СУРЕТ САЛУ – АУА ЖҰТУМЕН ТЕҢ

Уақыты: 18.02.2023
Оқылды: 1940
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Фатима Нөкен – жас суретші. Болашағынан мол үміт күттіретін қылқалам шеберінің әр суреті көп арасында жоғары бағаланып, жақсы пікірге ие. Республикалық, халықаралық байқауларда да алдыңғы қатардан көрініп, әр салған суретінен терең ой, үлкен мағынаны аңғартады.

Фатима қолына қылқаламды қашан алғаны есінде жоқ. Соданда болар, кейіпкеріміз сурет салуға не итермелейтінін нақты білмейді, тек жаны қалайды, рахаттанады. Сурет салу ол үшін ауа жұтумен тең, онсыз өзін жоғалтып алатындай. Ойындағысын сурет арқылы жеткізіп, көрерменмен рухани байланыс оранатады. Фатима өзі шығармашылығын бір сөзбен «байланыс» деп атауы да содан болар. Ал әкесі мен анасы 2-3 жасынан бастап суретпен әуестенгенін айтады. Әкесі қызының салған әр суретін қадағалап, одан кейін оны жинап отырған. Кейіпкеріміз ең алғаш зообаққа барғаннан кейін сурет салған. Онда қоян мен жылан бейнеленген. Фатиманың өзі бір қарағаннан оны аңғару қиын екенін, белгілі бір бұрыштан көргенде ғана ұғуға болатынын айтады.  
Бейнелеу өнерінде жанр таңдау да ерекше рөл атқарады. Ал Фатима үшін өнер атаулының бәрі жанына жақын. Бала кезінде пейзаж, анималистік және натюрморт жанрларында көп сурет салса, бүгінде портрет салуға қызығушылығы оянып, соған кірісіп кеткен. Отандық суретшілерден Әйгерім Кәрібаева, Динара Қадырова, Айнаш Қасенова сынды жандардың еңбегін бағалап, соларға қарап бой түзеп, салғандарынан ерекше шабыт алады. Олардың ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып, заманауи талапқа сай ұштастырғанын бағалайды.
Еңбексүйгіштік, төзімді болу суретші үшін маңызды. Одан бөлек автор үшін сыни ойлап, қабылдай білу де керек. Бүгін салған суретке ертең тың көзқараспен өзгеріс енгізіп, жаңартып отыру қажет. Суретшінің міндеті – ақ қағаздың бетіне пішіндер мен түстер, символдар арқылы үйлесімді композиция құрап, идеясын ерекше жеткізу. Ол адамның ұшқыр ойын талап етеді. Бұл суретші қыздың басты ұстанымы. 

Серік ҚАНТАЙ