтенант Дидар Жақыпов:
– Егер ерікті жасақ мүшелері уақытылы жеткізген ақпарат нақты әрі сенімді болса және белгілі бір нәтиже берсе мәлімет беруші жоғарғы басшылық тарапынан марапатқа ие болады. Жалпы, шекара шебіндегі өңірлерде ерікті жасақтардың көмегімен көптеген қылмыскердің жолы кесілді. Бір сөзбен айтқанда «Ерікті жасақ» шекарашылардың сенімді серігіне айналады, – деп тұрғындардың белсенділігіне жоғары баға берді.
Осыған орай, Панфилов аудандық шекара басқармасының бастығы арнайы бұйрықпен басқарманың саптық алаңында ерікті жасақтардың атқарған адал қызметі мен мемлекеттік шекараны күзетуге қосқан үлесі үшін бір топ еріктіні мадақтамамен және Алғыс хатпен марапаттады. Солардың қатарында Нариман Кибиров, Хамиза Еспембетов есімді тұрғындарға «Үздік ерікті жасақшы» атағы мен бағалы сыйлық берілді.
Ел қорғау ісіне шекарашылармен бірге тұрғындардың атсалысуы – Отан қорғаудың нағыз үлгісі. Ортақ іске бірге жұмылғанда елдің тыныштығына ешқандай қауіптің төнбесі анық.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы