ТОСЫННАН ҚАУІП ТӨНБЕСІН

Уақыты: 12.02.2023
Оқылды: 734
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен жылы Талдықорғанда көмірқышқыл газбен уланудың 12 жағдайы тіркелді.

Жылыту пештерінің істен шығуы және қауіпсіздік шараларының сақталмауы салдарынан облыс орталығының 4 тұрғыны былтыр көміртегі тотығынан уланып қайтыс болды. Биылғы жыл басынан бері 1 жағдай тіркелді. Соның салдарынан 2 адам зардап шегіп, 1 адам қаза тапты. Осыған байланысты, Талдықорған қаласы төтенше жағдайлар басқармасының инженері Жан Орысбай облыс орталығының тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызды екенін ескертеді.

Көміртегі тотығы көбіне «үнсіз ажал» деп аталады. Оның түсі де, дәмі де, иісі де жоқ. Бұл жағдайда ол өте тез таралады, улы қасиетін жоғалтпай ауамен араласады. Тыныс алу кезінде ағзаға еніп, көміртегі тотығы өкпеден қан айналымы жүйесіне барып, гемоглобинмен байланысады. Нәтижесінде қан тіндерге оттегіні тасымалдау және жеткізу қабілетін жоғалтады.

– Көміртегі тотығымен улануды болдырмау үшін қажетті шараларды қолданып, қауіптің алдын алған жөн. Яғни, жылыту пештерінің түтін шығатын құбырлары мен мұржаларын үнемі күйеден тазарту керек», – дейді Жан Орысбай.

2022–2023 жыл жылыту маусымы кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарының 1 242 үйінде көміртегі тотығы датчиктері орнатылған. Қауіп төнген жағдайда сенсор қатты сигнал береді және иелеріне ескертеді.

Айгүл Байбосынова
Талдықорған қаласы