СУ ТАСҚЫНЫ ҚАУПІ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 02.03.2023
Оқылды: 1105
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығы мәселелері қаралды. 

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин оңтүстік аймақтарда  қардың  ери бастауына санаулы күн қалғанын айтты. Сол себепті қазір барлық күш-жігер алдын алу шаралары мен су тасқынына дайындыққа бағытталған. Ол  өз сөзінде  соңғы екі айда 15 шақырым уақытша бөгет салынғанын айтты.

 Одан бөлек 5 мың шақырымға жуық каналдар мен арықтар, автомобиль жолдары және теміржолдардағы  8,5 мыңнан астам су өткізу құрылысы тазартылған. Су басу аймағында 255 елді мекен болуы мүмкін. Премьер-Министр  биыл қардың көп болуына және жер бетінің қатып қалуына байланысты су тасу қаупі жоғары екенін айтты.  

«Бүгінгі таңда елді мекендерден 11 млн. текше метрден астам қар шығарылды. Алайда бұл жұмыс барлық өңірде тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Өңір әкімдері қар шығару жұмысын күшейту қажет»,– деді ол.  

Премьер-Министрдің айтуынша, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі ерекше алаңдаушылық тудырады. Экология министрлігі тек республикалық құрылыстардың ғана жөндеу жұмыстарын ескереді. Коммуналдық және жеке су қоймалары, бөгеттер көптеген жылдан бері назардан тыс қалып келген.

Әлихан Смайылов Экология министрлігі аймақ әкімдерімен бірлесіп, қараусыз қалған нысандардың меншік иелерін анықтап, әрі коммуналдық және жекеменшік гидротехникалық құрылыстарды жөндеу іс-шараларын әзірлеу керек екенін айтты. Су қоймаларының сиымдылығы анықталып, қажеттілік туындаған жағдайда су қоймасынан суды уақытылы әрі қауіпсіз ағызу іс-шараларын қабылдау керектігі назарға салынды.
 

Гүлжан ТҰРСЫН
Сурет ғаламтордан алынды