ҚҰСБЕГІЛЕР АРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТ ӨТТІ

Уақыты: 13.02.2023
Оқылды: 568
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ескелді ауданына қарасты Жетісу ауылының жан-жағы қысы-жазы спорттық шаралар өткізуге өте ыңғайлы. Сол себепті болар, Қазақстан құсбегілер федерациясының жауапты мамандары саясатшылық жарысын өткізуге осы жерді таңдапты. Ауылдың іргесі жарыстың қолайлы өтуіне арнайы дайындалған. Бұл істе Жетісу облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандарының еңбектері ерен. Құсбегілердің жыл сайынғы жауапты жарыстары Алматы облысының Нарынқол өңірінде өтетін. Жетісу облысы шаңырақ көтергеннен кейін, жарыс бірінші рет жаңа облыс көлемінде тұңғыш рет өткізілді. Табиғаты көркем өңірде, осы күндері ауа райы да тамаша болды.

Жастар арасындағы құсбегілердің ХІV республикалық чемпионатына  Алматы, Түркістан, Абай,  Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары мен қатар Астана және Алматы қаласының спортшылары қатысты. Бірден айтайық, жарыстың салтанатты ашылуында мамандар мен қонақтар ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді. Жетісу облыстық дене-шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Алмат Үшкемпіров спортшылар мен олардың тәлімгерлеріне сәттілік тіледі.Сонымен екі күнге созылған жарыста ең үздік көрсеткіштерге ие болған жеңімпаздар арнайы жүлделерге ие болды. 

Бүркітшілер арасында Атырау облысынан келген Иманғали Абдыкәрімұлы "чемпион" атанды.

Қаршыға салуда Алматы облысының өкілі Сейітжан Бексұлтан үздік атанды.

 Ителгі салудан Түркістан облысынан келген Мүсәлім Салманға тең келер құсбегі болған жоқ.

Түркістан облысының құсбегілері 1 алтын, 1 күміс, 2  қола медальға ие болды.Атырау және Алматы облысының өкілдері бір-бірден алтын медальді жеңіп алды.

Алуа ОСПАНЖАН